Жаңалықтар

Әлішер Рахат: Жазу үстеліне «халықтың аманатын арқалап» отырмаймын

Әлішер Рахат: Жазу үстеліне «халықтың аманатын арқалап» отырмаймын
Фото: коллаж El.kz 29.03.2024 17:00 648

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – соңғы кездері көптің көңілінен шығып жүрген, жас оқырмандар сүйіп оқитын «Махаббатым – constant», «Параллель» кітабының авторы, драматург, заманауи жазушы Әлішер Рахат. Ол Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев сынды елімізге еңбегі сіңген жазушылардан тәлім алған қаламгер. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Әлішер Рахаттың еңбегімен жақын танысып, шығармашылығы аясында аз-кем әңгіме өрбітіп қайтты.  

El.kz: Әлішер, сіздің бүгінде оқырмандардың жүрегінен орын тапқан заманауи жас жазушылардың бірі екеніңізді білеміз. Неліктен, осындай заманауи стилдегі әдебиеттерді жазу туралы шешім қабылдадыңыз?

Әлішер Рахат: «Заманауи тақырыптарды заманауи көзқараспен» дегеніміз дұрыс шығар. Себебі стиль уақыттан тыс. Неге олай шешім қабылдадыңыз десеңіз, солай істеу керек болды. Өйткені қазақ әдебиеті десе, оқырманның көз алдына XX ғасыр ғана, мүсіндер мен ескі суреттер ғана елестемеуі керек қой. Жалпы кеңестік кезеңге тән ескі нәрселерден арылатын уақытымыз келді деп ойлаймын. Жоғарыда солай істеу керек болды деп жалпылама айтқаным. Ал жазу үстеліне «халықтың аманатын арқалап» отырмаймын. Ол менің жеке амбициям, кәсібім, сүйікті жұмысым. Кез келген адам ешкімге ұқсағысы келмейді, дара болғысы келеді, өзгеше болуға ұмтылады. Дәл солай барлық өнер адамы да өз жолын қалыптастырғысы келеді. Менікі де сол кеп.

El.kz: Ең бірінші жазып, шығарған туындыңыз қандай? Бүгінге дейін неше кітабыңыз жарық көрді?

Әлішер Рахат: Ең алғаш оныншы сынып оқып жүргенде бір әңгіме жазып, сыныптастарыма оқытқаным есімде. Тақырыбы есімде қалмапты. Кейін «Кейуана» деген новеллам «Алтын босаға» деген газетке шыққанда қатты қуанған едім. Бірақ оның бәрі әуесқойлық еді. Кәсіби жолым «Махаббатым констант» романынан кейін басталды. Ал оған дейін мен бірнеше повесть, көптеген әңгіме жаздым, десе де оның бәрі мен үшін үлкен тәжірибе ретінде саналады. Яғни, оларды жарияламаймын. Өйткені сапасы нашар.

El.kz:  Алдағы мақсатыңыз қандай? Өз шығармаларыңызбен оқырманға не беруге, нені жеткізуге тырысасыз? 

Әлішер Рахат: Менің әзірге мақсатым – замандасыма қызық бола алатын көркем шығарма ұсыну. Кітап оқуға жетелейтін, адамды түсінуге, оның құқықтарын бұзбауға шақыратын материалдар ұсына білу. Әр шығармамда әр түрлі тақырыптарды қозғаймын, сондықтан жалпылама айту қиын.

El.kz: Туындыңызды жазғанда не нәрсеге басымдық бересіз?

Әлішер Рахат: Бәріне мән беремін. Әрбір сөзіне, әрбір сөйлеміне, әрбір теңеуіме, әрбір кейіпкерді суреттеуіме көңіл бөлемін. Оның мазмұнының ғылыми негізі болғанына, қарабайыр болмауына, публицистикамен шатаспауына, тілге жеңіл, ойға қонымды болуына... Ең алдымен нанымды болуына көбірек назар аударамын. 

El.kz: Сонда шабытты қайдан аласыз?

Әлішер Рахат: Көп сұхбатта осы сұрақты қояды. Мен кейде жалғыздықтан, кейде музыкадан деп айтамын. Шын мәнісінде әрқалай. Кейде бір адамның көзінен, бір ауыз сөзден, ұшқын ойдан, жауған қардан да шабыт аламын.

El.kz: Осы ретте оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие болған сіздің ең үздік романдарыңыздың бірі - «Махаббатым – Constant-ты» айтпай кетуге болмайды. Сіз бұл туындыны жазғанда халық арасында жақсы таралып, танымалдылыққа ие болады деп күттіңіз бе? 

Әлішер Рахат: Керісінше, мен көп күттім. Ол күткеніме әзірге жеткен жоқпын. Бірақ жастар, әсіресе студенттер осы романды жақсы көретіні рас.

