Жаңалықтар

ҚАЛАУША САДЫҚОВА: Замануи жаһандану үдерістеріне жауап бере алатын жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу - басты талап

20.11.2018 11:05 1968

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана халық. Бұл сөздің астарының мәні тереңде. Ұлттың ұлы болуы – анаға қарап тон пішкен, әкеге қарап оқ жонған ұрпақтың ұяда алған тәрбиесінен.

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» аясында ашылған «Анаға тағзым» кешенінде елдің көркі, болашақ тұтқасының анасы болар қыз балаларға арналған «Қыз – елдің көркі» тәлім-тәрбие беру мектебі ашылып, жұмыс жасауда. Оның негізін қалаушы– ақтөбелік көпбалалы ана Қалауша Садықовамен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.  

- Бірінші өмірге идея келеді, содан кейінгі жобаны жүзеге асыруыңыз туралы әңгімелеп беріңізші?

- Өзім алты баланың анасымын, соның ішінде бес қыз тәрбиелеп отырмын. Идея қайдан келді десеңіз, жауабын осыдан-ақ аңғаратын боларсыз деп ойлаймын. 20 жасымда тұрмыс құрып, 20 жылға жуық уақытымды отағасымның жағдайын жасап, бала тәрбиесімен айналысуға арнадым. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Сондықтан, бұл идея маған жәйдан-жәй келмеді. Бұл жобаның жүзеге асуына ана ретінде жаным ашыды.

Облыс басшылығы «Анаға тағзым» рухани кешенін салу туралы мәселе көтергенде мен де өз идеяммен бөлісуге асықтым. Қуанарлығы – қолдаушылар көп болды. Ең бастысы, олардың сенімі жігерімді жаныды. 3 жылға жуық уақыттан бері осы жобаны қолға алсам деп армандап жүрген мен үшін жаңа мүмкіндіктің есігі ашылғандай болды.

Осылайша, бала тәрбиесіне, қоғамдағы ана рөлінің маңыздылығына бей-жай қарай алмайтын жан ретінде мен «Анаға тағзым» кешенінің алғашқы кірпіші қаланған сәттен бастап, кеңесші жұмыс тобының құрамында болдым. Күні-түні жұмыс жасаған кездеріміз де болды. Жобаның жол ортасында қалмай, жүзеге асырылуына оған жанашырлық білдірген жандардың сенімі мен қолдауы негіз болды деп ойлаймын. «Қыз – елдің көркі» идеологиялық бағдарламасының бүгінде «Анаға тағзым» рухани кешенінің негізгі тұжырымдамаларының біріне айналғанын да мақтанышпен айта аламын.

Ана тақырыбы адамзат үшін маңызды. Барлығымыз да ананың құрсағынан өмір алдық, бүгін өзіміз де болашаққа жарық сыйлаған анамыз. Бұл – табиғи заңдылық, жаратылыстың негізгі қағидаты. Сондықтан облыс орталығында «Анаға тағзым» кешенінің салынуының өзі халықтың өмірін мейірімділік пен махаббатқа толтырған үлкен рухани жоба болды деп ойлаймын.

- «Қыз – елдің көркі» мектебі туралы айтыңызшы?  

- «Анаға тағзым» жобасының өзі – әйелге, әйел-анаға көрсетілген құрмет. Мұнда есімдері дәріптеліп жатқан дана аналарымыздың жалғасы – ұлт тәлімін көріп өскен қыздарымыз болатыны – табиғи заңдылық. Ұлыларды дүниеге әкелетін де, тәрбиелейтін де – Ана. Сондықтан да, ұлттың ұлылығын қайтарып, дәстүрлерімізді жаңғырту, оны жастардың бойына сіңіру мақсатында қыз балалар мектебін аштық. Оның оқыту бағдарламасына ұлттық мәдениет құндылықтарымен бірге еуропалық этикет дәстүрі де енгізілген. Себебі, біз Азия мен Еуропа тоғысында өмір сүріп жатырмыз, сондықтан біз екі әлем мәдениеті мен дамуының көшіне ілесе алатын жан-жақты, білімді, білікті тұлғаны қалыптастыруымыз керек.

Ұрпақты тәрбиелейтін, үлгі көрсететін қыз баланы ерте жастан көрегенділік пен сауаттылыққа, жан-жақтылыққа үйретуіміз қажет. Біздің жобамыздың алтын діңгегі етіп халқымыздың ұлттық-рухани құндылықтарын алып отырмыз. Ұлттық мәдениетіміз, салт-дәстүріміз жаһандану үрдісінде жұтылып кетпей, керісінше қыз балалардың мақтанышына айналып, оның өмірлік ұстанымдарының шамшырағы болуы керек деп ойлаймын.

Алайда, бұл қызға қырық үйден тыйым салу емес, жаңа ғана айтып өткенімдей, қыз бала еуропалық этикетті, замана салтына сай үлкен зиялы ортада өзін-өзі ұстауды, адамдармен қарым-қатынас орнату қағидасын, сөйлесу мәнерін білуі керек. Сабақ екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, мәдениет, өнер, поэзия, қолөнер секілді сабақтан тыс бағдарламалармен жұмыс жүргіземіз. Баланың сөйлеу мәнерін түзеу, оның бойында көпшілік алдында ойын бүкпесіз айтып, әр тақырыпта әңгіме өрбіте алатындай сауаттылық пен көшбасшылықты қалыптастыру6 яғни қазіргі тілмен айтқанда, сөзшенділік, ораторлық қасиетін дамыту бағытында да тәрбие-тәлім беріледі.

Өз-өзіне деген сенімділікті қалыптастыру үшін киім үлгісі стилін таңдау, қалыптастыру, салауаттылық мәдениеті бағытында да жұмыстар жүргіземіз. Қыз балалардың физиологиялық түр-сымбатының дұрыс дамуы, санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтауы үшін оқу бағдарламасына гинекология, стоматология, косметология салалары бойынша әрбір жас ерекшеліктеріне байланысты мамандар кеңесі қосылып отырады. Эстетикалық тәрбие, хореография, сурет салу, домбыра, гитара секілді музыкалық аспаптарда ойнау, вокал сабақтары баланы интеллектуалды жалпы дамыту деңгейінде беріледі. 12 жасқа дейінгі қыз балаларға балет гимнастикасы, 12 жастан бастап боди балет жүргізіледі. Мұның өзі баланың денесін тік ұстауын қалыптастырып, соған дағдыландырады.

Енді оқу бағдарлмасына классикалық вальс қоссақ деп отырмыз. Қыз бала ас дайындау мәзірін де жақсы білуі тиіс.  Сондықтан оларға еуропалық және ұлттық аспаздық өнерінен де дәріс беріледі. Жалпы бұл мектепте білімді де білікті бойжеткен, қазақ ұлтының болашақ анасы тәрбиеленеді. Үй тірлігіне қатысты кір жуу, киім үтіктеу, үй тазалау секілді тұрмыстық шаруаларды да үйретеміз. Мұнда да әрине, оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріледі.

Бұл жоба біздің қыздарымызды барлық жағынан толықтырады, дамытады деп ойлаймын. Олар ұлттық бағытта, салт-дәстүрге, әдет-ғұрпымызға байланысты білім алады, сонымен қатар оның еуропалық стильден де хабары болады. Олар отбасылық өмірге де икемді бола алады және ертеңгі күні тұлға ретінде де дамып, қалыптасады.

- Бұл жобаның жүзеге асырылуы, өмір талабы ма? Сонда балаға үйден берілетін ата-ана тәрбиесі жеткіліксіз деп ойлайсыз ба?

- Ана, әйел - ол отбасы ошағының сақтаушысы. Ана отбасында қалыптастырған ахуал тәрбиенің негізі болады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиелеу үшін қыз балалардың дұрыс тәлім алуына көңіл бөлуіміз керек. Бұл біздің ұлт интеллегенциясын тәрбиелеудің бастамасы болады деп ойлаймын. Ұлттық бірегейлікті алып жүретін, таныстыратын ұрпақты қалыптастыруымыз керек. Мәселен, қолөнермен айналысу үлкен шыдамдылықты қажет етеді. Біз мектепте қыз балаларды киіз басып, одан түрлі бұйымдар жасауға үйретеміз. Мұның өзі баланың бойында сабырлылық пен эстетикалық талғамды дамытатыны сөзсіз.

Мектепте оқушылар жас ерекшеліктеріне байланысты үш топтық кезеңге бөлінеді. Оқушылар 7 жастан бастап қабылданады. 7-9 жас аралығындағы бірінші топ, 9-13 жас аралығындағы екінші топ және 14-17 жас аралығындағы үшінші топ бар.

Баланы ерте жастан жеке тұлға ретінде дамытуға көңіл бөлген абзал. Біздің орталыққа келген қыздар ашыла түседі. Қыз балалардың психологиялық қалыптасуы да назардан тыс қалмайды. Олардың аналарымен, апа-сіңлілерімен ақылдасуға қысылатын сұрақтары болады. Сол мақсатта мектеп жанынан кәсіби психолог кабинеті жұмыс жасайды.  Мәдениет, өнер, әдебиет қайраткерлерімен тұрақты кездесу өткізіліп тұрады. Бізге осындай идеология қажет болды. Ата-аналармен сұқбаттасу барысында, оған әбден көзім жетті.

Әрине, бала отбасы жылуын, тәрбиені бірінші кезекте үйден, өз ата-анасынан алады. Алайда, бүгінде көптеген ата-ананың жұмыспен жүріп, бала тәрбиесіне қарайлауға уақыты бола бермейтіні де шындық. Сондай кездерде баланың бос уақытының көптігінен оның тәрбиесіне ғаламтор кірісіп кетіп жатады. Біз бала үшін материалдық жағдай жасау арқылы оны ешкімнен кем қылмадық деп ойлаймыз. Ал, ұлттық тәрбиенің жібі үзіліп бара жатқаны, кейбір отбасыларда қазақтың дәстүрі жалғас таппайтыны – өкінішті. Біздің қыз балалар мектебі осы олқылықтың орнын толтыруға ұмтылды. Мектеп бағдарламасын бітіріп шыққан қыз бала қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын бойына сіңіріп қана шықпай, замануи жаһандану үдерістеріне жауап бере алатын жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасып шығады деп ойлаймын.

   - Әңгімеңізге рахмет.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға