Жарнамалық маңдайшалар, логотиптер мен маркетингтік науқандар пайда болмай тұрып-ақ адамдар тауарды оның ерекше белгісі мен танымал сипатына қарап таңдаған болуы мүмкін.
Ғалымдардың пікірінше, қазіргі Сауд Арабиясының аумағындағы ежелгі қоныстан табылған ерекше өрнекті қыш ыдыстар адамзат тарихындағы «брендтің» ең алғашқы үлгілерінің бірі болуы ықтимал.
Әңгіме Qurayyah Painted Ware деп аталатын Курайяның өрнекті керамикасы туралы. Мұндай қыш бұйымдар Араб түбегінің солтүстік-батысындағы Курайя оазисінде өндірілген.
Алғашқы бұйымдар шамамен 3600 жыл бұрын пайда болған. Ал бұдан 3200 жылдай бұрын олардың өндірісі біріздендіріліп, ыдыстарға алыстан тануға болатын өзіндік сипат қалыптасқан.
Курайя керамикасының басты ерекшелігі – екі түсті өрнектер, жануарлардың бейнелері және адамдардың салт-жоралғыларына қатысты көріністер. Зерттеушілер ыдыстардың орталықтандырылған пеште күйдірілгенін анықтаған. Оның үстіне әртүрлі бұйымдардың шикізат құрамы, жасалу технологиясы мен безендірілу тәсілдері бір-біріне өте ұқсас болған.
Ежелгі дәуір үшін мұндай өндіріс тәсілі айрықша құбылыс еді. Зерттеушілер пайымдауынша, сол заманның өзінде адамдар белгілі бір бұйымды сыртқы көрінісі мен сапасына қарап ажырата алған. Басқаша айтқанда, тауардың өзіндік «қолтаңбасы» қалыптасқан.
Курайя керамикасы жүздеген шақырым жерден табылған
PLOS ONE ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу аясында мамандар қыш ыдыстардың сынықтарына петрографиялық және геохимиялық талдау жүргізген.
Нәтижесінде Курайяда жасалған бұйымдардың оазистен жүздеген шақырым қашықтағы археологиялық ескерткіштерден табылған керамикамен сәйкес келетіні анықталды. Мұндай жәдігерлердің бір бөлігі Оңтүстік Левант аумағынан да табылған.
Бұл Курайяның басқа өңірлермен тұрақты сауда байланысы болғанын және керамиканың тек жергілікті қажеттілік үшін емес, өзге аймақтарға сату мақсатында да өндірілгенін көрсетуі мүмкін.
Ғалымдардың назарын аударған тағы бір маңызды жайт бар: Курайяның түпнұсқа бұйымдары алыс аймақтарға тасымалданып қана қоймаған. Археологтар басқа қоныстардан сол керамикаға ұқсатып жергілікті жерде жасалған көшірмелерді де тапқан.
Зерттеушілер үшін бұл маңызды белгі екені анық. Өйткені белгілі бір тауарды өзге жерде қайталап жасауға тырысу оның қоғамда сұранысқа ие болғанын, танылғанын және белгілі бір бедел қалыптастырғанын аңғартады.
Мыңдаған жыл бұрынғы «бренд»
Курайяның өрнекті керамикасы ауқатты адамдар жерленген қабірлер мен мәртебесі жоғары археологиялық орындардан да табылған. Бұл мұндай ыдыстардың күнделікті тұрмыстық зат қана емес, белгілі бір дәрежеде мәртебе көрсеткіші болғанын білдіруі мүмкін.
Курайя керамикасының өндірісі де таңғаларлықтай ұзақ уақытқа созылған. Зерттеушілер дерегінше, бұл дәстүр шамамен б.з.д. VI ғасырға дейін жалғасқан.
Осылайша, супермаркет, жарнама агенттігі немесе заманауи маркетинг жайлы түсінігі болмаған дәуірдің өзінде қазіргі брендтерге тән бірнеше белгі қатар қалыптасқан: танымал дизайн, тұрақты сапа, орталықтандырылған өндіріс, кең сауда желісі және түпнұсқаға еліктеп жасалған көшірмелер.
Әрине, ежелгі адамдар мұны бүгінгідей «бренд» деп атамаған. Дегенмен Курайя керамикасының тарихы адамдардың белгілі бір өндірушінің тауарын сыртқы ерекшелігі мен сапасына қарап танып, оған басымдық беруі мыңдаған жыл бұрын-ақ қалыптаса бастағанын көрсетеді.