Алматы мен Астана әлемдегі үздік 300 қаланың қатарына кірді

Алматы мен Астана әлемдегі үздік 300 қаланың қатарына кірді
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазақстанның қос қаласы Global Cities Index 2026 рейтингінің үздік үш жүздігіне еніп, ТМД-ның көптеген қаласынан озып кетті. 

Алматы мен Астана Oxford Economics халықаралық зерттеу ұйымы жасайтын Global Cities Index 2026 рейтингі бойынша әлемнің үздік 300 қаласының қатарына енді. 1000 қаланы қамтыған тізімде Алматы 265-орынға, ал Астана 281-орынға жайғасты. Осылайша, Қазақстанның екі мегаполисі Орталық Азия қалалары арасында көш бастап, посткеңестік кеңістіктегі бірқатар ірі қаладан жоғары нәтиже көрсетті.

Алматы мен Астанадан кейін Тбилиси 287-орынға, Киев 304-орынға, Мәскеу 313-орынға, Баку 323-орынға, Санкт-Петербург 454-орынға, ал Бішкек 461-орынға орналасты.

Алматы мен Астана адами капитал көрсеткіші бойынша одан да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Алматы әлем бойынша 66-орынға, ал Астана 98-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық мегаполистер Анкара, Варшава, Прага, Таллин, Мәскеу және басқа да ірі қалалардан жоғары тұр.

Осылайша, Қазақстанның екі ірі қаласы заманауи мегаполистің даму деңгейін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі бойынша әлемнің үздік 100 қаласының қатарына кірді.

Адами капитал дегеніміз – қалада тұратын, білім алатын және еңбек ететін адамдардың әлеуеті. Оған тұрғындардың білім деңгейі, білікті мамандардың болуы, жұмыс күшінің сапасы, сондай-ақ қаланың талантты кадрларды тарту және дамыту мүмкіндігі жатады.

Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан қалаларының нәтижесі ерекше назар аудартады. Яғни Алматы мен Астананың даму әлеуеті тек инфрақұрылымға, инвестиция көлеміне немесе экономика ауқымына ғана емес, ең алдымен адам капиталына байланысты екенін көрсетеді.

Экономикалық көрсеткіш бойынша Астана Алматыдан жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстанның елордасы бұл санатта 264-орында, ал Алматы 288-орында тұр.

Oxford Economics рейтингі экономика мен адами капиталдан бөлек, өмір сүру сапасын, қоршаған ортаның жағдайын және басқару тиімділігін де ескереді. Осы бес бағыттағы көрсеткіштер негізінде қалалардың жалпы рейтингі қалыптастырылады.

Әлемдік рейтингтің алғашқы үштігіне екінші жыл қатарынан Нью-Йорк, Лондон және Париж кірді.

Қазақстан үшін рейтингтің басты нәтижелерінің бірі – Алматы мен Астананың әлемдегі 1000 қаланың арасында алғашқы үштен біріне енуі, Орталық Азия қалалары арасында жоғары орындарға жайғасуы және адами капитал көрсеткіші бойынша әлемнің үздік жүздігіне кіруі.

Бұл көрсеткіш қалалардың болашағын бағалауда маңызды факторлардың бірі саналады. Өйткені қазіргі заманғы қаланың бәсекеге қабілеттілігі ғимараттар, жолдар немесе экономиканың көлемімен ғана өлшенбейді. Қала үшін білімді, білікті және кәсіби мамандардың сол жерде өмір сүріп, жұмыс істеуді таңдауы да маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, Алматы мен Астананың адами капитал көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетуі Қазақстанның екі мегаполисінің дамуындағы маңызды факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Оқи отырыңыз