Әлемді өзгертеді деген 5 технология қайда жоғалды?

Әлемді өзгертеді деген 5 технология қайда жоғалды?
Фото: AI көмегімен жасалды

Әуе шарымен интернет тарату, түсірілген суреттің фокусын кейін өзгерту, ДНҚ деректерін түрлі қызметке пайдалану, компьютердегі бірнеше жад түрін бір технологиямен алмастыру... Кезінде мұның бәрі болашақты өзгертетін жаңалық ретінде бағаланды. Алайда озық технологияның бәрі бірдей қолданысқа еніп, табыс әкеле бермейді. MIT зерттеушілері соңғы 25 жылда «серпінді» деп танылған технологиялардың кейінгі тағдырын зерттеп, олардың неге күткен нәтижеге жетпегенін талдап жүр. Біз де кезінде үлкен үміт артылған бес технологияның тарихына үңіліп көрдік.

Неліктен жақсы идея әрдайым табысты өнімге айналмайды?

Жыл сайын MIT Technology Review журналы әлемге елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін 10 технологияны таңдап, арнайы тізім жариялайды. Соңғы ширек ғасырда бұл тізімге шамамен 250 жоба енген. Олардың арасында кейін кеңінен қолданылғандары да, бастапқыда күтілген нәтижеге жете алмағандары да бар.

Осы сұраққа MIT Senseable City Lab директорының орынбасары әрі жетекші зерттеушісі Фабио Дуарте студенттерімен бірге жауап іздеп жүр. Массачусетс технологиялық институтындағы магистрлік курс аясында олар MIT Technology Review мұрағатын зерттеп, кезінде озық деп танылғанымен, кейін кең таралмаған технологияларды талдайды.

Зерттеудің мақсаты – технологияның тағдырына оның техникалық мүмкіндігінен бөлек қандай жағдайлар әсер ететінін анықтау. Жақсы идеяның болашағын нарықтағы сұраныс, адамдардың әдеті, қоғамның сенімі, заң талаптары, өндіріс мүмкіндігі және оның қай уақытта пайда болғаны да шешуі мүмкін. Солардың бес мысалына тоқталайық.

Фото: we are social
Фото: we are social

Social TV: идея дұрыс, бірақ теледидардың дәуірі өзгеріп жатты

2010 жылы Social TV, яғни әлеуметтік телевидение MIT Technology Review таңдаған серпінді технологиялардың қатарына енді. Оның идеясы бүгін аса таңсық көрінбеуі мүмкін. Адам телебағдарламаны көріп отырып, басқа көрермендермен чат арқылы сөйлеседі, пікір қалдырады және эфирді сол сәтте бірге талқылайды.

Ал сол кезде бұл жаңалық еді. Смартфондар мен әлеуметтік желілер кең тарай бастаған тұста адамдар контентті жай ғана көріп қоймай, алған әсерін өзгелермен бөлісуге ұмтыла бастады.

Social TV осы өзгерісті дәл байқады. Бірақ бір мәселе болды. Аталған технология дәстүрлі телевизияға сүйенді.

Ал көрермен теледидардан біртіндеп алыстап, стриминг қызметтері мен қалаған уақытында көретін контентке ауысып жатқан еді. Яғни жаңа технология аудиториясы азайып бара жатқан жүйені жаңғыртуға тырысты.

Бірақ Social TV ұсынған идея жоғалып кеткен жоқ. Пандемия кезінде адамдардың әр жерде отырып бір фильмді немесе бағдарламаны бірге көруі қалыпты құбылысқа айналды. Бұл қажеттілікті стриминг қызметтері, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер өтей бастады. Ол үшін арнайы бір ортақ алаң да, телебағдарлама кестесіне тәуелді болу да қажет емес еді.

Бұл тәжірибе қоғамның сұранысын дәл тапқан идеяның өзі уақыт талабына сай келмейтін жүйеге сүйенсе, кең қолданысқа жете алмайтынын көрсетті.

ДНҚ-ға арналған «қосымшалар дүкені»: мүмкіндік бар, сенім жоқ

2016 жылы тағы бір ерекше жоба серпінді технология ретінде аталды. Ол – ДНҚ деректеріне арналған өзіндік «қосымшалар дүкені». Helix стартапы геномды бір рет анықтап, алынған генетикалық мәліметті кейін түрлі қызметке пайдалануға мүмкіндік беруді көздеді.

