Қытайлық автокөліктердің күшеюі, Ирандағы соғыстың салдары және АҚШ-тың жоғары кедендік баж салығы әлемдегі жетекші автоконцерндерді қиын жағдайға тіреді. Компаниялар шығынды азайту мақсатында қызметкерлер санын ғана емес, модельдік қатарын да қысқартуға көшті. Сарапшылар алдағы жылдары өндірістен алынуы мүмкін танымал көліктерді атады.
Volkswagen модельдік қатарын екі есеге қысқартады
Соңғы уақытта Германияның автокөлік өнеркәсібі үлкен қысымға ұшырады. Әсіресе Volkswagen тобы америкалық және жапониялық бәсекелестеріне нарықтағы үлесін жоғалтып келеді.
Компания модельдік қатарды қайта қарап, барлық бренд бойынша көлік түрлерін шамамен 50 пайызға, ал жабдықталу нұсқаларын 75 пайызға қысқартуды жоспарлап отыр. Әзірге нақты қай модельдердің өндірістен алынатыны жарияланған жоқ.
Дегенмен 2025 жылдың жазында Autocar басылымы флагмандық Volkswagen Touareg кроссоверінің өндірісі тоқтатылатынын хабарлаған болатын. Оның орнына жаңа буын шығарылмайды, ал компания сұранысы жоғары әрі табысты модельдерге басымдық бермек.
Өндірістен алынуы мүмкін тағы бір модель – электрлі Volkswagen ID.5. Ол 2027 жылға қарай конвейерден кетуі ықтимал. Себебі бұл модель ID.4 сияқты коммерциялық жетістікке жете алмады.
Сарапшылар сондай-ақ T-Roc Cabriolet кабриолеті мен іштен жанатын қозғалтқышы бар Polo моделінің де өндірістен шығуы мүмкін екенін айтады. Еуропада оның орнын электрлі ID. Polo басады деп күтілуде.
Сонымен қатар электрлі Volkswagen ID. Buzz шағын минивэнінің жаңа буынының тағдыры да бұлыңғыр. Бұған сатылымның төмендігі себеп болып отыр.

Porsche модель санын азайтады
2026 жылдың шілде айының соңына дейін бензинмен жүретін Porsche Macan өндірісі толық тоқтатылады. Компания қатарында тек толық электрлі Macan EV қалады.
Porsche басшылығы соңғы жылдары модельдік қатардың шамадан тыс күрделеніп кеткенін айтып, түрлі модификациялар санын қысқартатынын мәлімдеді. АҚШ-та компания Taycan моделінің екі универсал нұсқасын да өндірістен алып тастады.
Mercedes-Benz қолжетімді модельдерден бас тартады
Дағдарыс жағдайында Mercedes-Benz Германиядағы кейбір өндіріс орындарын қысқартып, дилерлік желісін де оңтайландырып жатыр.
Компания жаңа стратегия аясында қолжетімді көліктерден кезең-кезеңімен бас тартуды көздейді. Осыған байланысты A-Class пен B-Class модельдері өндірістен шығарылады. Бұдан бөлек, бренд бензинді және электрлі нұсқаларды бірдей кузовта шығаруға көшпек. Ал B-Class өндірісі іс жүзінде өткен жылдың соңында тоқтатылған.
Toyota артық модельдерден құтылады
2026 жылдың маусымында Toyota North America президенті Кента Кон компания модельдерінің шамадан тыс көп болуы табысқа кедергі келтіретінін айтты.
Осыған байланысты Lexus LF-ZC электрлі седанын шығару жоспарынан бас тартылды. Сонымен қатар сарапшылар өндірістен Toyota Mirai, Toyota Crown және Toyota Tundra-ның кейбір нұсқалары алынуы мүмкін екенін болжайды.
Nissan модель санын 20 пайызға қысқартады
2026 жылдың сәуірінде Nissan бас директоры Иван Эспиноса компания модельдерінің санын 56-дан 45-ке дейін азайтатынын жариялады.
Қай модельдер қысқаратыны әзірге нақтыланбаған. Алайда ықтимал үміткерлер қатарында Rogue PHEV қосылатын гибриді мен сатылымы төмендеп кеткен Altima бар.
Volvo арзан электрлі моделінен бас тартты
Volvo АҚШ-та ең қолжетімді электрлі EX30 моделінің сатылымын тоқтатты.
Бұл көлік Қытай платформасында жасалған. АҚШ Қытайдан әкелінетін автомобильдерге жоғары баж салығын енгізгеннен кейін өндіріс Бельгияға көшірілгенімен, кейін де қиындықтар жалғасты. Соның салдарынан EX30 АҚШ нарығында енді сатылмайды, бірақ Канада мен Мексикада уақытша қолжетімді болып қала береді.
Tesla екі моделінің өндірісін тоқтатты
Америкалық Tesla да модельдік қатарын қысқартып жатыр. Компания Калифорниядағы Фримонт зауытында Model S седаны мен Model X кроссоверінің өндірісін тоқтатты. Зауыт алдағы уақытта адам тәрізді роботтарды шығаруға бейімделмек. 2026 жылдың соңына дейін бұл жобаға 2 миллиард доллар инвестиция салу жоспарланған.
Hyundai универсалдардан бас тартты
Кореялық Hyundai универсал кузовындағы көліктерді шығаруды тоқтату туралы шешім қабылдады.
Бұл сегменттің соңғы өкілі – i30 Wagon. Оның орнына жаңа модель ұсынылмайды. Көлік негізінен корпоративтік клиенттер арасында сұранысқа ие болған.
Dodge танымал моделін өндірістен алды
Dodge компаниясы Hornet кроссоверін шығаруды тоқтатты.
2025 жылы бұл брендтің ең көп сатылған екінші моделі болғанымен, кейін сатылымы 54 пайызға төмендеді. Соның салдарынан Италиядағы өндіріс тоқтатылды. Алайда АҚШ-та осы модельдің баламасы саналатын Alfa Romeo Tonale әзірге сатылымда қала береді.