Алматы облысында биік тауға шыққан Германия азаматтары құтқарылды. Туристердің бірі қолын жарақаттап, өздігінен төмен түсе алмаған, деп жазады El.kz интернет порталы.
Оқиға Қарасай ауданындағы Сәтбаев шыңында болған. Тауға көтерілген Германия азаматтарынан құралған туристік топ құтқарушылардан көмек сұраған.
Құтқару жұмыстарына ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару қызметінің, Алматы қаласы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.
Құтқарушылар тікұшақпен биік таулы аймаққа жетіп, одан әрі жаяу жүріп зардап шеккен туристке барған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, әуе кемесі қона алатын жерге дейін жеткізілді.
Кейін жарақат алған Германия азаматы тікұшақпен эвакуацияланып, №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Ол жерде турист дәрігерлерге тапсырылып, тиісті медициналық тексеруден және ем қабылдаудан өтті.