Бүгін, 24 мамыр – әлемдік сахнада қазақтың атын танытып жүрген әнші, композитор, мультиинструменталист Димаш Құдайберген 32 жасқа толды. Бір кездері Ақтөбедегі музыкалық колледж сахнасында ән айтып жүрген қарапайым бала бүгінде әлемнің ең ірі ареналарында аншлаг жинайтын деңгейге жетті.
Қазақ сахнасынан шыққан ерекше талант иесі
Димаштың шын есімі – Дінмұхаммед Құдайберген. Ол 1994 жылы Ақтөбеде өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева да музыка саласына жақын жандар. Сондықтан оның бала күнінен сахнадан алыстамауы заңды еді.
Болашақ жұлдыз алғаш рет бес жасында сахнаға шыққан. Ал алты жасында-ақ «Айналайын» республикалық байқауында жеңімпаз атанып үлгерді. Кейін «Жас Қанат», «Мейкин Азия», «Восточный базар» секілді халықаралық байқауларда топ жарып, кәсіби ортаға ерте араласты.
Дегенмен Димаштың өмірін түбегейлі өзгерткен сәт – 2015 жылғы «Славян базары» байқауы болды. Витебскідегі додада ол екі күн ішінде 175 ұпай жинап, Гран-при иегері атанды. Әсіресе «SOS d’un terrien en détresse» әнін орындаған сәттен кейін жас әншіге әлемнің назары ауа бастады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қытайды таңғалдырған қазақ жігіті
2017 жылы Димаш Қытайдағы «Singer» жобасына қатысып, нағыз сенсация жасады. Миллиондаған көрермен оның вокалдық диапазонына, сахнадағы харизмасына таңғалды. Сол кезеңнен бастап қытайлық жанкүйерлер оны «Димаш Дива» деп атай бастады.
Димаш бұл жобада тек ән айтып қойған жоқ. Ол қазақтың атын, мәдениетін, тілін де қатар танытты. Әлемнің түрлі елінен келген көрермендер алғаш рет қазақ әндерін тыңдап, домбыра үнін естіді.
Кейін ол АҚШ-тағы CBS арнасының «The World’s Best» шоуына қатысып, тағы да көпшілікті тәнті етті. Бірақ финалға жақындағанда балалармен бәсекеге түскісі келмейтінін айтып, жобадан өз еркімен кеткен еді. Бұл әрекеті көпшіліктің құрметін арттыра түсті.
Жобасы 2 миллиард қаралым жинады
Соңғы жылдары Димаш тек әнші ретінде емес, халықаралық жобалардың продюсері ретінде де көзге түсе бастады. Соның бірі – «Voice Beyond Horizon» жобасы. Бұл – Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырған ауқымды музыкалық телешоу.
Жобаның продюсері – Димаш Құдайбергеннің өзі. Бағдарламаға бірнеше елден келген өнерпаздар қатысып, түсірілім Қазақстанның ең көрікті жерлерінде өтті. Көрермен Түркістан, Бозжыра, Қайыңды көлі мен Бурабайдың табиғатын тамашалай алды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстан атынан қатысқан Нұржас Садырбай жобаның жеңімпазы атанды. Ал бағдарламаның өзі эфирге шыққан сәттен бастап жоғары рейтинг жинап, интернеттегі жалпы қаралымы 2,36 миллиардқа жетті.
Бұл жоба Димаштың тек сахнада ән айтатын орындаушы емес, халықаралық аудиторияны қызықтыра алатын ірі музыкалық жобалардың авторы екенін тағы бір дәлелдеді.
Туған күні қарсаңындағы тосынсый
Биыл да Димаш туған күнін сахнада қарсы алмақ. 23 мамыр күні ол Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін Ethnosport Culture Festival халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді. Бұл жаңалық жанкүйерлер үшін күтпеген тосынсый болды.
Фестиваль ұйымдастырушылары концерттің тегін өтетінін хабарлады. Димаштың тыңдармандары бұл кешті «әншінің туған күні алдындағы сыйлығы» деп қабылдады. Әлеуметтік желіде «Бұл қандай тосынсый!», «Туған күнінде де жанкүйерлерін қуантуды ойлайды» деген пікірлер қарша жауды.