El.kz: Бұл кітап сізге жазушы ретінде табыс әкеле алды ма?

Әлішер Рахат: Барлық шығармаларым маған табыс әкеледі. Әрине көп емес, бірақ бар, әйтеуір. Сол романнан жеті саннан тұратын табыс таптым.

El.kz: «Параллель» атты романыңыз жылдың үздік романына айналды. Бізге осы туындыңыз жайлы айтып берсеңіз. Басқа романдарға қарағанда несімен ерекшеленеді?

Әлішер Рахат: Ол «Махаббатым – constant» сияқты. «Параллель» де махаббат туралы. Бірақ бұл күрделірек. Бұл жерде махаббаттан бұрын, оның не екені, қарым-қатынаста қалай көрініс табатыны жайлы кеңірек жазылған. Біз айтып жүрген махаббат махаббат па? Жалғыздықтан қашу емес пе?

El.kz: Cіздің романдарыңызды шынайы оқиға желісіне негіздейсіз бе әлде қиялға ерік бере отырып жазып шығасыз ба? Бір кітапты жазуға шамамен қанша уақыт кетеді?

Әлішер Рахат: Әр кезде әрқалай, әрине. Деректі дүние болмағаннан кейін, бәрін өмірдегідей жазбайды ғой жазушы. Десе де, мен ешқашан өтірік дүние жазған емеспін. «Ертегімен» оқырманды алдаған кезім жоқ. Яғни, сендірмейтін, өмірден тым алыс шығармам жоқ.

El.kz: Елімізде кітаптың жазылуына, оқырмандарға таралуына кедергі болып отырған қандай мәселелер бар?

Әлішер Рахат: Кедергі болып отырған нәрсе қазір көңіл көтерудің түрі көп және адамдар үнемі соған мас болғысы келеді. Ойын-сауық, шопинг, сериал, фильм, ән, бейнебаян т.б. Соның бәрі кітап оқуға адамның зейінін ашқызбайды. Кедергілер солар. Бірақ оны ешкім тоқтата алмайды, тек көркем шығарма солармен қатар жарысуы керек.

El.kz: Қазақстанда жазушыларға жағдай жасалған ба? 

Әлішер Рахат: Қазақстанда жазушыларға жағдай жасалған ба деген сұрақты онша түсініңкіремеймін. Әрине, баспа саласында, кітап сату ісінде, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар жөнінде біраз әңгіме айтуға болады. Жалпы жүйеге келмегені жайлы... Бірақ мемлекет ешқашан тікелей авторға жағдай жасай алмайды. Кей кісілер сондай балаң ойларға ерік береді. Олардың ойынша, мемлекет ақшаны мұғалімдерге, тәртіп сақшыларына, әскерилерге, дәрігерлерге және жазушыларға деп бөлуі керек.

El.kz: Сіз бір сұхбатыңызда «91» тобы жайлы айтқан едіңіз. Оларды ән әлеміне әуен жағынан, ритм жағынан өзгешелік әкелді дедіңіз. Сіз де өзіңізді жазу әлеміне өзгешелік әкелген заманауи жазушылардың қатарынанмын деп санайсыз ба? 

Әлішер Рахат: Өзімді «новатор» санау да, санамау да ыңғайсыз сияқты. Бәрін уақыт көрсетеді деп ойлаймын. Иә, мен мұны пафоспен айтып отырмын.

El.kz: Бүгінде жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе ме әлде керісінше төмендеп бара ма?

Әлішер Рахат: Кинотеатрға, театрға, концерттерге соңғы кезде адамдардың көптеп келуі олардың рухани шөлдегенін білдіртсе керек. Әзірге кітап оқитын жастар көбейіп кетті, яки азайып кетті деп айта алмаймын. Негізі аз болған. Бірақ көбейетін шығар деген үмітіміз де жоқ емес. Алайда кейде сол өзіміз сенгіміз келгеннен ғана туындайтын үміт сияқты.

El.kz: Өзіңіз қандай кітаптарды оқығанды жақсы көресіз? Сүйікті, үлгі тұтатын жазушыларыңыз бар ма?

Әлішер Рахат: Көркем әдебиетті оқығанды жақсы көремін. Рахаттанып оқимын. Бірақ кейде ғылыми еңбектерді, нон-фикшн кітаптарды оқуға тура келеді. Ол – жұмыс. Бердібек Соқпақбаев пен Сайын Мұратбековты ерекше жақсы көремін.

El.kz: Қазіргі таңда тағы қандай шығармашылықпен айналысып жатырсыз?

Әлішер Рахат: Қазір пьеса жазып жүрмін. Осы жанрда жазылуы тиіс бірді-екілі идеяларым бар еді, соларды іске асыруға дайындалып жатырмын.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға