Жаңалықтар

Әлемдік діндер көшбасшыларының жиыны ортақ түйткілдердің шешімін табуға септігін тигізеді - Тоқаев

Әлемдік діндер көшбасшыларының жиыны ортақ түйткілдердің шешімін табуға септігін тигізеді - Тоқаев
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 11.10.2023 09:39 1209

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXI отырысын съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатынан бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Баршаңызды әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі хатшылығының XXI отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл алғашқы Съездің шақырылғанына – 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аз уақыт ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға жіне толерантты мықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді. Бас қосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрметпен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады, – делінген Президенттің құттықтау хатында. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын қатерлер күшейіп тұрғанын тілге тиек етті. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түскенін және халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселе екенін құттықтау хатында айтты. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев форум осы уақыт ішінде жаһандық-дінаралық және өркениетаралық диалогтың маңызды платформасына айналғанын және өзара татулықты дәріптеуге үлкен үлес қосқанын атап өтті. 

Әлемдік діндер көшбасшыларының жиыны ортақ түйткілдердің шешімін табуға септігін тигізеді - Тоқаев
©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Өткен 20 жылда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанның дінаралық диалогты дамыту жөніндегі бастамаларына үлкен қолдау көрсетті. Форумның миссиясы мен мақсаттарын іске асыруға зор үлес қосты, – деді съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға