Жаңалықтар

Алаяқтық жасаған бірнеше адамға үкім шықты - Антикор

Алаяқтық жасаған бірнеше адамға үкім шықты - Антикор
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 29.05.2024 13:19 303

Агенттік алаяқтық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты тұрақты негізде жүзеге асырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кейбір адамдар жеке басының пайдасы үшін азаматтардың сенімін асыра пайдаланып, түрлі мәселелерді шешуге пара беруге итермелейді. Көбінесе адамдар ақшаны алаяқтарға беру арқылы солардың құрбаны болады.

Мәселен, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға «№2 және №5 нан базасы» «Астық қоймалары» ЖШС өкілдіктерінің бұрынғы директоры Жүсіпов М. сотталды.

Ол мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына аса ірі мөлшерде дәнді дақылдарды жымқыру фактісі бойынша қылмыстық жауаптылықтан жалтару үшін 350 мың АҚШ доллары сомасында пара беру бойынша күдіктенді.

Осы үкіммен пара беруге итермелегені және алаяқтыққа оқталғаны үшін И. Барабаш пен Т. Демесинов әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар Қостанай қаласы № 2 сотының үкімімен Қостанай адвокаттар алқасының адвокаты О.В. Бранцевке қатысты үкім жарияланды.

Ол алаяқтық пен пара беруге итермелеуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.

О.В. Бранцев құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарына қылмыстық жауаптылықтан жалтару үшін пара беру сылтауымен өзінің қорғаушысы А.К. Сансызбаевтың 600 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатын заңсыз иемденген.

Оған параның 20 еселенген сомасы 12 млн теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалып, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Үкімдер заңды күшіне енген жоқ. Пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдар пара алушылармен қатар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылғанын еске саламыз.

Пара бергені үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыру, әскери атақтардан, сыныптық шендерден, мемлекеттік наградалардан және т.б. айыру көзделген.

Азамат құқық қорғау органына өз еркімен хабарлаған немесе оған қатысты бопсалау орын алған жағдайда ғана пара бергені үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Барлық басқа жағдайларда пара беруші қылмыстық жазаға тартылады.

Өз кезегінде жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін еске саламыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға