Қазақстанда алимент мәселесі әлі де шешімін толық таппай келеді. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бүгінде алимент бойынша қарыз 18 млрд теңгеге жеткен. Бұл жай ғана статистика емес, артында жүз мыңдаған баланың тағдыры тұрған өзекті әлеуметтік мәселе.
Ресми деректерде алиментке мұқтаждардың үлесі 4% деп көрсетіледі. Алайда нақты сандарға шаққанда бұл – 300 мыңнан астам бала. Яғни осынша бала өзіне тиесілі қаражатты толық ала алмай отыр. Депутаттың сөзінше, бұл жағдай әсіресе жалғызбасты аналар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға ауыр тиеді. Осы мәселені шешу үшін Магеррамов алимент қорын құруды ұсынды. Оның пікірінше, мемлекет уақытша алиментті өзі төлеп, кейін бұл қаражатты борышкерден өндіріп алатын жүйе болуы тиіс.
Алимент өндіру мәселесі – әйелдер мен балаларға ауыр тиетін жүйелі әлеуметтік проблема. Біз балалардың мүддесін бірінші орынға қоюымыз керек, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, мұндай қорды салықтан тыс түсетін қаражат пен заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаржы есебінен қалыптастыруға болады. Айта кету керек, бұл бастама алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. 2024 жылы да ол алиментті үш айдан астам уақыт ала алмай жүрген балаларға мемлекет тарапынан төлем жасап, кейін оны борышкерден өндіріп алуды ұсынған. Ал Үкімет бұған дейін мұндай қор құруға сақтықпен қарап келген. Себебі «масылдық пиғыл қалыптасуы мүмкін» деген уәж айтылған. Алайда Магеррамов бұл пікірмен келіспейді.
Қор құрудан қорықпау керек. Керісінше, өз міндетінен жалтаратын ата-аналардың жауапкершіліктен қорықпауы алаңдатады, – деді депутат.
Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева да пікір білдірді. Ол алимент төлемейтіндер сотталуы керек дейді.
Бұл тек менің пікірім емес. Маған осы мәселе бойынша әйелдер де, ер азаматтар да жазады. Екі тараптың да сөзін тыңдай келе, осындай ойға келдім. Егер біз нақты, қатаң шешім қабылдамасақ, ештеңе өзгермейді. Соның салдарынан балаларымыз қамқорлықсыз қалуы мүмкін, – деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram