Әлем танитын спортшы әр қадамын ойлап басуы керек – Ділдәбеков Елеусінов туралы

Әлем танитын спортшы әр қадамын ойлап басуы керек – Ділдәбеков Елеусінов туралы
Фото: AI көмегімен жасалды

Соңғы уақытта қазақстандық боксшылар қоғамдық тәртіпті жиі бұзып жүр. Бірі әріптесіне күш көрсетсе, енді бірі мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себеп болған.

Олимпиада чемпиондарының қоғам алдындағы беделі мен жауапкершілігі туралы пікірталас қыза түсті. Осыған орай біз Олимпиада жүлдегері, белгілі былғары қолғап шебері Мұхтархан Ділдәбековтің пікірін білдік.

Данияр Елеусінов жақсы отбасыдан шыққан, тәртіпті жігіт. Оның мас күйінде көлік жүргізгеніне сенбей отырмын. Көлік апатына кім кінәлі екенін құқық қорғау орындары анықтайды деп ойлаймын. Заң бойынша мәселе шешілсе, жастарымыз сабақ алатыны анық, – дейді ол.

Мұхтархан Ділдәбековтің айтуынша, мұндай жағдайлар тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық жауапкершілік тұрғысынан да бағалануы тиіс. Әсіресе елге танымал спортшылардың әрбір әрекеті көпшіліктің назарында болады.

Фото: ҰОК
Фото: ҰОК

Олимпиада чемпионы болу оңай

Бұрын оқиға болған орында қалатын. Ал қазір халық барлығын әлеуметтік желі арқылы көріп отыр. Данияр шын батыр болса, шын қателік жасаса сол халықтан кешірім сұрауы керек. Себебі Олимпиада, Азия чемпионы болу оңай. Бірақ сол дәрежені ұстап жүру оңай емес. Біз де артымыздағы інілерімізге үлгі болуға тырысып жүреміз. Сондықтан спортшылар әр қадамын ойланып басуы керек, – дейді Мұхтархан Ділдәбеков.

Олимпиада жүлдегерінің сөзінше, бұрынғы буын боксшылары өздерінен аға спортшыларды үлгі тұтып өсті. Ал бүгінгі жас спортшылар да сондай жауапкершілікті сезінуі қажет.

Біз Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Қонақбаев, Ермахан Ибрагимов, Болат Жұмаділовті үлгі тұтып өстік. Ал қазіргі боксшылар ешкімді үлгі тұтпайды. Тек өздерін ғана үлгі санайды. Данияр Елеусіновты тек Қазақстан емес, әлем таниды. Кәсіпқой бокста да, әуесқой бокста да жетістікке жетіп жүр, – дейді белгілі былғары қолғап шебері Мұхтархан Ділдәбеков.

Оқиғаның мән-жайы

Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік істі қарап, оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Сот мәліметінше, спортшы Toyota Land Cruiser көлігін басқарып келе жатып бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болған. Боксшы оқиға орнынан бой тасалап үлгерген. Ал медициналық сараптама Данияр Елеусіновтің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын анықтаған.

Оқи отырыңыз