«Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі қызғылт қамзол алдағы «Қазақ аруы» байқауының сахнасында қайта жаңғырады. Байқаудың негізін қалаушы Баян Мақсатқызы жаңа маусымды қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешова мен Қыз Жібек бейнесіне арнайтынын айтты.
Продюсер бұл туралы «Talk Like» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Меруерт Өтекешова байқауға арнайы шақырылып, құрметті қонақ ретінде төрден орын алады. Ал қатысушы арулардың барлығы «Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі қызғылт қамзол үлгісіндегі киіммен сахнаға шықпақ.
Мен үшін “Қыз Жібек” – қазақстандық фильмдердің ішіндегі ең үздігі. Оны нағыз жауһар туынды деп есептеймін. Сондықтан байқауды Меруерт Өтекешова мен Қыз Жібекке – қазақ қызының сұлулығы мен тазалығының символына арнауды шештім. Алғашқы “Қазақ аруы” байқауы да “Гәкку” әнімен басталған еді. Ол кезде де осы фильмге деген құрметімізді білдірдік, – деді Баян Мақсатқызы.
Продюсердің сөзінше, «Қазақ аруының» қалыптасқан ережелері мен негізгі талаптары өзгермейді. Өйткені әлемдегі кез келген сұлулық байқауының өз тәртібі, форматы мен дәстүрі бар. Ал жаңа байқаудың толық тұжырымдамасы әзірге бекітілмеген. Ұйымдастырушылар дайындықты іс-шараға екі ай қалғанда бастайды. Байқауды қазан немесе қараша айында өткізу жоспарланып отыр.
«Бір күнде елге танымал болу – үлкен мүмкіндік»
Сұхбат барысында Баян Мақсатқызы «Қазақ аруы» жеңімпаздарының кейінгі тағдыры туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, байқау аруларға танылуға жол ашады, алайда сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану әр жеңімпаздың өзіне байланысты.
Мен “Қазақ аруы” жеңімпаздарының болашағына жауапты емеспін. Олардың арасында жақсы актриса, танымал блогер, дизайнер атанғандар бар. Бір күннің ішінде елге танымал болу – үлкен мүмкіндік. Ал одан әрі сол мүмкіндікті қалай пайдаланатыны қыздың өзіне байланысты. Егер ол жеңіске белгілі бір мақсатпен келіп, тәжді өз қабілетін дамыту үшін дұрыс қолдана алса, алдынан талай есік ашылады. Мен оларға жол мен мүмкіндік беремін, – деді продюсер.
«Бұл қамзолдың маған келуі тегін емес»
Баян Мақсатқызы «Қыз Жібек» фильміндегі қызғылт қамзолдың өзіне табысталуын кездейсоқтық деп санамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жәдігерге қатысты қоғамда туған пікірталас кейін Меруерт Өтекешоваға көмектесу туралы шешім қабылдауына себеп болған.
Мен Жаратқаннан келген белгілерге сенемін және оларды түсінуге тырысамын. Неліктен бұл қамзол басқа адамға емес, дәл маған келді? Неге ол Қазақстанда соншалықты үлкен әңгіме тудырды? Мен мұның бәрі жайдан-жай болмағанын түсіндім. Қамзолды ерте ме, кеш пе музейге тапсыратынымды білетінмін. Тек қай музейге беретінім белгісіз еді, – деді продюсер.
Кейін ол журналист Майя Бекбаеваның Меруерт Өтекешовамен сұхбатын көріп, актрисаның жеке баспанасы жоқ екенін білген. Осыдан соң жұбайы Тұрсынғали Алагөзовпен ақылдасып, оған толық жабдықталған пәтер сыйлауды ұйғарған.
Сұхбатты көргеннен кейін бұл маған берілген белгі екенін түсіндім. Күйеуіме Меруерт апайға пәтер сыйлауымыз керек екенін айттым. Ол бірден келісті. Мен жай ғана бос пәтер бергім келмеді. Үйге кіріп, бірден өмір сүре алатындай, ештеңеге алаңдамайтындай жағдай жасағым келді, – деді Баян Мақсатқызы.
Продюсер бұған дейін Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын бір миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл көмек актрисаның күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге алаңдамай, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Баян Мақсатқызы сұхбат кезінде Меруерт Өтекешованың сіңлісімен бірге Түркияда демалып жүргенін де айтты. Актрисаның сөзінше, бұл – оның өміріндегі шетелге арнайы демалысқа алғаш рет шығуы.
Ол маған суреттерін жіберіп, өзін ертегіге тап болғандай сезініп жүргенін айтты. Демалып, жаңа күшпен оралып, студенттерге сабақ береді. Оның бұдан былай қарапайым тұрмыстық қажеттіліктер үшін алаңдамай, өмір сүріп, қуанғанын қаладым, – деді продюсер.