«Мақсат – биік, ал басым – әрқашан төмен болсын»
Димаш тек әнімен емес, айтқан сөздерімен де көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Оның кейбір пікірлері қазірдің өзінде қанатты сөзге айналып үлгерді:
- «Мәңгілік ештеңе жоқ, сондықтан әр күніңді шынайы өмір сүр!».
- «Мақсат – биік, ал басым – әрқашан төмен болсын».
- «Өз тіліңді құрметтеу – өзіңді құрметтеу».
- «Музыка – тілден биік, ол жүрекпен естіледі».
- «Өз тіліңді құрметтеу – өзіңді құрметтеу».
Әлем мойындаған марапаттары
Димаш Құдайбергеннің қоржынындағы марапаттарды толық тізіп шығу қиын. Ол осы уақытқа дейін Қазақстанда ғана емес, Қытай, Ресей және әлемнің өзге де елдерінде ондаған беделді сыйлық пен атаққа ие болды.
Өнер иесі 2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алды. Кейін «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты атанды. 2017 жылы мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік стипендияның иегері болып, сол жылы Тұңғыш президент қоры сыйлығын жеңіп алды.
Димаштың халықаралық деңгейдегі табыстары әсіресе Қытайда айқын байқалды. 2018 жылы ол Қытайда «Жылдың үздік әртісі» премиясын иеленсе, Weibo Night салтанатында «Ең танымал әртіс» атағын жеңіп алды.
2019 жылы Ресейдің беделді «Виктория» ұлттық музыкалық сыйлығында бірден екі бірдей номинация бойынша топ жарды. Әнші «Жыл жаңалығы» және «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисі» атанды. Сол жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Ал 2021 жылы King Choice платформасындағы халықаралық онлайн дауыс беруде Димаш Азиядағы ең сымбатты ер адам деп танылды. Бұл дауыс беруде ол BTS тобының мүшесі Ким Сокджин мен кореялық актер әрі әнші Чха Ын Уды артта қалдырған.
Бірақ Димаш үшін ең үлкен марапат – әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдарманның ықыласы. Бүгінде оның концерттеріне ондаған елден жанкүйер келеді, ал қазақ әншісінің есімі әлемдік музыкалық сахнада жеке брендке айналып үлгерді.
Димаш туралы қызықты деректер
Димаш бірнеше тілде еркін ән орындайды. Оның репертуарында қазақ, ағылшын, француз, қытай, итальян және орыс тілдеріндегі шығармалар бар.
Әншінің дауыс диапазоны бес октавадан асады. Кейбір музыкалық мамандар оның мүмкіндігін алты октаваға дейін жеткізеді.
Ол әлемдік продюсерлік орталықтармен келісімшарт жасаудан бірнеше рет бас тартқан. Себебі шығармашылық еркіндігін жоғалтқысы келмейді.
2026 жылы халықаралық MsMojo арнасы Димаштың ең үздік 10 өнер көрсетуіне арнайы шолу жасап, оны «музыкалық феномен» деп атады. Арна авторлары әсіресе «Stranger», «SOS d’un terrien en détresse», «Olympico» секілді әндердегі вокалдық мүмкіндігіне ерекше тоқталған.
Бүгінде Димаштың жанкүйерлері Қазақстанмен ғана шектелмейді. Латын Америкасындағы фан-клубтары арнайы музыкалық жобалар түсіріп, оның шығармашылығына арналған бейнероликтер шығарып жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Димаш қашан үйленеді?
Әншінің қашан үйленетіні жанкүйерлеріне қашан да қызық. Бұл сауалға Димаш бірнеше рет жауап берген.
Өнер иесінің айтуынша, ол бұл мәселеге өте жауапкершілікпен қарайды.
Қатты сезімге беріліп, қыз баласының тағдырымен ойнаудан қорқамын. Қыздарымыздың қадірін жоғары бағалаймын, – деген еді әнші.
Сондай-ақ ол болашақ жары екеуі бірге қартайып, сол бақытты бағалап өмір сүргісі келетінін айтқан. Сондықтан жанкүйерлері асыға күткен жаңалық әзірге болмайтын секілді.