Жаңалықтар

Әлихан Бөкейханның туысымен эксклюзивті сұхбат

Әлихан Бөкейханның туысымен эксклюзивті сұхбат
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 27.04.2023 13:03 2194

Қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, ұстаз  Әлихан Бөкейханның шөбересі Нұрай-бегім Нұралықызымен болған эксклюзивті сұхбат.

– Нұрай, әңгімемізді өзіңнің арғы атаң, күллі қазақтың ардақтысы Әлихан Бөкейханмен туыстығыңнан бастайықшы. Өзіңнің ата-тек, шежіреңді тарқатып бере аласың ба. Қолыңда мәліметтер бар ма?

Атамыз туралы мәліметтер әлі де толық емес. Жиналған мәліметтер бірте-бірте халық алдына шығып жатыр. Бірақ көпшілігі түпнұсқа емес. Мысалы, Сұлтанхан Аққұлұлы мырзаның 15 томдық кітабында ол туралы жазылды. Жалпы, Әлихан атамыз жайындағы ең көп жазбаларды, естеліктерді інісі Смахан төре қалдырған.

Әлихан атамыздың үлкен атасы, қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей, одан Батыр, Батырдан Мырзатай, одан Әлихан атамыздың әкесі Нұрмұхамед тарайды. Нұрмұхамед атамыздың 5 ұлы және 1 қызы болған екен. Үлкені Әлихан атамыз, Тәттіхан, Әзіхан, Базылхан және Смахан мен қызы Нұрбек болды. Әлихан атамыз ертеден, тұңғыш ұл болған соң атасының қолында өсіп, ер жетіпті.

Одан кейін кіші інісі Базылханнан Мағауия, ол менің атам, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері. Одан менің әкем Нұралы тарайды, ол Мағауияның жалғыз ұлы.

Біз басында әкемнің туып-өскен жері Жамбыл облысының Шу өңірінде тұрдық. Содан кейін әкем отбасын құрған соң және жұмыс барысымен Таразға көшіп келіппіз. Біз сол Тараз шаһарында өстік. Тараздың тумасымыз.

– Әкеңіз қандай қызмет атқарды?

Менің әкем отыз жылдан астам уақыт құқық қорғау органдарында мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Іс-сапарлармен басқа қалаларға да жиі кететін.

Сен үйде жалғыз баласың ба?

Жоқ, әпкем, ағам, мен және сіңілім бар. Бастауыш мектепте оқыған кезімде Әлихан атамыздың еңбектері негізінде ғылыми жобаларға жиі қатысқанмын. Орта мектепке өткелі бері, сыртқа шығып, Әлихан атам жайлы шараларға қатыса бастадым. Ең алғашқы қатысуым Қарағанды облысында ЮНЕСКО деңгейінде өткен Әлихан атамыздың туғанына 150 жылдығын атап өткені болды. Сол кезде бізге туысқан ұрпақтары ретінде арнайы шақырту жіберді. Әпкем екеуіміз барып қайттық. Сол жақта Әлихан атамыздың қарындасы Нұрбектен тараған нағашыларымызды көріп, таныстық. Ғалымдармен, тарихшылармен де сол кезден таныса бастадым. Кейін Ресейлік телеарнаға Әлихан атамыздың 155 жылдығына байланысты сқхбат беруді сұрады. Ол кезде де мен сұхбат бердім. Атамыздың 155 жылдығына орай «Алматы» телеарнасында «Сәуле ғұмыр» бағдарламасында дөңгелек үстел форматындағы сұхбатқа әпкем Әселхан екеуміз қатыстық.

– Алаштың басқа да қайраткерлерінің үрім-бұтақтарымен таныссың ба, олармен байланыс бар ма?

Әзірге ешкіммен жеке байланысам жоқ. Бірақ алдағы уақытта жоспарымда бар. Бұйыртса, танысып, олармен ортақ тарихымыз жайлы сөз қозғасақ, аларым көп болар еді деп ойлаймын.

Бірте-бірте Әлихан атамызбен бірге жұмыс істеген, «Алаш» бағытын құптап, «Алаш» идеясын алға тартқан қасындағы, біздің қазіргі тілмен айтқанда «әріптестері» ғой, сол кісілердің де ұрпақтарын тауып, сөйлесіп, мүмкін, ортақ естеліктер табылып, қосылса біртүгел ақпарат шығуы мүмкін ғой, соны жинастыруды қолға алсам деймін.

– Сіздердің туыстарыңыз еліміздің қай өңірлерінде бар, Батыс пен Оңтүстік те ғана ма? Әлде басқа да қалаларда бар ма?

Біздің туыстар көбінесе Қарағанды облысында. Қызынан, яғни Нұрбек ападан тарағандар сол Қарағанды облысының өзінде, Ақтоғайда әлі күнге дейін тұрады.

– Жалпы осындай ұлы тұлғалар «халық жауы» болып атылып кеткеннен кейін, олардың ұрпақтары мен туыстары да өте қатты зардап шекті. Олардың балаларының көпшілігі орысша тәрбиеленіп, орыс мектебіне барды. Тіпті орыстың идеологиясына берілгені соншалық дініне өтіп кеткендері де бар. Осыған көзқарасың қандай?

