Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында Трамп бастамасымен жасалған суперинтеллект туралы келісімнің жаһандық деңгейде үлгі бола алатынын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіні дамыту кезінде инновация мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.
«Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» Бас директоры Әлия Оспанованың пікірінше, аталған бастаманың маңызы – жасанды интеллект қауіпсіздігін тек жекелеген компаниялардың немесе мемлекеттердің мәселесі емес, ортақ жауапкершілік ретінде қарастыруында.
Менің ойымша, бұл бастаманың негізгі маңызы – жасанды интеллект қауіпсіздігін мемлекеттер мен технологиялық компаниялардың ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыруында. 29 қыркүйекте АҚШ-та жетекші технологиялық компаниялар қол қойған келісім әзірге ерікті сипатта. Онда ішкі қауіпсіздік бақылауын күшейту, тәуелсіз сыртқы бағалау жүргізу және туындауы мүмкін тәуекелдер үшін компания басшылығы деңгейінде жауапкершілік орнату сияқты маңызды қағидалар көзделген, – деді Әлия Оспанова.
Сарапшы бұл келісімнің әзірге міндетті халықаралық норма болып саналмайтынын атап өтті. Дегенмен оның маңызын ірі технологиялық компаниялардың AI қауіпсіздігіне қатысты ортақ қағидаттарды қалыптастыруға ұмтылуынан көруге болады.
Бұл әзірге міндетті халықаралық норма емес. Бірақ маңыздысы – ірі технологиялық компаниялардың ортақ қауіпсіздік қағидаттары төңірегінде келісуге талпынысы. Жасанды интеллект ұлттық шекарамен шектелмейді. Сондықтан жоғары тәуекелді AI-жүйелерді бағалау, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау және жауапкершілік мәселелері бойынша халықаралық деңгейде ортақ тәсілдер қажет, – деді ол.
Әлия Оспанова халықаралық деңгейдегі реттеудің мақсаты жасанды интеллектінің дамуын шектеу болмауы керек деп санайды. Оның пікірінше, технологияның даму қарқынына сәйкес тәуекелдерді бағалау және жауапкершілік тетіктерін қалыптастыру маңызды.
Мұндағы негізгі қағида – инновацияны тоқтату емес, тәуекел деңгейіне сәйкес бақылау мен жауапкершілікті күшейту. Сондықтан бұл келісімнің құндылығы оның дайын жаһандық ереже болуында емес. Ең маңыздысы – оның болашақ халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қалыптастыруға негіз бола алуында, – деді «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» Бас директоры.
Қазақстан AI-ды қай бағытта дамытуы керек?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында Қазақстанда жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, медицина, энергетика, қаржы және басқа да салаларға кеңінен енгізу қажеттігін де атап өтті.
Әлия Оспанованың айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға қажетті бастапқы база қалыптасып келеді. Алайда ендігі кезеңде бар инфрақұрылым мен технологияларды нақты экономикалық және мемлекеттік міндеттерді шешуге бағыттау маңызды.
Қазақстанда жасанды интеллектіні кеңінен енгізу үшін бастапқы база қалыптасып келеді. Бізде Жасанды интеллект туралы заң, ұлттық AI-платформа, суперкомпьютерлік инфрақұрылым және ұлттық тілдік модельдер бар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты экономикалық және мемлекеттік міндеттерді шешуге бағыттау. Яғни AI-ды енгізудің өзі мақсат болмауы керек, ең бастысы – оның нақты қандай мәселені шешіп, қандай нәтиже беріп отырғанын бағалау, – деді сарапшы.
Ол Қазақстан үшін үш негізгі бағытқа басымдық берудің маңызды екенін атап өтті. Біріншісі – сапалы әрі қауіпсіз деректер қалыптастыру.
AI сапасы деректердің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік және салалық деректерді стандарттау, оларды өзара байланыстыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Егер біз сапалы деректер қорын қалыптастыра алсақ, бұл жасанды интеллектіні мемлекеттік басқарудан бастап әлеуметтік және экономикалық салаларға дейін тиімді енгізудің негізгі алғышарты болады, – деді Әлия Оспанова.
Екінші бағыт – жасанды интеллектіні нақты салалық міндеттерге пайдалану. Мәселен, медицинада AI дәрігерге шешім қабылдауға көмектесетін аналитикалық құрал ретінде қолданылуы мүмкін. Энергетика саласында болжам жасауға, қаржыда тәуекелдерді анықтауға, ал мемлекеттік басқаруда үлкен көлемдегі деректерді талдап, шешім қабылдауға қажетті ақпаратты жедел дайындауға мүмкіндік береді.
Бұл жерде AI енгізудің өзі нәтиже болып саналмауы керек. Әр жобаның нақты тиімділігі өлшенуі қажет: уақыт үнемделді ме, қателер азайды ма, қызмет сапасы жақсарды ма? Біз кез келген технологиялық жобаның нәтижесін нақты көрсеткіштер арқылы бағалауымыз керек. Сонда ғана жасанды интеллектіні енгізу формалды цифрландырудан нақты тиімділік беретін құралға айналады, – деді ол.
Үшінші басымдық – адам капиталы мен қауіпсіздік. Сарапшының айтуынша, Қазақстанға AI-жүйелерін әзірлейтін инженерлер ғана емес, оларды өз саласында дұрыс әрі тиімді қолдана алатын мамандар да қажет.
Бізге AI-жүйелерін құратын инженерлермен қатар, оларды өз саласында дұрыс қолдана алатын мамандар қажет. Ал жоғары тәуекелді салаларда адамның бақылауы, киберқауіпсіздік және жауапкершілік міндетті түрде сақталуы тиіс. Жасанды интеллект адамның орнын толық басатын құрал ретінде емес, адамның шешім қабылдау мүмкіндігін күшейтетін технология ретінде дамуы маңызды, – деді Әлия Оспанова.
Оның пікірінше, Қазақстан үшін AI саласындағы келесі кезеңнің негізгі өлшемі технологияның бар-жоғына емес, оның нақты тиімділігіне байланысты болуы керек.
Сондықтан келесі кезеңдегі басты сұрақ: «AI бар ма?» емес, «AI нақты қандай мәселені шешті және қандай нәтиже берді?» болуы тиіс. Дәл осы тәсіл жасанды интеллектіні пилоттық жобалардан нақты жұмыс құралына айналдырады, – деді ол.