Әлем елдерінде интернетті қанша адам пайдаланады?

Әлем елдерінде интернетті қанша адам пайдаланады?
Фото: © pixabay.com

Интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Соған қарамастан әлемде миллиардтаған адам әлі де цифрлық мүмкіндіктерден тыс қалып отыр.

© Visual Capitalist
© Visual Capitalist

Инфографикада әлемнің әр еліндегі интернет пайдаланушылардың үлесі көрсетілген. Оны әзірлеу үшін Халықаралық электр байланысы одағының (International Telecommunication Union, ITU) 2025 жылғы деректері негізге алынған. Ал сол кезеңге қатысты мәлімет жарияланбаған елдер бойынша 2024 жылғы көрсеткіштер пайдаланылған.

Бахрейн, Кувейт, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде халықтың 100 пайызы интернетке қосылған. Дания (99,8%) мен Люксембургте (99,1%) де тұрғындардың басым бөлігі ғаламторды пайдаланады. Ал рейтингтің соңында Ауғанстан тұр: мұнда интернетке қол жеткізген тұрғындардың үлесі небәрі 16,1 пайыз. Бұл көрсеткіштер интернетті пайдалану деңгейі жоғары және төмен елдердің арасындағы алшақтық әлі де үлкен екенін аңғартады.

Интернетке қол жеткізу деңгейіндегі ең үлкен айырмашылықтардың бірі Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде байқалады. Нигерия халқының 41,2 пайызы, Кения тұрғындарының 35 пайызы интернетті пайдаланса, Замбияда бұл көрсеткіш небәрі 29,7 пайызды құрайды. Бұған телекоммуникация инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы мен мобильді интернет бағасының қымбаттығы негізгі кедергі болып отыр. Әсіресе желіні тарту мен кеңейту шығыны жоғары ауылдық жерлерде мәселе күрделі. Сондықтан цифрлық теңсіздікті азайту үшін интернет желісінің ауқымын кеңейту ғана жеткіліксіз. Халықтың оны қалтасы көтеретін бағамен пайдалануына да жағдай жасау қажет.

Азияда интернетті кеңінен пайдаланатын елдер аз емес. Малайзия халқының 98,3 пайызы, Сингапур тұрғындарының 97,4 пайызы, ал Оңтүстік Корея халқының 96,1 пайызы ғаламторға қосылған. Ал Үндістанда бұл үлес 70 пайызды, Филиппинде 67,3 пайызды құрайды.

GSM қауымдастығының дерегінше, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы дамушы елдерде мобильді байланыс желілері кең таралғанына қарамастан, шамамен 1,2 миллиард адам әлі күнге дейін интернетке қол жеткізе алмай отыр. Бұл интернет желісі мәселені толық шешпейтінін көрсетеді. Халықтың қажетті құрылғыларды сатып алу мүмкіндігі, цифрлық сауаттылығы және мобильді интернет бағасы да маңызды рөл атқарады.

Еуропада телекоммуникация инфрақұрылымы жақсы дамыған. Сонымен қатар құрлық елдері цифрлық қызметтерге қолжетімділікті арттыру бағытында ортақ саясат жүргізіп келеді. Интернетті пайдалану көрсеткіші Ресейде – 95,6%, Канадада – 94,4%, АҚШ-та – 94,7%, Аустралияда – 96,1%. Бұл елдер цифрлық даму деңгейі бойынша да әлемдегі көшбасшылардың қатарында. Дегенмен олардың ауылдық аймақтарында интернетке қол жеткізу мәселесі әлі де бар.

Оңтүстік Америка елдеріндегі жағдай біркелкі емес. Чилиде халықтың 95,6 пайызы, Уругвайда 92 пайызы интернетті пайдаланады. Ал Колумбияда бұл көрсеткіш 79,4 пайызға тең. Өңірдің бірқатар елінде интернеттің қолжетімділігіне географиялық ерекшеліктер, халық табысының әркелкілігі және кеңжолақты интернет инфрақұрылымын салу құнының жоғарылығы кедергі келтіріп отыр.

Оқи отырыңыз