Ғалымдар баланың әлеуметтік желіде алғаш рет аккаунт ашқан жасы оның кейінгі оқу үлгерімімен байланысты болуы мүмкін деген қорытынды жасады.
Жаңа зерттеу нәтижесіне сәйкес, бұл әсер әсіресе 11-12 жасында әлеуметтік желі қолдана бастаған балаларда айқынырақ байқалады.
Зерттеу Nature Human Behaviour ғылыми журналында жарияланды. Милан-Бикокка университетінің ғалымдары бес мыңнан астам италиялық жасөспірімнің деректерін талдаған. Зерттеушілер бесінші сыныпта үлгерімі бірдей, бірақ әлі әлеуметтік желіні пайдаланбаған оқушыларды бақылап, олардың келесі төрт жылдағы оқу нәтижесін салыстырған.
Нәтижесінде алтыншы сыныпта алғаш рет әлеуметтік желіге тіркелген оқушылардың 15-16 жасында математика мен итальян тілі бойынша қорытынды емтихан нәтижелері төменірек болғаны анықталды. Ғалымдардың бағалауынша, бұл айырмашылық шамамен алты айлық оқу бағдарламасына тең.
Ал әлеуметтік желіге жетінші сыныпта қосылған балаларда мұндай байланыс сақталғанымен, әсері әлдеқайда әлсіз болған. Сегізінші сыныпта ғана тіркелген оқушылар арасында үлгерім айырмашылығы іс жүзінде байқалмаған.
Сонымен қатар әлеуметтік желіні ерте қолданған оқушылардың сыныпта қалып қою ықтималдығы да жоғары болған.
Неліктен ерте бастау көбірек әсер етеді?
Зерттеу авторлары мәселе тек интернетте өткізетін уақыттың ұзақтығында емес екенін айтады. Олардың пікірінше, бала әлеуметтік желіні неғұрлым ерте пайдалана бастаса, соғұрлым оның назары жиі бөлініп, бір нәрседен екіншісіне тез ауысуға дағдыланады. Бұл кейін оқу кезінде ұзақ уақыт зейін қою қабілетіне кері әсер етуі мүмкін.
Бір қызығы, оқу үлгеріміндегі айырмашылық уақыт өте ұлғая түскен. Жоғары сыныптарға жеткенде жасөспірімдердің басым бөлігі әлеуметтік желіні қолданғанымен, ертерек тіркелген оқушылар, әсіресе математика пәнінен, өзгелерге қарағанда төмен нәтиже көрсеткен.
Әлемде шектеулер күшейіп келеді
Бұл зерттеу балалардың әлеуметтік желіні пайдалану жасына қатысты қызу талқылаулар жүріп жатқан кезеңде жарияланды. Соңғы жылдары бірқатар елдер белгілі бір жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желі қолдануына шектеу енгізді немесе мұндай заң жобаларын қарастырып жатыр.
Мұндай шешімдердің негізгі себептері қатарында әлеуметтік желіге тәуелділік қаупі, ұйқының бұзылуы, зейіннің төмендеуі, сондай-ақ мазасыздық пен депрессияның артуы аталады.
Соған қарамастан, зерттеу авторлары асығыс қорытынды жасамауға шақырады. Олардың айтуынша, зерттеу әлеуметтік желіні ерте қолдану мен оқу үлгерімінің төмендеуі арасында байланыс бар екенін көрсеткенімен, дәл әлеуметтік желінің өзі үлгерімнің нашарлауына тікелей себеп болады дегенді дәлелдемейді. Бұған қолданылатын контенттің сипаты да, балалардың қосымшаларда өткізетін уақыты да ықпал етуі мүмкін.
Барлық пәнге бірдей әсер етпеген
Зерттеу барысында қызықты бір жайт анықталды. Әлеуметтік желіні ерте қолдану барлық пән бойынша үлгерімнің төмендеуіне әкелмеген.
Мәселен, ағылшын тілі пәнінен мұндай байланыс байқалмаған. Ғалымдардың пікірінше, интернеттегі контенттің басым бөлігі ағылшын тілінде болғандықтан, балалардың жазбаларды оқуы, бейнеролик көруі және онлайн қарым-қатынас жасауы тілдік тәжірибені арттырып, әлеуметтік желінің ықтимал теріс әсерін белгілі бір деңгейде өтеген болуы мүмкін.
Зерттеушілер бұл нәтижелер балалардың әлеуметтік желіні қолдану жасына қатысты ұсыныстар әзірлеуге көмектесуі мүмкін екенін айтады. Алайда нақты қандай факторлар оқу үлгеріміне көбірек әсер ететінін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін де атап өтті.