Жаңалықтар

Әлім Ибраев еліміздің әуе шебін қорғаушыларды құттықтады

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді
Әлім Ибраев еліміздің әуе шебін қорғаушыларды құттықтады
Фото: gov.kz 31.12.2022 22:20 914

Жаңа жыл қарсаңында Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ибраев мерзімді қызметтегі әскери қызметшілермен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ол тәуліктік нарядта және жауынгерлік бекетте кезекшілік атқаратындарды құттықтады. Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының атынан полковник Әлім Ибраев жауынгерлік қызметтің үздіктеріне бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етті. Бейнебайланыс арқылы ол сарбаздардың ата-аналарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ел қорғаушы азаматтар тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.

Отанның әуе шебі тәулік бойы қорғалады. Бұл біздің қызметіміз. Жаңа жыл – отбасылық мереке. Бүгінде отбасынан жырақта болса да сарбаздар ел үшін маңызды қызмет етіп жүргенін сезініп, назардан тыс қалмағанын ұғынғаны дұрыс. Мұның бәрі оларды әскери қызметті үйреніп, борышын үлгілі атқаруға ынталандырады, – деп атап өтті полковник Әлім Ибраев.

Мұндай іс-шараларды Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінде өткізу жақсы дәстүрге айналған.

Жаңа жыл қарсаңында бас қолбасшыдан сағат аламын деп ойлаған жоқпын. Бұл мені және әріптестерімді қатты қуантты. Мен өзімнің және жауынгер достарымның атынан барша қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаймын. Амандық пен ашық аспан тілеймін, – деді мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Александр Шефлер.

Жыл сайын Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелеріне Қазақстанның әр түкпірінен бір жарым мыңнан астам азамат шақырылады. Мұнда олар әскери техниканы игереді және офицерлер мен сержанттармен бірге тәуліктік нарядта және жауынгерлік бекеттерде қызмет атқарады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға