Александр Бублик Дубай турнирінің финалында ұтылып қалды
![Александр Бублик Дубай турнирінің финалында ұтылып қалды Александр Бублик Дубай турнирінің финалында ұтылып қалды](/storage/storage/element/2024/03/02/mainphoto/92385/1200xauto_0u6Qzw5hKzdzHzqKsiJs4QwlFsaAsNI24LvAP0ge.jpg)
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 18-ракеткасы франциялық Уго Умбермен шеберлік байқасты.
Осыған дейін Бублик ATP жарыстарында 10 рет финалға шығып, соның төртеуінде жеңімпаз атанған еді.
Бұл жолы бірінші партияны Умбер брейкпен тәмамдады – 6:4. Ол екінші сетте 4:1 есебімен алға кетті. Ақыры үшінші матчболын құр жіберген жоқ – 6:3.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 8 эйс жасап, 2 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
ATP додаларында алты рет финалға шығып, бәрінде чемпион атанған франциялық теннисші алдағы дүйсенбіде әлемнің 14-ракеткасы атанбақ.
Александр соңғы бәсекеде жеңіліп қалғанына қарамастан, рейтингіде 19-орынға көтеріледі. Бұл оның рекордтық көрсеткіші болмақ.
![Telegram](https://el.kz/static/site/images/tel26.png)