Мәселен, бір қосымша денсаулыққа қатысты мәлімет берсе, екіншісі белгілі бір аурулардың қаупін бағалауға көмектесуі мүмкін. Тағы бірі генетикалық дерек негізінде басқа қызмет ұсынады. Яғни адам ДНҚ-сын бір рет талдатып, кейін оның нәтижесін түрлі цифрлық қызметке пайдалануы керек болатын.

Бұл дербестендірілген медицинаны дамытуға жол ашатын бастама болып көрінді. Бірақ жоба күтпеген кедергіге тап болды – адамдар өз дерегінің қауіпсіздігіне алаңдады.

Генетикалық ақпарат – адамның ең құпия деректерінің бірі. Көпшілік мұндай ақпаратты, әсіресе басқа компаниялармен бөлісуге дайын болмады. Оған денсаулық сақтау саласындағы цифрлық қызметтерді реттеудің жеткіліксіздігі мен генетикалық мәліметтерді түсіндірудің дәлдігіне қатысты күмән қосылды.

Ақырында Helix App Store-дағы қосымшасын алып тастап, бастапқы жоспарынан бас тартты. Бұл жерде мәселе технологияның жұмыс істеуінде ғана емес еді. Оны қоғамның қалай қабылдайтыны да маңызды болып шықты.

Бұл жағдай технологияның мүмкіндігі мен қоғамның оған дайындығы әрдайым қатар жүрмейтінін көрсетті. Әсіресе жеке деректерге қатысты мәселеде адамдардың сенімі мен ақпараттың қауіпсіздігі кез келген озық технологияның тағдырын айқындайтын маңызды факторға айналады.

Бір жад бәрін алмастыруы керек еді

2005 жылы MIT Technology Review Universal Memory – әмбебап жад технологиясын болашағы зор бағыттардың бірі ретінде атады. Идея өте ауқымды болатын.

Компьютерде жедел жад, флеш-жад және қатқыл диск секілді әртүрлі сақтау жүйелерін жеке-жеке пайдаланудың орнына олардың қызметін бір ғана технология атқаруы керек еді. Оның негізіне көміртекті нанотүтікшелерді пайдалану жоспарланды. Бұл тәсіл шағын кеңістікке өте көп ақпарат сақтауға мүмкіндік береді деп күтілді.

Осы бағытта жұмыс істеген Nantero компаниясы инвестиция тартып, серіктестер тапты. Демек технология зертханадағы тәжірибе күйінде ғана қалған жоқ. Бірақ оны көп көлемде өндіруге келгенде қиындықтар туындады.

Нанотүтікшелердің орналасуындағы болмашы айырмашылықтың өзі қателерге әкелуі мүмкін еді. Соның салдарынан өнімді біркелкі әрі тұрақты шығару қиындады.

Оған тағы бір үлкен кедергі қосылды – нарықтағы қалыптасқан өндіріс жүйесі. Жедел жад, флеш-жад және басқа технологиялар өндірісте әлдеқашан орнығып қойған. Зауыттар, жабдықтар мен жеткізу тізбектері соларға бейімделген еді.

Жаңа технологияны енгізу үшін жақсы өнім жасау аздық етті. Оған бүкіл өндіріс жүйесінің бейімделуі қажет болды.

Бұл тәжірибе технологияның артықшылығы ғана оның кең таралуына жеткіліксіз екенін көрсетті. Жаңалық өндіріс талабына сай келіп, қалыптасқан жүйеге оңай бейімделгенде ғана жаппай қолданысқа ене алады.

Фото: Wikipedia
Фото: Wikipedia

Суретті түсірдіңіз, ал фокусты кейін таңдайсыз

Бір кездері фотография саласындағы ең қызық жаңалықтардың бірі Lytro камералары болды. 2012 жылы Light-field photography, яғни жарық өрісін түсіру технологиясы MIT Technology Review тізіміне енді.

Қарапайым камера жарықтың түсі мен қарқындылығын тіркесе, Lytro камералары оған қоса жарық сәулесінің қай бағыттан келгені туралы ақпаратты да сақтайтын.

Соның арқасында фотограф суретті түсіріп болғаннан кейін де оның қай бөлігі анық көрінуі керегін өзгерте алатын. Яғни фото түсірген кезде фокусты дұрыс қоймай қалсаңыз да, оны кейін түзетуге мүмкіндік болды.

Сол кезең үшін бұл айтарлықтай жаңалық еді. Бірақ тұтынушы үшін технологияның ерекшелігі ғана емес, оны пайдаланудың ыңғайлылығы да маңызды болып шықты.

Lytro камераларының экраны шағын, сурет сапасы төмен болды. Ал түсірілген материалды өңдеу үшін компанияның арнайы бағдарламасын пайдалану қажет еді. Осы уақытта смартфон камералары да жылдам дамып жатты.

