Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде бойжеткен жігіт кейпіне еніп, қыз-келіншектерден алдап ақша алған

Әлеуметтік желіде бойжеткен жігіт кейпіне еніп, қыз-келіншектерден алдап ақша алған
Фото: ©El.kz 04.08.2023 23:49 733

Әлеуметтік желіде 26 жастағы ресейлік бойжеткен жалған профиль ашып, әйелдердің бастарын айналдырып, ақша алып жүргені анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Никита есімді жігіт болып танысқан алаяққа 31 жастағы елорда тұрғыны 130 мың теңге аударып жіберген. Алданғанын түсінген әйел полицияға жүгінеді.

Анықталғанындай, ер адамның атын жамылған күдікті романтикалық хат алмасу арқылы әйелдердің сеніміне әбден кіріп алады. Мұнан кейін интимдік сипаттағы фотосуреттерін алып, оларды әлеуметтік желіге саламын деп қорқытады. Сөйтіп, фотосуреттерін таратпауды өтінген бикештерден ақша талап етеді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осыған ұқсас қылмыстары үшін бұрын сотталған, 5 алаяқтық іске қатысы бар Ресей азаматы анықталды. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шетелдік бойжеткен ұсталып, түзеу мекемесіне қамалды.

Осы орайда, Астана қаласының Полиция департаменті желі арқылы танысудан сақ болуға шақырады.

Виртуалды таныстарға шамадан тыс сену қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Оларға жеке ақпаратты жария етпеуіңіз керек және сізге қауіп төндіретін интимдік фотосуреттермен бөліспегеніңіз жөн, - дейді елордалық полицейлер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға