Әлем суды қалай үнемдейді? Қазақстанға қажет бес тәжірибе

Әлем суды қалай үнемдейді? Қазақстанға қажет бес тәжірибе
Фото: AI көмегімен жасалды

Әлемде су тапшылығы жылдан-жылға өзекті мәселеге айналып келеді. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі мен ауыл шаруашылығының дамуы тұщы суға деген сұранысты арттырды. Осыған байланысты бірқатар мемлекет пайдаланылған суды қайта өңдеуге көшсе, енді бірі шөлейт аймақтарда егін өсірудің тиімді жолдарын тапқан. Ал Қазақстан бұл тәжірибелерден не үйрене алады? El.kz интернет басылымы әлем елдерінің суды үнемдеудегі бес тәжірибесіне шолу жасады.

Дүниежүзілік ресурстар институтының (WRI) болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай әлемнің 33 мемлекеті су тапшылығының аса жоғары қаупіне тап болуы мүмкін. Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Әсіресе оңтүстік өңірлерде суармалы егіншілік өзен суына тәуелді.

Мәселен, Қызылорда облысында 2026 жылы күріш алқабы былтырғымен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, 70 мың гектар болған. Өңірде суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыруға басымдық беріліп жатыр.

Берлин еркін университетінің профессоры, географ Карл Тильман Рост та Қазақстанда су тапшылығының қаупі бар екенін ескертеді. Ол Cronos.Asia басылымына берген сұхбатында қолда бар су қорын тиімді пайдалану қажеттігін айтқан.

Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде су жетіспейтіні байқалады. Болашақта су көлемінің қаншалықты азаятынын нақты білмейміз. Бірақ оның азаюы ықтимал болғандықтан, қолда бар суды қалай тиімді пайдаланатынымызды қазірден ойластыруымыз керек, – дейді Карл Тильман Рост.

Ғалымның сөзінше, климаттың жылынуы мен мұздықтардың азаюы алдағы уақытта Орталық Азиядағы өзендердің су мөлшеріне әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда су тапшылығын тек егістік көлемін қысқарту арқылы шешу қиын. Ол үшін суды сақтау, қайта пайдалану және ысырапты азайтудың жаңа тәсілдерін енгізу қажет.

Сингапур пайдаланылған суды қалай қайта өңдейді?

Сингапур – табиғи тұщы су қоры шектеулі мемлекеттердің бірі. Сондықтан елде суды үнемдеу мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналған.

Мұнда NEWater деп аталатын технология арқылы пайдаланылған су бірнеше кезеңде тазартылып, қайта айналымға жіберіледі. Алынған судың басым бөлігі өндірісте қолданылады. Сонымен қатар елде жаңбыр суын жинау, теңіз суын тұщыландыру және құбырлардағы су шығынын бақылау жүйелері дамыған.

Қазақстан да Сингапурдың осы тәжірибесін зерттеп жатыр. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов бастаған делегация елдің су шаруашылығын басқару жүйесімен танысқан.

Бағдарлама нәтижелері Қазақстанның су саласына арналған технологиялық және басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде ескеріледі. Атап айтқанда, су шығынын азайту, цифрландыру, су ресурстарын қайта пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бағыттарында қолданылатын болады, – деді Жандос Сәлімов.

Сингапур тәжірибесін Қазақстанның ірі қалаларында қолдануға болады. Мәселен, тазартылған суды өндірісте, саябақтарды суаруда және техникалық қажеттіліктерге пайдалану ауызсу қорын сақтауға мүмкіндік береді. Ал су құбырларындағы шығынды цифрлық жүйе арқылы бақылау судың ысырап болуын азайтар еді.

Израиль шөл далада суды қалай үнемдеп отыр?

Израильдің едәуір бөлігінде климат құрғақ, жауын-шашын аз түседі. Соған қарамастан ел ауыл шаруашылығын дамытып, суды үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданады.

Соның бірі – тамшылатып суару жүйесі. Бұл тәсілде су егістікке молынан жіберілмей, арнайы құбырлар арқылы тікелей өсімдіктің тамырына жеткізіледі. Нәтижесінде судың булануы мен артық жұмсалуы азаяды.

