Қазақстанда алимент төлеушілер бұрынғы жұбайынан алимент қаражатын қайда жұмсағаны жөнінде есеп сұрай алады. Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді.
Мәжілісте атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер қаралып жатыр. Талқылау барысында депутаттар алимент төлеушілердің жиі көтеретін мәселесін ортаға салды. Олардың айтуынша, көптеген азамат бұрынғы жұбайының алимент қаражатын қайда жұмсағаны жөнінде есеп бермейтініне наразы.
Салдарынан, төленген қаражаттың шынымен баланың қажетіне жұмсалып жатқанын немесе өзге мақсаттарға кетіп жатқанын анықтау қиын.
Бекболат Молдабеков алимент қаражатының жұмсалуына қатысты есепті сот арқылы талап етуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
– Иә, бұл мәселе бізге белгілі. Қазірдің өзінде сот арқылы алимент қаражатының қалай жұмсалғаны жөнінде есеп сұратуға болады. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Дегенмен, бұл жерде алимент мөлшері маңызды рөл атқарады. Көп жағдайда алимент көлемі 100-150 мың теңге шамасында болады. Ал егер төлеушінің табысы 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетсе, онда есеп беру тетігін енгізу орынды болады. Қазір осындай механизмді әзірлеу үстіндеміз, – деді вице-министр.
Айта кетерлігі, бұған дейін алимент төлеушілердің 97 пайызы ер адамдар екені хабарланған болатын. Сонымен қатар, алимент бойынша берешегі бар азаматтар енді шетелге шыға алмайды. Бұл балалар алдындағы міндеттемелерден жалтарудың алдын алуға бағытталған.
Алиметтің мөлшері қалай бекітіледі?
Egov мәліметінше, егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алименттерді төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім құрастырылса, онда іс жүзінде төлем келісуге сай келуі керек. Егер алименттерді төлеу туралы келісім болмаса, онда Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алиментті ата-анасы сотпен төлетеді.
Алименттер ай сайын мынадай мөлшерде төленуі тиіс:
- бір балаға – ата-анасының еңбекақысынан және/немесе өзге табысының (1/4) төрттен бірі;
- екі балаға – ата-анасының еңбекақысының және/немесе өзге табысының үштен бірі (1/3);
- үш және одан да көп балаларға – ата-анасының еңбекақысының және/немесе өзге табысының жартысы (1/2);
- кейбір жағдайларда осы үлестер мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын және басқа балалар және өзге де назар аударатын жағдайларды ескерумен азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін;
- алимент төлеушінің жалақысынан ұстап қалудың жалғыз шектеуіші «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 95-бабы болып табылады, оған сәйкес борышкерде жалақысының немесе өзге де табысының 50% кем емесі сақталуы тиіс.