Телефон өндірушілері камераларын жылдан-жылға жетілдіріп, пайдаланушыға бір құрылғының ішінде фото түсіру, оны өңдеу және бірден жариялау мүмкіндігін бере бастады. Lytro бір ерекше мүмкіндік ұсынса, смартфон бірнеше қажеттілікті қатар өтеді.

Компания бұл бәсекеге төтеп бере алмады және 2018 жылы жұмысын тоқтатты.

Бұл мысал нарықта бір ғана ерекше мүмкіндік ұсыну жеткіліксіз екенін көрсетті. Тұтынушы бірнеше қажетіне бірден жауап беретін әрі қолдануға ыңғайлы құрылғыны таңдады.

Google интернетті аспаннан таратқысы келді

Бұл тізімдегі ең ауқымды жобалардың бірі – Loon. 2015 жылы MIT Technology Review оны серпінді технологиялардың қатарына қосты.

Google бастамасымен қолға алынған жобаның мақсаты шалғай және байланыс желісі нашар аймақтарға интернет жеткізу еді. Бірақ жаңа мұнаралар салудың орнына интернетті әуе шарлары арқылы тарату ұсынылды.

Loon шары кәдімгі аэростат емес еді. Ол алып полиэтилен қабықтан, күн панельдерінен және күрделі электрондық құрылғылардан тұратын дербес станция болатын. Мұндай шарлар шамамен 20 шақырым биіктіктегі стратосферада айлар бойы қозғалып жүре алатын.

Олар аспандағы «ұялы байланыс мұнаралары» тәрізді жұмыс істеп, жерден алынған сигналды бір-біріне, одан әрі пайдаланушыларға жеткізуі керек болды.

Ең қызығы – жоба тәжірибе күйінде ғана қалған жоқ. Loon төтенше жағдай кезінде байланыс орнатуға да пайдаланылды. Мәселен, «Мария» дауылынан кейін Пуэрто-Рикода байланыс қызметін қамтамасыз етуге көмектесті.

Яғни технологияның жұмыс істейтіні іс жүзінде дәлелденді. Соған қарамастан, 2021 жылы жоба жабылды. Негізгі кедергі технологияда емес, оны тұрақты табыс әкелетін жобаға айналдыруда еді.

Loon ең қажет болатын шалғай өңірлерде халықтың төлем мүмкіндігі төмен болуы ықтимал. Сонымен қатар жүйенің жұмыс істеуі үшін жергілікті байланыс операторларымен келісіп, әр мемлекеттің тиісті органдарынан рұқсат алу қажет болды. Сөйтіп, жұмыс істейтін технологияны ұзақ уақыт өзін-өзі ақтайтын жобаға айналдыру қиынға соқты.

Алайда Loon шешуге тырысқан мәселе әлі де өзекті. Қазір шалғай аймақтарды интернетпен қамту міндетін төмен Жер орбитасындағы спутниктік жүйелер, соның ішінде Starlink басқа тәсілмен шешуге тырысып келеді.

Loon тәжірибесі қоғамға пайдалы әрі техникалық тұрғыдан жүзеге асқан жобаның өзі тұрақты табыс әкелетін үлгі табылмаса, ұзаққа бармайтынын көрсетті.

Фото: AI көмегімен жасалды
Фото: AI көмегімен жасалды

Неге озық технологияның өзі қолданысқа енбей қалады?

Осы бес жобаның тағдырына қарасақ, олардың бәрін бірдей «сәтсіз технология» деп атау дұрыс бола бермейді. Social TV ұсынған бірге контент көру идеясы кейін басқа платформаларда жүзеге асты.

Loon шалғай аймақтарға интернетті жаңа тәсілмен жеткізу мәселесін көтерді. Бүгінде осы міндетті спутниктік жүйелер атқаруға талпынып жүр.

Lytro сурет түсіргеннен кейін оны бағдарламалық жолмен өзгерту мүмкіндігінің әлеуетін көрсетті.

Ал ДНҚ деректерін цифрлық қызметтерде пайдалану тәжірибесі технологиямен бірге жеке мәліметтердің қауіпсіздігі мен қоғам сенімінің қаншалық маңызды екенін аңғартты.

Яғни кейбір технологиялардың идеясы қате болған жоқ. Бірі тым ерте пайда болды, екіншісі дұрыс таңдалмаған жүйеге сүйенді, үшіншісі қалыптасқан өндіріске икемделе алмады, тағы бірі тұрақты табыс әкелетін жол таба алмады.