Израильде топырақтың ылғалдылығын өлшейтін датчиктер мен автоматты суару жүйелері де пайдаланылады. Сонымен қатар тиісті деңгейде тазартылған сарқынды су егіншілікке қайта беріледі.

Елде ауадан ауызсу алатын технологиялар да әзірленіп жатыр. Мәселен, израильдік Watergen компаниясы ауа ылғалын жинап, оны суға айналдыратын құрылғы жасаған. Mobile Box деп аталатын шағын қондырғы өндірушінің мәліметінше, қолайлы жағдайда тәулігіне 20 литрге дейін су өндіре алады. Алынған су арнайы сүзгілер арқылы тазартылады.

Берлин еркін университетінің профессоры Карл Тильман Рост Cronos.Asia басылымына берген сұхбатында заманауи технологияларды енгізу үшін мамандарды даярлау маңызды екенін атап өткен. Ғалымның пікірінше, компьютер арқылы басқарылатын суару жүйелері тиімді болғанымен, оны кез келген фермер бірден меңгере алмайды. Сондықтан аграрлық оқу орындарында жастарға суды үнемдеудің жаңа әдістерін үйрету қажет.

Қазақстан үшін бұл тәжірибе әсіресе Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында маңызды. Тамшылатып суару технологиясын кеңейту егіншілікке жұмсалатын суды азайтып, шаруалардың су тапшылығына бейімделуіне көмектеседі.

Мысыр егістіктен шыққан суды қайта кәдеге жаратады

Мысырдың ауыл шаруашылығы Ніл өзеніне тәуелді. Сондықтан мұнда егістікке жұмсалған суды қайта пайдалану тәжірибесі қалыптасқан.

Елде суарудан кейін алқаптан шығарылатын қашыртқы су арнайы сорғы станциялары арқылы қайтадан суару арналарына жеткізіледі. Қажет жағдайда ол тұщы сумен араластырылып, егістікке беріледі. Осылайша бұрын пайдаланылған су қайтадан шаруашылық қажетіне жаратылады.

Бұл тәсіл Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін де тиімді болуы мүмкін. Мәселен, Қызылорда облысында қашыртқы суды қайта пайдалану мақсатында 398 сорғы қондырғысы дайындалған.

Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрбек Дәуренбеков бұл әдісті алдымен ғылыми тұрғыда зерттеу қажет екенін айтады.

Қазір су тапшылығы – Сыр өңірі үшін аса өзекті мәселенің бірі. Сондықтан қолда бар судың әр текше метрін тиімді пайдалануымыз қажет. Қашыртқы суды қайта пайдалану осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі деп ойлаймын. Әсіресе күріш алқаптарынан шығатын суды ысырап етпей, оның сапасын ғылыми тұрғыда зерттеп, тазарту және қайта айналымға қосу мәселесіне баса мән берген жөн, – дейді Нұрбек Дәуренбеков.

Дегенмен қашыртқы суды бірден егістікке жіберуге болмайды. Оның құрамында тұз бен басқа да қоспалар болуы мүмкін. Сондықтан алдымен судың сапасын тексеріп, қажет жағдайда тазарту маңызды.

Нидерланд өзенге еркіндік беріп, тасқынмен күреседі

Нидерланд – су тасқыны қаупімен күресуде мол тәжірибе жинаған ел. Мұнда өзендерді басқарудың ерекше тәсілі қалыптасқан. Елде Room for the River, яғни «Өзенге кеңістік беру» бағдарламасы жүзеге асырылған. Оның аясында кейбір бөгеттер өзеннен алысырақ көшіріліп, арналар кеңейтілген. Осылайша тасқын кезінде судың қауіпсіз таралуына жағдай жасалған.

Нидерланд су тасқынының алдын алумен қатар, құрғақшылық кезінде тұщы су қорын тиімді бөлуге де назар аударады. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін маңызды. Өйткені еліміздің кейбір өңірлері көктемде тасқыннан зардап шексе, жазда су тапшылығын сезінеді.

