Жаңалықтар

Әлемге әйгілі балалар арнасы қазақ тілінде көрсетіле бастайды

Әлемге әйгілі балалар арнасы қазақ тілінде көрсетіле бастайды
Фото: © Pixabay.com 24.05.2023 21:50 845

Балаларға арналған әлемге әйгілі «Nick Jr» арнасы биылдан бастап қазақ тілінде көрсетіле бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.

Қазақ тіліндегі жаңа арнаның іске қосылуы мемлекеттік тілдегі контенттердің саны мен сапасын арттыруға өз септігін тигізеді деген ойдамыз. Өздеріңізге мәлім, мемлекеттік тілдегі балалар контентін дамыту үшін 2021 жылдан бері сол кездегі министр Аида Ғалымқызының қолдауымен «Nickelodeon» балалар телеарнасының өнімдерін қазақ тіліне аудару жобасы іске аса бастады. 2021 жылы «Nickelodeon» телеарнасының 465 сағаттық мазмұны аударылса, 2022 жылы 345 сағаттық өнім қазақ тілінде сөйлей бастады. Биыл 481 сағаттық мазмұнды аудару жоспарлануда, оның ішінде 190 сағат «Nickelodeon» арнасының контенті және 291 сағат «Nick Jr» арнасының контенті қазақ тіліне тәржімаланады, - деп жазды ведомство басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Белгілі болғандай, қазақ тіліндегі Nickelodeon бағдарламаларын тарату теледидардың пультінде тілді ауыстыру арқылы жүзеге асырылды.

Министр қазіргі уақытта «Nickelodeon HD» арнасы 100% локализацияланған контентті бағдарламалаумен бірқатар кабельдік операторларынан (Қазақтелеком, TVCom, Beeline, т.б.) бөлек эфирге шығатынын айтты. Айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға