Әлем чемпионаты: Норвегия, Франция және Мексика 1/8 финалға жолдама алды

 Getty Images
Фото: Getty Images

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңі тартысты кездесулермен басталды. Алғашқы ойын күнінде Норвегия, Франция және Мексика құрамалары қарсыластарын жеңіп, турнирдің 1/8 финалына өтті.

Норвегия құрамасы АҚШ-тың Даллас қаласындағы AT&T стадионында Кот-д’Ивуарды 2:1 есебімен ұтты. Кездесу тең дәрежеде басталғанымен, 1-таймда қауіпті шабуылдарды көбірек ұйымдастырған норвегиялықтар есепті 39-минутта ашты. Антонио Нуса айып алаңының сол қапталынан орталыққа қарай ойысып, алыстағы жоғарғы бұрышты дәл көздеп, керемет гол соқты.

Екінші таймда Кот-д’Ивуар шабуылды үдетіп, бірнеше қауіпті мүмкіндікке ие болды. Әсіресе, Николя Пепенің соққысынан кейін Норвегия қақпашысы Эрьян Нюланд өз командасын голдан құтқарды. Бұған дейін норвегиялықтар стандартты жағдайдан есепті еселеуге жақын болғанымен, Амад Диалло допты қақпа сызығынан шығарып үлгерді.

Кездесудің басты кейіпкерлерінің бірі дәл осы Диалло болды. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан футболшы 74-минутта таразы басын теңестіріп, матчқа қайтадан интрига сыйлады. Дегенмен, ойынның соңғы сөзін Норвегия айтты. 86-минутта Патрик Бергтің нәтижелі пасынан кейін Эрлинг Холанд қақпаны дәл көздеп, командасына жеңіс пен 1/8 финал жолдамасын сыйлады. Енді Столе Сольбаккеннің шәкірттері келесі кезеңде Бразилия құрамасымен кездеседі.

Фото: Getty Images

Франция құрамасы да плей-оффтың алғашқы кезеңінен сенімді өтті. Ист-Ратерфордтағы «Метлайф» стадионында өткен ойында Дидье Дешам баптайтын ұжым Швецияны 3:0 есебімен жеңді.

Алғашқы тайм бойы француздар ойын тізгінін толық бақылауында ұстап, қарсылас қақпасына жиі қауіп төндірді. Швеция қорғанысы ұзақ уақыт бойы төтеп бергенімен, бірінші таймға қосылған минуттарда Килиан Мбаппе есеп ашты.

Үзілістен кейін Франция қысымды күшейте түсті. 53-минутта Брэдли Барколя есеп айырмасын екі допқа жеткізсе, 74-минутта Мбаппе өзінің екінші голын соғып, матч тағдырын толық шешті. Осылайша Франция құрамасы еш қиындықсыз келесі кезеңге өтті. Енді олар Германияны пенальтилер сериясында сенсациялық түрде жарыстан шығарған Парагваймен кездеседі.

Фото: Getty Images

Мехикода өткен ойын да жанкүйерлер назарын аударды. Найзағай мен нөсер жаңбырға байланысты матчтың басталуы бір сағатқа кейінге шегерілгенімен, бұл алаң иелерінің қарқынына әсер еткен жоқ. Мексика Эквадорды 2:0 есебімен жеңіп, ұзақ жылдардан бері жалғасып келген сәтсіз дәстүрін бұзды.

Ойынның 22-минутында Роберто Альварадоның ұзақ пасынан кейін Хулиан Киньонес қарсылас қорғанысын артта қалдырып, қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Тоғыз минуттан соң тәжірибелі шабуылшы Рауль Хименес Киньонестің пасын сәтті пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші таймда екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгерген жоқ. Қосымша уақыттың соңында Эквадор қорғаушысы Пьер Инкапье дөрекі ойыны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Осы жеңістің арқасында Мексика құрамасы 1/8 финалға шығып, әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңіндегі алғашқы айналымда тұрақты түрде жеңіліп қалатын жағымсыз дәстүрін тоқтатты. Келесі кезеңде мексикалықтар Англия мен Конго Демократиялық Республикасы құрамалары арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Еске салайық, бұған дейін Германия Парагвайдан жеңіліп, ал Бразилия Жапониядан басым түскен еді.

Оқи отырыңыз