Сондықтан өзендерді басқару, су қоймаларының жұмысын үйлестіру және су қорын алдын ала жоспарлау мәселелерін бір жүйеде қарастырған жөн. Нидерланд тәжірибесі әсіресе тасқын қаупі жоғары аймақтарда пайдалы болуы мүмкін.

Аустралия жаңбыр суымен саябақтарды суарады

Аустралияда құрғақшылыққа байланысты суды үнемдеу және балама су көздерін пайдалану маңызды мәселелердің бірі саналады. Елдің Мельбурн қаласында жаңбыр мен нөсерден жиналған суды тазалап, саябақтар мен жасыл желектерді суаруға пайдаланады.

Мәселен, қаладағы Fitzroy Gardens саябағында арнайы жүйе арқылы жиналған су қайта пайдаланылады. Мельбурн әкімдігінің ресми мәліметінше, бұл жүйе жылына шамамен 30 миллион литр су жеткізеді.

Осындай тәжірибе Royal Park саябағында да бар. Мұндағы Trin Warren Tam-boore сулы-батпақты аумағында жаңбыр суы өсімдіктердің көмегімен табиғи жолмен тазартылады. Кейін ол арнайы су қоймасында жиналып, саябақты суаруға жұмсалады.

Мельбурн әкімдігінің мәліметінше, қаладағы су тұтынудың 23 пайызы жаңбыр мен нөсер суын жинау жүйелері арқылы қамтамасыз етіледі.

Бұл тәжірибе Қазақстанның ірі қалалары үшін де пайдалы болуы мүмкін. Мәселен, Астана мен Алматыдағы саябақтарда жаңбыр суын жинап, оны көгалдарды суаруға пайдалану ауызсу қорына түсетін жүктемені азайтар еді. Дегенмен мұндай жобаларды іске асыру кезінде әр өңірдің жауын-шашын мөлшері мен климаттық ерекшеліктерін ескеру қажет.

Қазақстанға қандай шешім қажет?

Су тапшылығы енді болашақтың емес, бүгінгі күннің мәселесіне айналды. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет – судың жаңа көзін іздеумен қатар, қолда бар қорды ысырап етпеу.

Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мәселе судың қанша екенінде ғана емес, оны қалай пайдаланатынымызда. Елімізде де егістікке жұмсалатын суды азайтып, тозған инфрақұрылымды жаңартып, пайдаланылған суды қайта айналымға қосуға басымдық берген жөн. Өйткені судың әр тамшысын үнемдеу – жай ғана экологиялық бастама емес, ертеңгі су тапшылығының алдын алатын нақты қадам.

Үй жағдайында суды қалай үнемдеуге болады?

Суды үнемдеу үшін міндетті түрде қымбат құрылғы орнатудың қажеті жоқ. Күнделікті әдеттерді өзгертудің өзі су шығынын азайтуға көмектеседі.

Кранды ашық қалдырмаңыз. Тіс тазалағанда, бет жуған кезде немесе ыдыс сабындағанда суды уақытша жауып қойыңыз.

Ваннаның орнына душ қабылдаңыз. Душта өткізетін уақытты қысқарту да суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Кір жуғыш машинаны толық толғанда қосыңыз. Бұл суды да, электр энергиясын да тиімді пайдалануға көмектеседі.

Ақауы бар крандарды уақытында жөндеңіз. Тамшылап тұрған кранның өзі ұзақ уақыт ішінде едәуір су ысырап етеді.

Су үнемдейтін құрылғыларды пайдаланыңыз. Кранға орнатылатын аэраторлар мен үнемді душ бастиектері су шығынын азайтады.

Суды қайта пайдаланудың қарапайым жолдарын қарастырыңыз. Мәселен, көкөніс жуған таза суды, егер оған жуғыш зат қосылмаса, кейбір өсімдіктерді суаруға пайдалануға болады.

Суды үнемдеу үлкен жобалардан ғана басталмайды. Кейде қарапайым бір әдетті өзгерту де маңызды нәтижеге жеткізеді.

Оқи отырыңыз