Жаңалықтар

Сайлау бюллетенінің бірнеше түсі болады

Сайлау бюллетенінің бірнеше түсі болады
Фото: El.kz 14.03.2023 12:10 1350

«Адал сайлау үшін» штабының мүшелері БАҚ өкілдері үшін кезекті брифинг өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Штаб мүшесі Жанар Бұқанова сайлау бюллетеньдерін дайындау, сақтау және оларға кандидаттар мен партияларды қосу тәртібі туралы айтты.

Сайлау бюллетеньдері мемлекеттік тілде және орыс тілінде басылады. Ол сайлаушылар санына тең мөлшерде дайындалады. Учаскелік сайлау комиссияларына сайлауға дейін кемінде үш күн бұрын және бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі. Сайлау бюллетеньдері орналасқан үй-жай мөрленеді және ішкі істер органдарына күзетке тапсырылады, – деді Жанар Бұқанова.

Бұдан бөлек, сайлау бюллетеніне тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген барлық тіркелген кандидаттар мемлекеттік тілдің әліпби тәртібімен және «бәріне қарсымын» жолы енгізіледі. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетеніне жеребе арқылы айқындалған тәртіппен саяси партиялардың атаулары және «бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетенінің нысаны мен мәтінін бекітеді. Комиссияның тізіміне сәйкес, 19-наурыз күні кәмелеттік жасқа толған, әрекет қабілеттілігі шектелмеген, түзеу мекемелерінде орналаспаған 12 152 876 сайлаушы сайлауға қатыса алады. Сайлау күні осы аталған саннан бір пайыз артық бюллетень шығарылады, – деді ол.

Сайлау күні бірнеше түсті бюллетеньдер болады. Парламент Мәжілісінің партиялық тізімдері бойынша көгілдір түс белгіленген. Оған А5 форматы бекітілген. Егер кандидаттар тізімі 16-дан асып кетсе, бюллетеньдер А4 форматында болады. Парламент Мәжілісіне бір мандатты округтер бойынша жасыл түс бекітілді.

Сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер дауыс беру күнінен кешіктірілмей енгізіледі. Сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу туралы шешім жоғары тұрған сайлау комиссиясына жіберіледі.

Әбдікәрім Ақжанов сайлау комиссиясы мүшесінің азаматтарға басқа адамдарға дауыс беру мүмкіндігін беру мақсатында сайлау бюллетеньдерін бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін (ҚР ӘҚБтК 110-бабы) және жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын атап өтті.

Сондай-ақ сайлау құжаттары немесе референдум құжаттары бұрмаланып, бюллетеньдерге жалған жазбалар енгізілсе, дауыстар дұрыс есептелмей не сайлау нәтижелерін дұрыс белгіленбесе, дауыс беру құпиялылығы бұзылса, төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінде, яғни 13 млн 800 мың теңгеге дейін айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектетіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға