Әли мен Тайсон тұрған тізімде: Головкиннің Даңқ залына енуі не үшін маңызды?

 instagram/gggboxing
Фото: instagram/gggboxing

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің және Дүниежүзілік бокс ұйымының президенті, атақты боксшы Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі атанды. Салтанатты рәсім АҚШ-та өтті. Осылайша, Головкин аталған мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық боксшы ретінде тарихқа енді, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

Кәсіпқой рингке шыққанға дейін Головкин әуесқой бокста жоғары нәтижелер көрсетті. Ол 350 жекпе-жек өткізіп, 345 рет жеңіске жетті. 2003 жылы әлем чемпионы атанып, 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді. Сондай-ақ Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жеңімпазы болды.

Кәсіпқой бокста ол 45 кездесу өткізіп, 42 жеңіске қол жеткізді. Оның 37-сі мерзімінен бұрын аяқталды. Головкин Дүниежүзілік бокс қауымдастығы, Дүниежүзілік бокс кеңесі, Халықаралық бокс федерациясы және Халықаралық бокс ұйымы нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар беделді «Ринг» журналының чемпиондық белбеуін иеленді.

Фото: instagram/gggboxing

Даңқ залы деген не?

Халықаралық бокс даңқы залы – әлемдік боксқа ерекше үлес қосқан спортшылардың, бапкерлердің, төрешілер мен журналистердің есімін мәңгілікке сақтайтын ең беделді ұйымдардың бірі. Ол 1989 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында құрылған.

Даңқ залына кез келген чемпион автоматты түрде қабылданбайды. Спортшы мансабын аяқтағаннан кейін бірнеше жыл өтуі керек. Одан кейін оның кандидатурасын халықаралық бокс журналистері мен сарапшылары дауыс беру арқылы бағалайды. Сондықтан бұл мәртебе спорттағы ең жоғары мойындаулардың бірі саналады.

Бұған дейін Даңқ залына әлем боксының аңыздары – Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Мэнни Пакьяо және Шугар Рэй Леонард енген.

Шетелдік сарапшылар пікірі

Спорт сарапшылары Даңқ залына қабылдануды әлем чемпионы атағынан кейінгі ең үлкен марапаттардың бірі деп есептейді. Өйткені чемпиондық белбеуді басқа спортшы тартып алуы мүмкін, ал Даңқ залына енген адамның есімі спорт тарихында мәңгі қалады.

Канастотадағы ұмытылмас күндер! Ескі достармен, әріптестермен және көп жылдан бері үлкен бокс отбасының бір бөлшегіне айналған жандармен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Жылы қарсы алып, қолдау көрсеткен баршаңызға алғысымды білдіремін, – деп жазды боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Sports Illustrated журналисі Брайан Мазик Головкиннің алғашқы мүмкіндік туған сәтте-ақ Даңқ залына қабылдануы оның әлемдік боксқа қосқан үлесінің қаншалықты жоғары бағаланғанын көрсететінін айтады. Көптеген шетелдік басылымдар оны XXI ғасырдағы ең үздік орта салмақтағы боксшылардың бірі деп атады.

Фото: instagram/gggboxing

Ал британиялық сарапшылар Головкиннің чемпиондық атағын 21 рет сәтті қорғауын және қатарынан 23 қарсыласын нокаутпен жеңгенін орта салмақ тарихындағы ең ерекше көрсеткіштердің бірі ретінде бағалайды. Мұндай тұрақтылық кәсіби бокста өте сирек кездеседі.

Қазақстан үшін қандай маңызы бар?

Головкиннің Даңқ залына енуі – жеке жетістік қана емес, Қазақстан бокс мектебінің халықаралық деңгейде мойындалуының белгісі.

Көптеген елдер үшін Даңқ залына енген алғашқы спортшы ұлттық спорттың символына айналады. Бұл жас спортшыларға мотивация беріп, елдің халықаралық беделін арттырады.

Бүгінде Геннадий Головкин тек бұрынғы әлем чемпионы емес, ол Дүниежүзілік бокс ұйымын басқарып, олимпиадалық бокстың болашағын қалыптастыруға қатысып жүр. Сондықтан оның Даңқ залына қабылдануы тек спортшы ретінде емес, халықаралық спорт қайраткері ретінде де еңбегінің мойындалуы.

Қызықты дерек                          

Боксшылардың көпшілігі чемпиондық белбеуді өміріндегі ең үлкен жетістік деп санаса, Даңқ залына енгеннен кейін бұл пікірін өзгертеді. Өйткені Даңқ залы – уақытша жетістік емес, спорт тарихындағы мәңгілік мәртебе. Сондықтан Геннадий Головкиннің бұл жетістігін қазақстандық бокстың жаңа тарихи белесі деп бағалауға толық негіз бар.

Оқи отырыңыз