Алғашқы күні 16 мың қонақ: Comic Con Astana 2026 фестиваліне келетіндерді не күтіп тұр?

Алғашқы күні 16 мың қонақ: Comic Con Astana 2026 фестиваліне келетіндерді не күтіп тұр?
Фото: El.kz/Арман Мухатов

Астанада өтіп жатқан Comic Con Astana 2026 фестивалінде шынайы өмір мен қиял әлемінің арасы жойылғандай әсер қалдырады. «Барыс Арена» маңында жүргенде дәл қасыңыздан Өрмекші адам, Бэтмен, Дэдпул, Темір адам, Капитан Америка немесе Джокерді кездестіруіңіз мүмкін.

El.kz
El.kz

Жалпы Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалінің алғашқы күні келушілер саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Фестивальдің алғашқы күнінде шамамен 16 мың адам қонақ болды. Бұл – фестиваль тарихындағы алғашқы күн бойынша ең жоғары көрсеткіш. Осылайша Comic Con Astana Орталық Азиядағы гик-мәдениет саласындағы ең ірі іс-шаралардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бір кездері тек комикс әуесқойларының басын қосатын шағын жиын ретінде басталған Comic Con бүгінде кино, анимация, компьютерлік ойын, косплей және заманауи поп-мәдениеттің ең ірі халықаралық фестивальдерінің біріне айналды. Бұл дәстүрден Қазақстан да тыс қалған жоқ.

Биыл Астанада бесінші рет ұйымдастырылған Comic Con Astana 2026 фестивалі мыңдаған жанкүйерді, әлемдік кино жұлдыздарын және шығармашылық индустрия өкілдерін бір алаңға жинады.

El.kz
El.kz

Таңертеңнен бастап фестиваль алаңдарында қызу атмосфера орнады. Бір мезгілде негізгі сахна, тақырыптық аймақтар, ойын және интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Қонақтар үшін концерттер, би шоулары, арнайы шақырылған жұлдыздармен кездесулер, байқаулар, таныстырылымдар және басқа да ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.

Comic Con қалай пайда болды?

Comic Con тарихы 1970 жылы АҚШ-тың Сан-Диего қаласынан басталады. Ол кезде бірнеше жүз комикс жанкүйері жаңа басылымдарды талқылап, авторлармен кездесуді мақсат еткен. Уақыт өте келе фестивальдің ауқымы кеңейіп, оған Голливуд студиялары, сериал продюсерлері, ойын әзірлеушілері мен әлемге танымал актерлер қатыса бастады.

El.kz
El.kz

Қазір Comic Con фестивальдері АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания, Бразилия сияқты ондаған елде өтеді. Мұнда жаңа фильмдердің трейлерлері алғаш көрсетіліп, болашақ сериалдардың тұсауы кесіліп, эксклюзивті өнімдер таныстырылады.

Косплей - жай ғана костюм емес

Comic Con-ның ең ерекше дәстүрлерінің бірі - косплей. Бұл сөз ағылшынның costume (костюм) және play (ойнау) сөздерінен шыққан.

Косплейерлер сүйікті кейіпкерлерінің бейнесін мүмкіндігінше дәл қайталауға тырысады. Олар тек киім тігіп қана қоймай, кейіпкердің жүріс-тұрысын, дауысын, мінезін де сахнада көрсетеді. Кейбір күрделі костюмдерді жасауға бірнеше ай, тіпті бір жылға жуық уақыт кетеді.

El.kz
El.kz

Бүгінде косплей жеке шығармашылық бағытқа айналып, халықаралық жарыстарда жүздеген мың долларлық жүлделер тігіледі.

Қазақстандағы Comic Con

Қазақстандағы алғашқы Comic Con Astana 2019 жылы өтті. Содан бері фестиваль жыл сайын кеңейіп, халықаралық деңгейдегі шараға айналды.

2026 жылғы фестивальдің басты қонақтарының қатарында Game of Thrones жұлдызы Николай Костер-Вальдау, сондай-ақ Netflix-тің One Piece сериалының актерлері Инаки Годой мен Таз Скайлар болды. Олар жанкүйерлермен кездесіп, қолтаңба беріп, арнайы панельдік кездесулерге қатысуда.

El.kz
El.kz

Биылғы Comic Con-да One Piece, Naruto, Demon Slayer, Jujutsu Kaisen, Attack on Titan, Genshin Impact, League of Legends, Cyberpunk, Star Wars және басқа да ондаған франшизаның кейіпкерлерін көруге болады. Әрбір костюм ұсақ бөлшегіне дейін мұқият дайындалған: қолдан жасалған сауыттар, күрделі грим, арнайы жарық элементтері мен қару-жарақ макеттері келушілердің назарын бірден аударады.

Мен фестивальге бір жылдай дайындалдым. Костьюмімді тігуге 150-200 мың теңгедей ақша кетті, - дейді суперқаһармандардың бірі. 

Фестивальге келгендердің көпшілігі сүйікті кейіпкерлерімен суретке түсіп, косплейерлердің еңбегіне тәнті болды. Бұл жерде жас ерекшелігі маңызды емес - балалар да, ересектер де өздерінің фантастикалық әлеміне енгендей әсер алады.

El.kz
El.kz

Comic Con тек көңіл көтеру алаңы емес. Мұнда шығармашылық индустрияның көптеген бағыты тоғысады.

Фестивальде:

  • косплей байқаулары;
  • үстел және компьютерлік ойындар;
  • комикс пен манга көрмелері;
  • иллюстраторлар мен суретшілердің авторлық жұмыстары;
  • кино және ойын индустриясына арналған дәрістер;
  • халықаралық қонақтармен кездесулер ұйымдастырылады.

Осындай алаңдар жас суретшілерге, дизайнерлерге, аниматорларға және ойын әзірлеушілеріне өз жұмыстарын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік береді.

El.kz
El.kz

Әлемдегі ең қымбат косплейлер

Кәсіби косплейерлердің кейбір костюмдерінің бағасы бірнеше мың долларға жетеді. Олар 3D-принтерде басылып, арнайы пластиктен, металдан және жарықдиодты элементтерден жасалады. Кейбір сауыттардың салмағы 20-30 келіге дейін жетеді.

El.kz
El.kz

Соңғы жылдары Comic Con Astana Қазақстандағы жастар мәдениетінің маңызды бөлігіне айналды. Фестиваль аниме, комикс және ойын индустриясына қызығатын қауымдастықтың басын қосып қана қоймай, елдің туристік тартымдылығын арттыруға да үлес қосып келеді.

El.kz
El.kz

Бүгінде мұндай шараларға тек Қазақстаннан емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан және басқа елдерден де мыңдаған қонақ келеді.

Биыл Comic Con Astana фестивалі әлемнің 20-дан астам елінен келген қонақтардың, туристердің, қатысушылардың және арнайы меймандардың басын қосты.

Comic Con Astana 2026 фестивалі 9 тамызға дейін жалғасады. Алда келушілерді әлемдік кино және косплей жұлдыздарымен кездесулер, қолтаңба сессиялары, жаңа шоу-бағдарламалар, байқаулар және басқа да көптеген іс-шаралар күтіп тұр.

El.kz
El.kz
El.kz
El.kz
El.kz
El.kz

Оқи отырыңыз