Жаңалықтар

Алдағы жеті жылда елімізде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Алдағы жеті жылда елімізде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
Фото: t.me/KZgovernment 05.06.2023 09:35 781

Алдағы 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Премьер-министр Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу туралы міндет қойғанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы 130 мыңнан астам отбасы баспана жағдайын жақсарта алды.

Бұл ретте, жоспар асыра орындалған өңірлердің ішінде Астана, Алматы қалаларын және Алматы облысын атап өтуге болады. Өз кезегінде Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жоспар орындалмай қалған, – деді Әлихан Смайылов.

Ол биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстары жоспардан артта қалып келе жатқанын атап өтті.

Баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін маңызы өте зор. Бұл еліміздің ірі қалаларында барынша өзекті болып отыр. Бүгінде 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебінде тұр. Аталған мәселені біртіндеп, жүйелі түрде шешу керек. Бізде Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде бірқатар бағыттар көзделген, – деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов сондай-ақ кейінгі уақытта халықтың тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың ретсіз, бей-берекет салынуына, объектілердің уақтылы іске қосылмауына қатысты өте көп шағым түскенін айтты.

Мәселен, Астанада «Будапешт» тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, лифтілер жиі істен шығады. Алматыда таулы жерлерде, суға жақын маңдарда және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңнаманы бұзудың 150-ден астам фактісі анықталды, – деп атап өтті премьер-министр.

Қорытындылай келе, ол тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды іске қосу бойынша осы жылға арналған барлық жоспарлардың толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп, жоғарыда айтылған кемшіліктерді ескеру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар премьер-министр бір ай мерзімде кезекте тұрғандар үшін үй бөле отырып, кешенді құрылыс салуды қаржыландыру механизмін іске қосу бойынша шаралар қабылдауды, және 1 қыркүйекке дейін кезекте тұрғандардың тізімін белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан өзектендіруді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға