Қазақстанда 20 тамыздан бастап ұялы байланыс операторларына қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Өзгерістер тарифтердің қымбаттауы туралы алдын ала хабарлаудан бастап, мемлекеттік қосымшаларға тегін қолжетімділік пен абоненттерді биометриялық сәйкестендіруге дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.
Тариф қымбаттаса, екі ай бұрын ескертуге міндетті
Жаңа талап бойынша ұялы байланыс операторлары тариф құнының көтерілетіні туралы абоненттерге кемінде екі ай бұрын хабарлауға міндетті.
Бағаның өзгеретіні туралы ақпарат абоненттерге SMS арқылы жіберіліп, операторлардың интернет-ресурстарында да алдын ала жариялануы тиіс. Осылайша, абонент тарифтің жаңа шарттарымен келісу немесе басқа оператордың ұсыныстарын қарастыру үшін жеткілікті уақыт алады.
Мемлекеттік қосымшалар интернетсіз де қолжетімді болады
Тағы бір маңызды өзгеріс – әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшаларға тәулік бойы тегін қолжетімділік беру.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің байланыс саласындағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Айнұр Бисенбаеваның айтуынша, қазір мұндай қосымшалардың нақты тізімін бекітетін заңға тәуелді акт әзірленіп жатыр.
Алдын ала тізімге eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu қосымшалары енгізілген. Яғни бұл сервистерді пайдалану кезінде мобильді интернет трафигі үшін ақы алынбайды.
Смартфондарды сату тәртібі өзгереді
20 тамыздан бастап мобильді құрылғыларды тексеруге қатысты талаптар да күшейтіледі. Енді сатушылар смартфондарды сатып алушыға өткізбес бұрын олардың верификациядан өткенін тексеруге міндетті.
Бұл талап ел аумағында заңсыз әкелінген немесе сәйкестендірілмеген құрылғылардың айналымын шектеуге бағытталған.
SIM-карта алу үшін биометрия қажет
Өзгерістер абоненттерді тіркеу тәртібіне де қатысты. Енді ұялы байланыс операторымен келісімшарт жасау үшін абонент биометриялық аутентификациядан өтуі керек.
Жаңа талап абоненттің жеке басын нақты сәйкестендіруге және бөтен адамның деректерін пайдаланып SIM-карта рәсімдеу жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Сарапшылар тарифтердің көтерілуі туралы екі ай бұрын ескерту талабын тұтынушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік беретін маңызды өзгеріс деп бағалайды. Сонымен бірге байланыс сапасына қатысты мәселе әлі де өзекті. Мамандардың пікірінше, нарықтағы бәсекені күшейту операторларды қызмет сапасын жақсартуға және тарифтерді негізсіз жиі көтермеуге ынталандыруы мүмкін.
Бұған дейін смартфон сатып алмас бұрын IMEI кодын тексеру туралы жазған едік.