Сондықтан технологиялық дамуда «ең озық технология міндетті түрде жеңеді» деген қағида жүрмейді. Оның тағдырына қоғамның дайындығы, тұтынушының әдеті, өндіріс мүмкіндігі, заң талаптары, бәсеке, баға және уақыт қатар әсер етеді.

Келесі болып қай технология үмітті ақтамауы мүмкін?

Фабио Дуарте жүргізетін семинарда студенттер өткен жобаларды зерттеумен ғана шектелмейді. Оларға MIT Technology Review кейінгі жылдары серпінді деп таныған технологиялардың арасынан болашақта күткен нәтижеге жете алмауы мүмкін бағыттарды таңдап, өз тұжырымын негіздеу тапсырылған.

Олардың назар аударған бағыттарының бірі – жасанды интеллектіні үйретуге арналған синтетикалық деректер. Бұл технология MIT Technology Review тізіміне 2022 жылы енген.

Синтетикалық дерек – нақты өмірден жиналмай, алгоритмдер арқылы жасалған ақпарат. Мұндай мәліметтерді басқа жасанды интеллект үлгілерін үйретуге пайдалануға болады.

Алайда мұнда зерттеушілер қарастырып жүрген қауіп бар. Егер ЖИ үлгілері қайта-қайта өзі немесе басқа ЖИ жасаған деректерге сүйеніп үйретілсе, бастапқы шынайы деректердегі ақпарат біртіндеп бұрмалануы немесе жоғалуы мүмкін.

Ғылыми әдебиетте мұндай ықтимал құбылыс model collapse – модельдің құлдырауы деп аталады. Бұл синтетикалық деректер міндетті түрде сәтсіздікке ұшырайды деген сөз емес. Әңгіме оларды шынайы деректердің орнын толық басатын ақпарат ретінде пайдаланудың ықтимал қатері туралы болып отыр.

Студенттер талқылаған тағы бір технология – 2021 жылы серпінді деп танылған TikTok-тың ұсыным алгоритмі. Мұнда мәселе оның қаншалық жақсы жұмыс істейтінінде ғана емес, адамдардың мұндай жүйелерге алдағы уақытта қалай қарайтынында.

Ұсыным алгоритмдеріне айтылатын сынның бір бөлігі олардың адамның назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстайтын контентті алға шығаруына байланысты. Сын айтушылардың пікірінше, мұндай жүйе авторларды күрделі ойды жан-жақты түсіндіруден гөрі, көрерменді алғашқы секундтарда қызықтыратын әрі тез қабылданатын контент жасауға итермелеуі мүмкін.

Семинарда студенттер технологияның әлсіз тұсын анықтап қана қоймай, оны жетілдіру жолдарын да қарастырады. Мәселен, TikTok секілді платформаларда пайдаланушыға ұсынымдарды өз қалауына қарай реттеуге көбірек мүмкіндік беру ұсынылған. Яғни адам қызығатын тақырыбымен қатар, көргісі келетін контенттің сипатын да – танымдық, байыпты немесе ойын-сауық бағытындағы мазмұнды – өзі таңдай алар еді.

Технологияның тағдырын оның мүмкіндігі ғана шешпейді

Соңғы 25 жылдағы тәжірибе технологияның зертханада сәтті сыналуы оның жаппай қолданысқа енуіне кепіл бола алмайтынын көрсетті.

Өнім қанша жерден озық болса да, адамдар оны пайдаланғысы келмеуі мүмкін. Пайдалануға дайын болғанымен, бағасы тым қымбат болуы ықтимал. Бағасы қолжетімді болса да, оған қажетті жағдай жасалмауы мүмкін. Ал кейде технология дұрыс болғанымен, өз уақытынан ерте туады.

Сондықтан бүгін «болашақты өзгертеді» деп бағаланған жаңалыққа қарағанда бір ғана «Бұл технология не істей алады?» деген сұрақпен шектелу жеткіліксіз. «Оны кім пайдаланады? Қоғам оған дайын ба? Қазіргі жүйеге қалай енеді? Оны жүзеге асыру қаншалық тиімді?» деген сұрақтардың жауабы да маңызды.

Өйткені технология тарихында жақсы идеялардың бәрі бірдей табысқа жетпейді. Бірақ жүзеге аспай қалған идеялардың бәрі де із-түзсіз жоғалмайды.

Кейде бүгін үмітті ақтамаған жоба бірнеше жылдан кейін басқа атаумен, басқа құрылғыда және қолайлы уақытта қайта оралады.

Оқи отырыңыз