Жаңалықтар

Әлемдегі ең бай отбасылардың тізімі жасалды

Әлемдегі ең бай отбасылардың тізімі жасалды
Фото: ©AP/Kirsty WIGGLESWORTH 10.12.2023 18:08 4579

Bloomberg-тің ең бай әулет тізімінде тұңғыш рет БАӘ-де шыққан отбасы көш бастады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Әл-Нахайян әулеті Абу-Дабиде тұрады. Бүгінгі таңда олардың табысы 305 млрд долларға тең.

Әл-Нахайян мұнай табылмай жатып ондаған жыл бойы БАӘ-дегі көптеген жерге ие болып келген. Ал қара алтын бұл отбасының да, араб мемлекетінің де жағдайын тіпті өзгертіп жіберді. Агенттік мәліметінше, бұл отбасының мүшелері қазір де БАӘ-де жоғары лауазымды қызмет атқарады. Айталық, шейх Мохаммед бен Заид Әл Нахайян ел президенті, ал оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі шейх Тахнун ибн Шахбут Әл Нахайян жеке өзінің ғана емес, 1,5 трлн долларға тең тәуелсіз активтерді де бақылайды.

Bloomberg екінші орынға қатарынан төрт жыл бойы бірінші орында келген Уолтон отбасын қойған. Олар көтерме және бөлшек саудадағы ең ірі желі саналатын Walmart-ты басқарады. Бұл отбасының табысы бір жылда 35,2 млрд долларға артып, 259,7 млрд долларды құраған.

1962 жылы кәсіпкер Сэм Уолтон Walmart-тың негізігін қалаған. Бүгінде әлем бойынша бұл дүкендер саны 10,5 мыңнан асады, ал компания табысы 611,3 млрд долларға тең. Уолтон отбасы желінің 46% акциясына ие.

Ең бай отбасылардың ондығына кіргендер:

Эрме отбасы. Француздың Hermes сән үйінің иесі — $150,9 млрд (бір жылда қосымша 56,3 млрд доллар);

Марс отбасы. Кондитерлік өнімдер мен ұзақ мерзімді азық-түлік өндіретін Mars компаниясының басшылары — 141,9 млрд доллар (минус $18,1 млрд);

Әл Тани әулеті. Катарда билік тізгініндегі шейхтер мен әмірлерден тұратын үлкен әулет. Табысы — 133 млрд доллар (рейтингке тұңғыш рет енген);

Кох отбасы. Америкадағы Koch Industrues мұнай-химия корпорациясының иесі — 127,3 млрд доллар (плюс $2,9 млрд);

Сауд Арабиясындағы Әл Сауд корольдік отбасы — 112 млрд доллар (плюс $7 млрд);

Амбани отбасы. Мұнай өндіріп, оны өңдеумен айналысатын Reliance Industries холдингінің иесі — $89,9 млрд (плюс $5,5 млрд);

Вертхаймер отбасы. Француздың Chanel сән үйіне иелік етеді — 89,6 млрд доллар (плюс $10,6 млрд);

Томпсон отбасы. Reuters ақпараттық агенттігінің бақылау пакетінің иесі — 71,1 млрд доллар (плюс $8,9 млрд).

Сондай-ақ тізімге Cargill ауыл шаруашылығы компаниясын басқаратын Каргилл отбасы, Boehringer Ingelheim фармацевтикалық компанияларды басқаратын Берингер / фон Баумбах отбасылары және Cox Enterprise телекоммуникациялық компаниясының иесі болып табылатын Кокс отбасы кірген.

Bloomberg мәліметінше, соңғы жылда ең бай отбасылардың жалпы табысы 1,5 трлн долларға артқан. Сондай-ақ агенттік тізімдегі араб елдерінің өкілдерінің кірісі бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін алға тартады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға