Жаңалықтар

Әлемге әйгілі математиктер Назарбаев университетінде бас қосты

Әлемге әйгілі математиктер Назарбаев университетінде бас қосты
Фото: nu.edu.kz 06.02.2024 23:40 535

3-6 ақпан аралығында Nazarbayev University (NU) математикадан «Функциялық кеңістіктер, талдау және жуықтау» тақырыбындағы ірі конференция өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Математика және математикалық модельдеу институтымен және Халықаралық талдау, қолданбалы және есептеулер қоғамымен (ISAAC) бірлесіп ұйымдастырған шараға 10 елден 70-тен астам көрнекті математика ойшылдары қатысты.

Конференцияның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки қазіргі әлемдегі математикалық зерттеулердің маңыздылығына тоқталып, ғылымның дамуына қосқан үлестері үшін математиктерге алғысын білдірді.

Бұл конференция заманауи математиканың негізгі мұрасы болып табылатын салаларды қамтиды. Осы саладағы идеялармен алмасу, ынтымақтастық орнату алаңы ретінде қызмет етеді. Бүгінгі таңда математиканың дамуына қазақстандық және шетелдік көрнекті ғалымдардың баға жетпес үлесін атап кету жөн, - деді вице-министр.

NU вице-президенті Дархан Біләлов барлық қатысушыларды құттықтап, осы  конференция 2025 жылдың шілдесінде алғаш рет NU-да өткізетін ғылыми қоғамдастық үшін маңызды ауқымды оқиға - ISAAC XV конгресінің жаршысы екенін атап өтті.

NU-дың Times Higher Education беделді рейтингінде зерттеу университеттерінің үздік 30% қатарына кіруі ғылыми зерттеулерді дамытуға үлес қосып қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосымша жауапкершілік жүктейді, - деп атап өтті NU вице-президенті.

Конференцияның 4 күнің ішінде 40-қа жуық қазақстандық және шетелдік ғалымдар, олардың арасында жетекші математика профессорлары Олег Бесов (В.А. Стеклов атындағы Математика институты), Алексей Шадрин (Кэмбридж университеті), Баоксиан Ван (Пекин университеті), Владимир Темляков (Оңтүстік Каролина университеті), Арран Фернандес (Шығыс Жерорта теңізі университеті), Дурвудхан Сұраған (NU), Дәурен Базарханов (Математика және математикалық модельдеу институты), математика ғылымының дамуының әртүрлі аспектілері бойынша баяндамалар жасады.

NU-дан қатты әсер алдым. Мұндай конференцияны өткізу Қазақстан ғалымдарына өздерінің ғылыми әлеуетін көрсетуге тамаша мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар осы елдегі талантты ғалымдардың көптігін ескере отырып, белсенді даму мен ынтымақтастыққа ықпал етеді, - деп атап өтті профессор Владимир Темляков.

Терең пікір алмасудың, соңғы үрдістерді талқылаудың және жаңа ғылыми байланыстар орнатудың бірегей алаңына айналған конференция 6 ақпанда аяқталады. Қатысушылар математика ғылымының әлемдік деңгейде дамуына үлес қосып отырған маңызды шараны өткізгені үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға