Жаңалықтар

Алаштанушы: Біз алаштықтардың тарихи бағасын әлі бере алмай жүрміз

Алаштанушы: Біз алаштықтардың тарихи бағасын әлі бере алмай жүрміз
Фото: facebook.com/zangarastana 28.04.2023 15:28 1430

Алаш қозғалысы қай қырынан алып қарасақ та бәсі биік тұрады. Қазақ баласының өз алдына тәуелсіз ел болып, бостандыққа ұмтылу жолындағы өте қуатты қозғалыс болып есептеледі. Оның күші білекте емес білімде болды. Алаштықтардың көтерген тақырыбы, қаузаған мәселесі бүгінгі таңда да өзекті, көкейкесті. Олар адамзат қоғамының жүрген жолын ақылмен сараптай келіп, Алаш баласына лайық жол іздеді. Бүгінгі біз жүрген жолдың кедір-бұдырын қара терімен, қызыл қанымен толтырды. Осы орайда біз Алаштың ақтаңдағын толтырсам деп аянбай еңбек етіп жүрген жас алаштанушы, PhD докторанты Заңғар Кәрімханмен әңгімелескен едік.

– Заңғар Тілеуғазыұлы, жуырда ғана Астанада өткен Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде «Қыр баласы» баспасынан шыққан біраз дүниені көзіміз шалды. Алаштың ақтаңдағын, беймәлім тұстарын зерттеп жүрген «Qyr balasy» қоғамдық қоры осы жәрмеңкеге жұрт сүйсінер қандай жаңалығымен келді?

«Qyr balasy» қоғамдық қорының құрылғанына 5-6 жылдың жүзі болды. Бұл – жас алаштанушылардың, зерттеушілердің, тарихшылар мен әдебиетшілердің қоғамдық қоры. Бұл қор руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке қатысты ең керекті, маңызды жұмыстармен айналысады. Олай дейтініміз, алаштану қазіргі кезде қоғам сұранысына сай ғылым саласы болып отыр. Өйткені біздің тарихымызда ең ақтаңдақ кезең осы Алаш тарихы. XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының топтанған, шоғырланған, ұлтты өрге сүйреген, өркениет көшіне жеткізбек болған өмір тарихы, олардың жасаған еңбектері мен ерліктері өкінішке қарай 30 жылдың ішінде лайықты баға алған жоқ. Жеткілікті зерттелмеді. Осы олқылықты толтыру мақсатында барын бар, жоғын жоқ деп ақиқатты айту үшін құралған топ болатын. Осы бағытта «Qyr balasy» баспасы жұмыс істеп жатыр. «Алаш кітапханасы» деген сериямен 3-4 жылдың көлемінде аттары жиі айтылмайтын тұлғаларының еңбектерін жарыққа шығарып жатырмыз. Атап айтар болсақ Ғазымбек Бірімжанұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Біләл Сүлейұлы, Біләл Малдыбайұлы, Абдолла Байтасұлы деген есімдер көпшілікке беймәлім, қоғамда да айтылмайды. Шығармалары ешқашан жинақталмаған. Ұрпақтарының өзі ұмытып кеткен. Биылғы жылы біз «Алаш кітапханасы» сериясымен осы аталған тұлғалардан бөлек балалар контентіне байланысты шығарған кітаптарымызды жәрмеңкеге әкеліп қойдық. Ол – «Құлыншақ» деген үлкен жоба. Балалар әдебиетін дамытуға арналған тағы бір ауқымды жоба – Алаш зиялыларының бас форматындағы ерекше кітабымыз. Бұл еңбектер жұрттың қызығушылығын туғызып отыр. Болашақта осы бағытта үлкен-үлкен жұмыстар атқарамыз және таралымын көбейтеміз деген ойдамыз. 

– Иә, «Құлыншақ» атты кітаптар мен бас форматындағы, өзгеше стилді кітаптар жас оқырманның ынтасын оятқанын байқадық. Сонымен қатар сіздің «Қазақ тарихы. Инофографиялық деректер» атты кітабыңыз жарық көрген еді. Бұл – тарихи танымдық, әдістемелік-нұсқаулық бағыттағы бауашар дүниелердің бірі болып саналары анық. Осы кітап туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз.

–  Бұл кітапты шығару идеясы 2020 жылдары ойыма келген. Ол кезде пандемия болды. Соның салдарынан кешеуілдеп барып жарық көрді. Өте сирек, қазір көп шықпаған ерекше стилдегі кітап болып шықты. Инофография деген нәрсенің өзі біріншіден ақпарат тасқынының, өте көп мағұлмат-мәліметтің, энциклопедия сияқты қалың том-том кітаптың арасында отырып адамның жұмсайтын уақыты жоқ. Екіншіден, оның ішінен нақты деректерді таба алмауы мүмкін. Сондықтан оқушылардың, студенттердің және білім беретін мұғалімдердің қолжетімділігін, уақыт тиімділігін ескере отырып «Қазақ тарихы. Инофографиялық деректер» деген еңбек шығарғамыз. Бұл еңбектің ерекшелігі де сол уақытты үнемді жұмсау. Екіншіден нақты, тексерілген қысқа-нұсқа ақпараттарды ала алады. Үшінші бұл эстетикалық талғаммен орналастырылған. Мәселен, бір уақиғаны бастан-аяқ сипаттап бере алады немесе бір тұлғаның бүкіл шығармашылығындағы, өміріндегі ең ғажайып тұстарды, маңызды кезеңдерді сипаттап береді. Бұл инофографияны мен оқу процесінде оқушыларға пайдаланамын. Қандай да бір тұлғаны өтетін кезде оның шығармашылығы, өмір жолы, туыстық байланыстары, басқа адамдармен қарым-қатынасы деген сияқты маңызды ақпараттар жүйеленеді. «Қазақ тарихы. Инофографиялық деректер» кітабы бірнеше кезеңді қамтиды. «Ұлылар жолы» деген атпен қазақ хандығындағы кейбір хандардың өмірбаяны, екінші «Алаш айнасы» деген бөлім бойынша Алашқа қатысты деректер қамтылса, үшінші «Соғыстар хроникасы». Бұнда екінші дүниежүзілік соғыс, Ауған соғысына қатысты ақпараттар жүйеленген. Содан кейінгі бөлім – «Тәуелсіздік тұғыры». Біздің тәуелсіздік алған кезеңдегі Мемлекеттік рәміздердің қалай қабылданғаны, т.б. ақпараттар жинақталып берілген. Инофография – ой мен суреттің синтезі. Алақандай ғана суреттен толық уақиғаның картинасын көре аласыз. Осы кітап көптеген адамдардың қызығушылығын туғызды. Әсіресе алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер, белгілі журналист Қайнар Олжай ағаларымыз жоғары бағалап, батасын беріп жатты. Болашақта осы жобаны біз тереңдетіп, тек бір ғана тұлғаның, мысалы Ахмет Байтұрсынұлы айналасында да шығарғымыз келеді. Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген сәтінен бастап өмірінің соңына дейін, кейінгі ахметтану ғылымына байланысты деректердің барлығын қамтысақ, 40-тан астам инофографияның басын қорытып бір жинақ шығарсақ деген ойымыз бар. Қазіргі кезде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алла қаласа оны да сүйіншілеп айтатын боламыз.

– Сіздер зерттеп, ғылыми айналымға қосқан тұлғаның бірі, жаңа өзіңіз атап өткен Сейітбаттал Мұстафаұлы. «Имам Ғазали» кітабын шығардыңыздар.  Сейітбаттал Мұстафаұлы 1908-1913 жылдары Стамбул қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарда оқыған екен. Сол кезеңдегі Алаш пен Анадолы арасындағы рухани-мәдени қатынас пен саяси сабақтастық қандай болған?

