Шетелге шығатын адамға паспорт қажет. Президенттер мен король әулетінің өкілдері де бұл талаптан босатылмаған. Алайда Ұлыбритания королі III Чарльз, Жапония императоры Нарухито мен императрица Масакоға шетелге сапарлау үшін паспорт қажет емес. Бір қызығы, үшеуінің паспортсыз жүруінің себебі бірдей емес.
III Чарльз өзіне өзі паспорт бере алмайды
Ұлыбритания корольдік отбасының ресми сайтында шетелге шыққанда корольге британ паспорты қажет емес екені жазылған. Оның себебі британ паспортының өзінде жатыр. Ел азаматтарына паспорт монархтың атынан беріледі. Құжатта корольдің атынан паспорт иесін бөгетсіз өткізу, қажет кезде оған көмек пен қорғау көрсету сұралады.
Демек, III Чарльздың өз атымен өзіне паспорт рәсімдеуінің қажеті жоқ. Бұл артықшылық король әулетінің басқа мүшелеріне берілмейді. Олар шетелге паспортпен шығады.
III Чарльз мұндай мәртебеге 2022 жылы анасы II Елизавета қайтыс болып, таққа отырғаннан кейін ие болды. Оған дейін паспортсыз сапарлау құқығы II Елизаветада болған.
Жапония императоры мен императрицасында да паспорт жоқ
Жапония императоры Нарухито мен оның жұбайы Масако да шетелге әдеттегі паспортпен шықпайды. Asienspiegel басылымының жазуынша, бұл тәртіптің тарихы 1971 жылдан басталады. Сол кезде Жапония билігі император мен императрицаға қарапайым азаматтар сияқты паспорт беруді олардың мәртебесіне сай емес деп тапқан.
Сондықтан олардың шетел сапары бөлек тәртіппен рәсімделеді. Жапонияның Сыртқы істер министрлігі баратын елге сапар туралы алдын ала хабарлап, қажетті құжаттарды дипломатиялық жолмен реттейді. Бұл жеңілдік император әулетінің өзге мүшелеріне жүрмейді. Олар шетелге тиісті паспортпен шығады.
Нарухито 2019 жылғы 1 мамырда әкесі Акихито тақтан кеткеннен кейін Жапония императоры болды. Ал императрица Масако король әулетіне келмей тұрып дипломат болған. Ол Гарвард университетінде білім алып, кейін Жапонияның Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен.
Бірақ Рим Папасы паспорт қолданады
Мемлекет басшысы болу паспорттан автоматты түрде босатады деген сөз емес. Мысалы, Ватикан басшысы Рим Папасы халықаралық сапарларда тиісті жол жүру құжаттарын пайдаланады.
Яғни мәселе адамның қаншалық жоғары лауазым иесі екенінде емес. III Чарльздың жағдайында бұл – Ұлыбританиядағы паспорт беру тәртібінен туындайтын ерекшелік. Ал Жапонияда император мен императрицаның сапары олардың мемлекеттік мәртебесіне байланысты бөлек рәсімделеді.
Сондықтан президенттер, премьер-министрлер мен король әулетінің өзге өкілдері паспортпен сапарласа, III Чарльз, Нарухито мен Масакоға мұндай құжат қажет емес.