Жаңалықтар

Алматы облысында 10-сынып оқушысы 6 баланы көлікпен қағып кетті

Алматы облысында 10-сынып оқушысы 6 баланы көлікпен қағып кетті
Фото: El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 22.09.2023 15:22 536

Алматы облысында көлікке заңсыз отырған жасөспірім 10-сынып оқитын бір топ қызды қатты жылдамдықпен келіп қағып кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленовтің мәліметінше, оқиға 21 қыркүйекте сағат 18:41-де Райымбек ауданы Нарынқол ауылында болған.

Полиция бөліміне 15 жастағы кәмелетке толмаған баланың «Subaru» маркалы көлігінде келе жатып рөлді басқара алмай, тротуарға шығып кеткені, артынша бір топ жаяу жүргіншіні қаққаны туралы ақпарат келіп түсті. Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан 2008 жылғы алты кәмелетке толмаған бала зардап шекті, олардың бесеуі әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді.

Қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындаумен тергеу әрекеттері жүргізілуде. Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Кәмелетке толмаған жасөспірім өзінің ағасының көлігін ескертпестен дүкенге айдап шыққан. Оқиғаның тергеу барысы менің бақылауыма алынды, - деді Б. Әленов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға