Иран астанасы Тегеранда елдің бұрынғы Жоғарғы көшбасшысы, аятолла Әли Хаменейді ақтық сапарға шығарып салу рәсімдері басталды.
Бірнеше күнге созылатын қаралы шараларға елдің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған адам қатысып жатыр. Иран билігі бұл рәсімді «ғасыр жерлеуі» деп атап, оған ел тарихындағы ең ауқымды халықтық қоштасу ретінде баға беруде.
Тегерандағы жаназа намазы
Қоштасу рәсімінің алғашқы кезеңі Тегерандағы Имам Хомейни атындағы «Мосалла» діни кешенінде өтті. Жаназа намазын беделді дін қайраткері аятолла Жафар Субхани жүргізді.
Таңсәріден бастап қара жамылған жүздеген мың ирандық ұлттық туларын ұстап, мешіт аумағына және оған жалғасқан көшелерге жиналды. Рәсімге Иран президенті Масуд Пезешкиан, үкімет мүшелері, Ислам революциясы сақшылар корпусының басшылығы, әскери қолбасшылар мен танымал дін қайраткерлері қатысты.
Ұжымдық жаназа намазына тек мешіт ішіндегі адамдар ғана емес, сырттағы алаңдар мен көшелерде тұрған тұрғындар да қатысты. Ресми емес мәліметтер бойынша, қаралы дұғаға бірнеше миллион адам жиналған.
Халық қоштасуы бірнеше күнге жалғасады
Қаралы рәсімдер бірнеше кезеңнен тұрады. 6 шілдеде Тегеранның негізгі көшелерімен ауқымды аза шеруі өтеді. Одан кейін Әли Хаменейдің мәйіті Иранның басты діни орталығы саналатын Құм қаласына жеткізіледі. Мұнда жоғары дәрежелі шиит дінбасыларының қатысуымен арнайы дұғалар оқылады.
7 шілдеде қаралы рәсімдер Құмда жалғасса, 8 шілдеде мәйіт көршілес Иракқа жеткізіледі. Онда шиит мұсылмандары үшін қасиетті саналатын Наджаф пен Кербела қалаларында қоштасу рәсімдері ұйымдастырылады.
9 шілдеде Әли Хаменей туған қаласы – Мешхедте, шиит мұсылмандарының ең қасиетті орындарының бірі саналатын Имам Реза кесенесінің аумағында жерленеді.
Миллиондаған адам қатысады деп күтілуде
Иран билігінің болжамынша, алты күнге созылатын қаралы шараларға Иран мен Ирактағы рәсімдерді қоса есептегенде 15-20 миллион адам қатысуы мүмкін.
Тегерандағы Имам Хомейни атындағы «Мосалла» кешені шамамен бір миллион адамды қабылдай алады. Кешеннің жалпы аумағы 600 мың шаршы метрді құрайды. Жыл сайын бұл орынға 11-12 миллионға жуық адам келеді.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаралы рәсімдер барысында халықтың басым бөлігі АҚШ пен Израильге қарсы ұрандар айтып, Әли Хаменейдің қазасы үшін кек қайтаруға үндеген.
Мемлекет басшылары мен шетелдік делегациялар келді
Қоштасу рәсіміне ондаған елдің ресми делегациялары қатысып жатыр. Олардың қатарында мемлекет басшылары, премьер-министрлер, парламент төрағалары және үкімет мүшелері бар. Сонымен қатар рәсімді әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген шетелдік журналистер бақылауда.
Жаңа Жоғарғы көшбасшы алғаш рет сын алдында
Әли Хаменей қайтыс болғаннан кейін Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы болып оның ұлы Моджтаба Хаменей тағайындалды. Алайда ол қызметіне кіріскеннен бері көпшілік алдына шыққан жоқ.
Бақылаушылардың пікірінше, оның қаралы рәсімдерге қатыспауы қауіпсіздік мәселелерімен байланысты болуы мүмкін. Осыған қарамастан, Ирандағы аза тұту шаралары жаңа басшылықтың қоғамдағы қолдау деңгейін көрсететін алғашқы маңызды сынақтардың бірі ретінде бағалануда.
Қаралы кезең 40 күнге созылады
Ресми жерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін Иранның барлық өңірінде 40 күндік аза тұту шаралары жалғасады. Осы уақыт ішінде елдің мешіттері мен діни орталықтарында Құран бағышталып, Әли Хаменейді еске алу рәсімдері өтеді. Еске алу шаралары оның дүниеден өткеніне бір жыл толғанға дейін жалғасатыны хабарланды.