Әлем елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі әртүрлі. Экономикасы дамыған мемлекеттер мен дамушы нарықтардағы еңбек жағдайында айырмашылық үлкен.
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамына сәйкес, кейбір елдерде 2026 жылы жұмыссыздық деңгейі төмен, дегенмен бірқатар мемлекет жұмыспен қамту саласында күрделі мәселелерге тап болған. Бұған экономикалық өсім қарқыны, демографиялық ахуал және ұлттық еңбек нарықтарының ерекшеліктері әсер етеді.
2026 жылы әлемнің 103 еліндегі жұмыссыздық деңгейін көрсететін карта ХВҚ-ның 2026 жылғы қазанда жарияланған «Әлемдік экономиканың даму перспективалары» (World Economic Outlook) баяндамасындағы деректерге негізделген.
Судан мен Оңтүстік Африкада жұмыссыздық деңгейі жоғары
Болжам бойынша, зерттеуге енген елдер арасында жұмыссыздық деңгейі бойынша Судан бірінші орында тұр. Елдегі көрсеткіш 59,5 пайызға жетуі мүмкін. Бұл ұзаққа созылған қақтығыстың экономикаға тигізген ауыр зардабын көрсетеді.
Одан кейін Оңтүстік Африка орналасқан. Мұнда жұмыссыздық деңгейі 33,2 пайыз болады деп болжанған. Еңбек нарығындағы жүйелі мәселелер миллиондаған адамның жұмыс табуына кедергі келтіріп отыр.
Жұмыссыздық мәселесі тек дамушы мемлекеттерге тән емес. Экономикасы дамыған Еуропаның бірқатар елінде де бұл көрсеткіш жоғары деңгейде.
Еуропа елдеріндегі көрсеткіштер әркелкі
Еуропаның еңбек нарығында да айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, Финляндияда 2026 жылғы жұмыссыздық деңгейі 10,2 пайыз болады деп күтілуде. Бұл Польшадағы болжамды көрсеткіштен (3,2 пайыз) үш еседен астам жоғары.
Финляндияда ішкі сұраныстың әлсіздігі мен құрылыс саласындағы ұзаққа созылған құлдырау жұмыс берушілердің жаңа қызметкерлерді жалдауына кері әсер етіп отыр.
Францияда жұмыссыздық деңгейі 8,4 пайызға жетуі мүмкін. Бұл Германиядағы 4 пайыздық көрсеткіштен екі еседен астам жоғары. Айта кетейік, Германияның өзінде де өнеркәсіп саласында қиындықтар бар.
АҚШ-та жаңа жұмыс табу қиындап барады
Солтүстік Америкадағы еңбек нарығының жағдайы өзгеше. АҚШ-та жұмысқа қабылдау да, қызметкерлерді жұмыстан босату процесі де баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жаппай қысқарту байқалмағанымен, жаңа жұмыс іздеп жүрген адамдарға лайықты қызмет табу қиындай түскен.
Таиланд, Вьетнам, Жапонияда жұмыссыздық төмен
Болжам бойынша, Таиланд, Вьетнам, Жапонияда жұмыссыздықтың ресми деңгейі төмен. Қытай мен Үндістанда да көрсеткіш салыстырмалы түрде жоғары емес. Алайда бұл елдерде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі өзекті. Әсіресе, 15-29 жас аралығындағы азаматтардың еңбек нарығына орналасуы қиындық туғызады.
Мәселен, Үндістанда осы жас тобы ел халқының шамамен төрттен бірін құрайды. Бұл – 367 миллионға жуық адам. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту мәселесі елдің еңбек нарығы үшін маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек.