Жаңалықтар

Әлем чемпионы атанған Дастан Ордабай елге оралды

Әлем чемпионы атанған Дастан Ордабай елге оралды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 09.01.2024 20:22 674

2-8 қаңтар аралығында Аустралия елінде өткен Virtus Cycling World Series-2024 жарысының 2 дүркін жеңімпазы Дастан Ордабайды жанкүйер қауым елорда әуежайынан күтіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аустралияның велоспорт федерациясының (AusCycling) және Sport Inclusion Australia-ның ұйытқы болуымен бүкіл әлемнің мықты велосипедшілері жиналды. Para cycling чемпионаты World Cycling Series-ке кіреді, оған 62 пара атлет қатысты. UCI Para-cycling кластары дене, көз, интеллектуалды бұзушылықтары бар, сондай-ақ есту бұзушылықтары бар спортшыларға арналған.

«Дастан II-3 (зердесі зақымдалған) санаты бойынша 18,8 км қашықтағы жеке жарыста уақытқа (Time trial) және 5,5 км қашықтықта критериумге (Criterium) қатысты. Нәтижесінде қос сайыста да қарсылас шақ келтірмеді. Осы жеңістің арқасында Дастан елімізде және Азия құрлығында топ жарған алғашқы спортшы атағына қол жеткізді. Жарыс басталмас бұрын Аустралиядағы турнирде чемпион боламыз деп ойламаппын. Басты мақсатымыз – өзгелермен тәжірибе алмасу еді. Басты бәсекелестеріміз ретінде Франция, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия өкілдері саналды. Қос алтынның ішінде критериум бағдарламасындағы жүлденің орны бөлек. Себебі, Дастан бастапқыда құлап қалғанымен, жарысты ары қарай жалғастырды. Нәтижесінде чемпион атанды.

Дастан Ордабай былтыр Францияда өткен Virtus Global Games бәсекесінде 3 күміс медаль алып, осы жарысқа лицензия ұтып алған еді. Міне, енді осы күмістерді биыл алтынға айырбастасақ деген үлкен жоспарымыз бар», – деп «Интеллектуалдық бұзылуы бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ-нің президенті Дина Темірғалиева ойын білдірді.

Айта кетейік, «Интеллектуалдық бұзылуы бар адамдарға арналған спорт федерациясы» велоспорттан бөлек, үлкен теннис, үстел теннисі, жеңіл атлетика сынды спортқа көңіл бөледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға