Жаңалықтар

Алматы көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтті

Жеті учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде
Алматы көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтті
Фото: ҚР ТЖМ 05.02.2023 12:10 897

Алматылық құтқарушылар көктемгі су тасқынына дайындық үстінде. Барлық техника, жеке құрам ықтимал су тасқыны кезіндегі жедел жұмысқа дайын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Құтқарушылар ауа райының тосын мінезін ескеріп, «Қазгидромет» метеорологтарымен және «Казселденқорғау» мамандарымен үнемі байланыста.

Бүгінгі таңда 62 мекенжайда канал желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары аяқталды, бұл 49 учаскедегі қауіп-қатерді жоюға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 7 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, олар осы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқталады.

 «Су тасқынына қарсы 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» республикалық жол картасы бойынша Алматыда 4 іс-шара қарастырылған. Бүгінгі күні Кіші Алматы, Тіксай, Есентай және Жарбұлақ өзендері арналарының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда аудан әкімдіктері арықтар мен өзен арналарын қар мен мұздан тазарту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Арық жүйесінің жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асады. Бүгінгі таңда 460 шақырымнан астам жер тазартылды.

2023 жылғы су тасқыны кезеңінде Алматы қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен Алматы қаласының азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының жалпы саны 1609 адам бар, әртүрлі мақсаттағы 618 бірлік техника, 85 мотопомпа, сонымен қатар 99 бірлік автономды электр станциялары бар.

Азаматтық қорғау қызметтері 13 700 қап пен 590 тонна инертті материал дайындады. Наурыз айында қалада «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді, осы оқу-жаттығулар аясында қаланың өзендер мен арна жүйелерін қар мен қоқыстан тазарту бойынша қосымша жұмыстар жүргізілмек. Жалпы, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басқарманың ерекше бақылауында.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға дауылды ескертулер, ауа райы болжамы, таудағы қар көшкінін алдын алу ақпараттарды дер кезінде алу үшін «Дәрмен» мобильді қосымшасын пайдалануға кеңес береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға