Алматыда грек-рим күресінен Қазақстан кубогы аяқталды. Ұлттық құрама сапынан алдағы халықаралық бәсекелерге қатысатын спортшылар іріктелді.
Дегенмен жарақат алған, сәуір айында Азия чемпионатына барған кейбір балуан турнирге қатыспады. Мысалы, 67 келі салмақта күресетін Мейіржан Шермаханбет жарақатына байланысты жарыстан шет қалды. Ал 72 келі салмақтағы Алматбек Амапнбек Азия чемпионатында топ жарған соң, осы кубоктан босатылды. Оған қоса, кей балуан өз салмағында күрескен жоқ. Мысалы, Ислам Евлоев 87 келіге ауысып, Қазақстан кубогының қола жүлдегері атанды. Салмақ ауыстыруды былай қойғанда, Әлішер Ерғали еркін күрестен грек-рим күресіне толықтай ауысты. Ол бұған дейін еркін күрестен екі мәрте Олимпиада ойындарына қатысып, бірнеше мәрте Азия чемпионатының жүлдегері атанған.
Иә, Әлішер Ерғали грек-рим күресіне ауысты. Қазір ол жігітті Хорватияда өтіп жатқан біріккен оқу-жаттығу жиынына жібердік. Сондай-ақ 130 келіде Олжас Сырлабай, 97 келіде Нұрасыл Аманалы және Юсуф Мациев оқу-жаттығу жиынына аттанды", - деді Ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы БАҚ-қа берген сұхбатында.
Сондай-ақ бапкер алда Азия ойындары мен әлем чемпионатына қатысатын құраманың іріктелу тәртібі туралы айтты. Оның айтуынша, алда бірнеше турнир өтеді. 15-30 мамыр аралығында Шымкентте оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. 6-16 маусымда қалпына келтіру жиыны жоспарда тұр. Шілдндн Түркия құрамасымен бірлескен жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Одан кейін Венгрияда төртінші рейтингтік турнир болады. Міне, сол жарыстың нәтижесінде Азия ойындарына баратын спортшылар анықталады. Ал Дортмундтағы турнирден кейін әлем чемпионатына қатысатын құрам жасақталады.
Естеріңізде болса, Әлішер Ерғали 2025 жылы желтоқсанда өткен Қазақстан чемпионатында грек-рим күресінен дебют жасады. Чемпионаттың финалына дейін жеткені тағы бар. Сонда федерация президенті Дәулет Тұрлыханов спортшының екі күрес түрінен де жарысқа қатыса беретінін, өйткені екі спорт түрінің стилі ұқсас екенін айтты.