Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Айти–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
34 жастағы спортшы тасжол велоспортынан ерлер арасындағы 32,1 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста мәреге бірінші болып жетті. Луценко қашықтықты 41 минут 24,05 секундта бағындырып, Қазақстан құрамасына Азия ойындарындағы екінші алтын жүлдені әкелді.
Жарыста жапониялық Шунсукэ Имамура 42:58.04 нәтижесімен күміс медаль иеленсе, Моңғолия өкілі Сайнбаяр Джамбальямц 42:58.06 көрсеткішімен қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұл – Алексей Луценконың мансабындағы төртінші Азия ойындары және құрлықтың басты додасында жеңіп алған бесінші алтын медалі.
Қазақстандық велошабандоз бұған дейін 2014 жылы Инчхонда, 2018 жылы Джакартада және 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жекелей уақытқа жарыста чемпион атанған. Сонымен қатар 2018 жылғы Джакарта ойындарында топтық жарыста алтын медаль жеңіп алса, Ханчжоудағы Азия ойындарында осы сайыста күміс жүлдеге ие болды.
Осылайша, Луценко Азия ойындарындағы жүлделер қорын бес алтын және бір күміс медальға жеткізді.
Алексей Луценко – 2017 жылғы Азия чемпионы және 2012 жылғы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде үш медаль бар. Бұған дейін ерлер арасындағы триатлонда Арлан Жанабай қола жүлде жеңіп алса, велоспорттан әйелдер арасындағы тасжол жарысында Рината Сұлтанова Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.