Әлихан атамыздың інісі Тәттіхан аурудан ерте қайтыс болған. Одан кейін Базылхан, біздің атамыз «итжеккенге» айдалып кеткен. Көп ақпарат тікелей Смахан төренің күнделік жазбаларынан алынған. Кейін ақпараттар жинақталып, Сырым Бөкейхановтың кітабында жазылды.

Әлихан Бөкейханның туысымен эксклюзивті сұхбат

Одан бөлек тарихымызды Балабаршын, Айсәуле ата-апаларымыздан естіп өстік. Бірақ өзіңіз айтқандай, оларға заманның ықпалынан тегін толыққанды ауыстырып, орыстануға тура келді. Соған байланысты көп жазбаларда өздерінің аты, тегі басқаша жазылғандықтан халықтың сеніміне кіру біраз уақыт алды.

– Бірақ ДНҚ арқылы тексеріп, анықтаса туыстық қатынас шығатын шығар?

Әрине. Әлихан атамыздың тікелей ұрпақтары да бар, қазір Ресейде тұрады. Олар атамыздың 125 жылдық мерейтойына шақыртылып Қазақстанға келген болатын. Не дегенмен, қазақтың дара тұлғасының үрім-бұтақтары екенін жоққа шығара алмаймыз. Оларды орыстанған деп те айып таға алмаймыз. Заманның ықпалы ғой, ол кезде талап, тәртіп солай болды, олардың жүрген ортасы өзгерулеріне әсер етті деп ойлаймын.

– Әлихан атаңыздың бір ұлы Мәскеуде тұрып, аты-жөнін өзгертіп жіберген екен...

Негізі олардың барлығының қазақша және орысша есімдері бар. Мысалы, Сергей – Үкітай, қызы Зейнеп – Елизавета. Қызынан ұрпақ тек Ескендір болды. Зейнеп апамыздың күйеуі Смағұл Сәдуақасов. Ол кісі де Алаш қайраткері болды. Олардың баласы Ескендір соғысқа барып, майданда қайтыс болған. Ал ұлынан тарағандар әлі күнге дейін бар, өз алдына қалыптасқан жеке тұлғалар.

Мына бір мәліметті айта кетейін. Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Әлихан атамыз бір-біріне туыс болғанын көбісі біле бермейді. Құдайбердінің әйелі мен Әлихан атамыздың аналары бір туған. Әлихан атамыздың анасы Бегім апамыз бен Құдайбердінің әйелі Бошантай ханым бір үйдің апалы-сіңлісі. Әлихан атамыз бен Шәкәрім Құдайбердіұлының арасындағы тығыз қарым-қатынастың негізі осы десе де болады.

Әлихан Бөкейханның туысымен эксклюзивті сұхбат

Ал Шәкәрім ата мен Абай Құнанбайұлы бір-біріне ағайындылар. Сол арқылы да байланыстары одан сайын нығая түскен деп ойлаймын. Мысалы, Абайдың ең алғашқы қолжазбаларын Әлихан атамыз Кәкітай мен Тұрағұлмен бірігіп отырып жинап, басып шығарған.

– Яғни сол кезде алаштықтардың бір-бірімен байланысы өте жақсы болғаны соншалықты, қыз алысып, қыз беріскен. Сенде болашақта алаштықтардың үрім-бұтағымен байланысып, отау құру сияқты жоспар жоқ па?

Кім біледі. Ондай болып жатса жақсы ғой. Негізі тарихты білетін, оқитын адам болса, қызығушылығымыз да ортақ болар еді. Әзірге шаңырақ көтеруге байланысты жоспарым жоқ.

Бірақ қалай дегенмен тарихы терең, текті әулеттің ұрпағы болғандықтан ба, өзім үлкен аманат ретінде қарайтындықтан ба, тарих бағытына жан дүнием тартып тұрады. Тарих туралы білгім келіп, осы саланың адамдарымен жиі кездесіп, байланысып, жеке сөйлескім келеді.

Келешекте «Алаштықтар» армандап кеткен елге айналамыз деп ойлаймын. Бірақ ол үшін тарихты сақтап қалуымыз керек. Ал оған атсалысатын өзің сияқты алғыр жастар. Яғни соны біліп, насихаттайтын қазақша білім алып, қазақша сөйлейтін жас буын. Солай емес пе?

Әрине, тарих болмаса болашақ та болмайды. Қазақтар қиын қыстау кезеңнің ықпалымен тарихын жұрттан жасыруға тура келді. Қазір заман өзгерді. Бұйырса сол тарихтың бәрі жарыққа шығып, архивтер ашылып, халық өзінің өткенін, басынан не кешкенін, ата-бабалары не көргенін білетін болса, халықтың рухы оянады деп ойлаймын.

Өздерің үйде қай тілде сөйлесесіңдер?

Қазақша. Барлығымыз қазақ тілінде білім алдық. Мен көп тілді меңгергендіктен болар, кейде акцент бар екенін айтады. Қазір төрт тілде - қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде еркін сөйлеп-жаза аламын. Кейде тілдің интонациясынан шыға алмай қалатын сәттер болады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға