Жаңалықтар

Әлемнің 25 елінен келген оқушылар Жәутіков олимпиадасына қатысады

Халықаралық додада 1200-ден астам дарын бақ сынайды
Әлемнің 25 елінен келген оқушылар Жәутіков олимпиадасына қатысады
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 01.02.2023 03:19 1051

Алматыда өтетін ХІХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасына әлемнің 25 мемлекетінен 1200-ден астам оқушы қатысады, деп хабарлайды El.kz  Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алыс және жақын шетелдерден, соның ішінде Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания сынды елдерден келген 281 команда бірден үш пән – математика, физика және информатика бойынша білімдерін сынайды. Зияткерлік сайыста еліміздің намысын 250-ге жуық оқушыдан жасақталған 35 команда қорғайды, - делінген ведомствоның ақпаратында. 

Айта кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасына физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептердің оқушылары қатысады. Олимпиада қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сондай-ақ мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі жасалатын болады.

Халықаралық қазылар алқасының құрамына ТМД-ның ең мықты техникалық университеттерінің өкілдері кіреді. Жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.

Олимпиада 1-10 ақпан аралығында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтеді. Сайыс қорытындысы 10 ақпанға жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға