Жаңалықтар

Алматы облысы бойынша медициналық ұйымдарға 30 млн теңгеге айыппұл салынды

Алматы облысы бойынша медициналық ұйымдарға 30 млн теңгеге айыппұл салынды
Фото: Ашық дереккөзден 17.10.2023 21:51 562

Алматы облысында жыл басынан бері тексерілген 61 медициналық ұйымда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, медициналық ұйымдарда жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды орындамаған. Сондай-ақ, дезинфекциялау-стерилдеу режимінің сақталмауы анықталды.

Микробиологиялық зерттеуге 2300 шайынды алынды. Тексеру нәтижиесі бойынша ішек таяқшасы тобының бактериялары мен стафилококтар анықталды. Медициналық мақсаттағы бұйымдардың стерильділігін бақылау мақсатында 500-ден астам шайынды тексерілді, оның 4-і оң нәтиже көрсетті. Зерттелген 370 ауа сынамасының 17- нен оң нәтиже шықты, бұл ауаны зарарсыздандыруға қойылатын талаптардың сақталмауын растайды, - деп атап өтті облыстық департаменттен.

Анықталған бұзушылықтар бойынша жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 25 млн 892 мың 250 теңге айыппұл салынды, 27 субъектіге бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді, 2 материал сотқа жіберілді, 3 медициналық қызметкер жұмыстан шеттетілді.

Жүргізілген тексерулер нәтижесінде Алматы облысында есепте тұрған 1007 медициналық ұйымның арасында күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететін 54 денсаулық сақтау объектісі (5,4%) анықталды. Оның ішінде ауылдардағы 35 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысан 2023-2024 жылдары құрылыс және күрделі жөндеу жүргізу үшін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына енгізілді, - деп атап департамент өкілдері. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға