Аустралияның Сидней қаласында технологиялық Atlassian компаниясының жаңа штаб-пәтері – Atlassian Central зәулім ғимаратының негізгі құрылысы аяқталды. Биіктігі 180 метр болатын 39 қабатты нысан ағаш, болат және бетоннан тұрғызылған әлемдегі ең биік гибридті ғимарат атанды.
Бұған дейін бұл рекорд АҚШ-тың Милуоки қаласындағы биіктігі 86,6 метр болатын Ascent тұрғын үй мұнарасына тиесілі еді. Жаңа ғимарат оның көрсеткішінен шамамен 100 метрге биік.
Ерекшелігі неде?
Ғимарат ерекше гибридті құрылыммен салынған. Оның негізін екі темірбетон өзек құрайды. Олар жаппай ағаштан жасалған қабатаралық жабындар мен ішкі конструкцияларды ұстап тұрса, сыртынан бүкіл нысанды болат экзоскелет қоршап тұр.
Экзоскелет әр төрт қабат сайын орналасқан жеті «мега-қабаттың» жүктемесін көтереді. Осылайша мұнара бірнеше тік блокқа бөлінген. Сәулетшілер бұл бөліктерді табиғи әрі жайлы жұмыс ортасы ретінде жобалаған.
Ішінде не болады?
Ғимарат ішінде кеңсе бөлмелері, бірнеше қабатты атриумдар және жасыл желекпен көмкерілген ашық қоғамдық террасалар орналасады. Жобаны әзірлеген SHoP Architects бюросының мәліметінше, ағашты кеңінен пайдалану ғимараттың жалпы салмағын азайтуға мүмкіндік берген. Ал болат пен бетон оның беріктігі мен сейсмикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.