Әлихан Смайылов ШЫҰ елдерін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейнеконференцбайланыс режимінде өткен Шанхай Ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Өз сөзінде Әлихан Смайылов ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл ҚР Үкіметі жұмысының басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте ұйымның қызметін одан әрі жетілдіруді жалғастыру қажет.
«Қазіргі кезде сауда кедергілерін жоюға және техникалық регламенттерді жақындастыруға көп көңіл бөлуіміз керек. Осындай практикалық қадамдардың бірі – Самарқан саммитінде қабылданған 2023-2025 жылдарға арналған аймақішілік сауданы дамыту жоспары», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, пандемия мен басқа да сын-қатерлерге қарамастан, ШЫҰ кеңістігінде дамудың айтарлықтай жоғары динамикасы сақталып отыр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық өсу қарқыны 4-тен 9%-ға дейін ұлғайды, ал Қазақстан мен ШЫҰ елдері арасындағы жиынтық тауар айналымы 22%-ға өсіп, $51 млрд-ты құрады.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов өзара сауданы қосымша ынталандыру үшін ШЫҰ Банкаралық бірлестігінің мандаты шеңберінде ұйымға мүше мемлекеттердің банктері мен даму институттарын сауда мәмілелері мен экспорттық операцияларды қаржыландыруға тарту маңызды екенін атап өтті. Ал, бұған дейін инвестициялар мен жоғары технологияларды тарту қажеттілігі айтылған болатын.
«Осыған байланысты ШЫҰ Технопарктері мен инновациялық кластерлер пулын құру тұжырымдамасын іске асыруға жүйелі тұрғыдан қарауға шақырамыз. Сондай-ақ ірі инвестициялық қорларды біріктіретін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Инвесторлар қауымдастығын құруды ұсынамыз. Оның жұмысында бизнес-ақпаратпен және үздік тәжірибелермен алмасуға, экономиканың негізгі салаларында көпжақты жобаларды қалыптастыруға басымдық беріледі», — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үйлестірілген шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалана отырып, бұл іске үлес қосуға дайын. Мұнда маңызды қадам селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу болады. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, мемлекеттеріміздің ғылыми селекциялық орталықтарын кооперациялауға жол ашады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсер етеді», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр күш-жігерді біріктіріп, перспективасы бар көлік-транзит дәліздерін дамытуға шақырды.
«Ақтау портының» Үндістан – Парсы шығанағы елдері – Иран – Қазақстан – Ресей» бағытындағы торапқа айналуға әлеуеті зор. Қазіргі жағдайда Транскаспий көлік дәлізінің Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі рөлі де артып келеді. Осы бағыттың мүмкіндіктерін бірлесіп іске асыру жүктердің тұрақты көлемінің болуы мен үздіксіз тасымал көлемін қамтамасыз етеді», — деді ол.
Мәдени-гуманитарлық және экологиялық әріптестікті арттыруға тоқтала келе, Әлихан Смайылов өнер, дизайн, жарнама және басқа да креативті индустриялар салаларындағы жас таланттарды қолдау бойынша жетекші жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылдың пилоттық бағдарламасын әзірлеуді және ұйымның Экологиялық проблемаларының тізілімін қалыптастыруды ұсынды.
«Бүгінгі таңда географиясы кеңейіп келе жатқан ШЫҰ қарқынды дамып жатқан халықаралық платформа болып табылады. Ұйым алдағы онжылдықтарда өсуі мен дамуы әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналатын елдерді біріктіреді. Біздің елдеріміз жаңа мүмкіндіктерді аша отырып, бір-біріне қолдау көресетуі керек. Бүгінгі таңда қабылданып жатқан шешімдер мен қол қойылған құжаттар біздің кооперациямызды тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар іс-шараға Қытай Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян, Үндістан сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкар, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Пәкістан сыртқы істер министрі Билавал Бхутто Зардари, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің өкілдері: Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер және Моңғолия Премьер-Министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, сондай-ақ төрағалық етуші тараптың қонағы – Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурат Гельдымурадов қатысты.