– XX ғасырдың басында Алаштың оқыған зиялыларының өмірін қарасаңыз барлығы да шетелде оқыған, жоғары білімді азаматтар. Берісі Ресейдің ішкі қалалары болса арғы жағы Париж, Варшава, Берлин, Каир қаласындағы Әл-Азһар сияқты әлемнің ең үлкен, таңдаулы университеттерін бітірген. Соның бірі бүгінгі әңгімемізге тиек болып отырған Сейітбаттал Мұстафаұлы. Ол кісіні 16 жасында өзінің туған ауылындағы Әлти деген атақты болыс қаржы жинап Стамбулға оқуға жіберген. Стамбулға қазақ балалары басқа өңірден де көп барған. Мысалы, Шығыс Түркістаннан Нұртаза Шалғынбайұлы, Жетісудағы атақты әнші, композитор Қапез Байғабылұлы бар барлығы Стамбулда оқыған. Мұғалімдер семинариясы ол заманда «Дарушшафака» деп аталған. «Рухани демеу беретін университет» деген мағынасы болған. Осы ғимараттың суретін таптық, ғимараттың өзі қазіргі күнде бар ма, жоқ па әлі зерттеу үстіндеміз. Нақты анықталған жоқ. Егер ғимарат бар болатын болса оған да барып экспедиция жұмыстарын жүргізсек деген ниетіміз бар. Стамбул университетін бітіргеннен кейін Сейітбаттал Мұстафаұлы қазақ даласына келеді. Семейге барып алғашқы жұмысын сонда бастайды. Қазақ, орыс мектебінде сабақ береді, кейін мұғалімдер семинариясында қызмет атқарады.

– Сейітбаттал Мұстафаұлының өмірі ары қарай Ташкент қаласында жалғасады. Ташкентке қазақтың зиялылары топтасты. Сұлтанбек Қожанов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков, Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабай, Мұхтар Әуезов. Айта берсек бұл тізім ұзаққа кетеді. Ташкент шаһарының Алаш өміріндегі алатын орны туралы айта кетсеңіз. 

– «Алаш аманаты» атты үлкен поэма жазған Қасымхан Бегманов деген ақын, мұстафатанушы ағамыз бар. Сонда досы Ислам Әбішевке арнайтын жерінде, «Ислам бауыр, Шыршыққа қарап тұрдың сен» деп өлеңдетіп келеді де Шыршыққа қарап тұрып Ташкентті қимаймыз дейді. Ташкентте алшаң-алшаң басып біздің ағаларымыз, Алаштың зиялылары жүрді ғой деген керемет ой тастайды. Демек XX ғасырдың басында Ташкент шаһары қазақ өмірінде, қоғамдық-саяси ғұмырында өте маңызды рөл атқарған. Біздің зиялыларымыздың бәрі Ташкентте әртүрлі қызметтер істеді. Ташкент сол заманда біздің астанамыз іспеттес рөл атқарғаны жасырын емес. 1921 жылдан бастап Алаш инерциялық қозғалысы кезеңінде 1927 жылға дейінгі кітаптардың барлығы Ташкентте басылып жатты. Сонымен қатар зиялылардың дені Ташкенттегі үлкен оқу орындарында жұмыс істеді. Орталық Азия университеті құрылды. Абай атындағы педагогикалық университетінің негізі, ғылым академиясының тағаны Ташкентте қаланған. Осылардың барлығы кейін Алматыға ауысты. Демек Алматыға дейінгі біздің қоғамдық сана, өміріміз, ғылым мен әдебиетіміздің дамуы Ташкент шаһарымен тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлдарының қолтаңбасы мен ізі қалған Ташкент шаһары XX ғасырдағы саяси өрескел қателіктің кесірінен жат жұрттық қалаға айналып шыға келді. Шын мәнінде Ташкент өз қаламыз.

– Сейітбаттал Мұстафаұлының әдеби мұрасына зер салсақ Төле би, Қали би, Орынбай, Шортанбай сияқты қазақтың самар жақ би-шешен, ақын-жырауларының мұрасын зерттеген екен. Алаш зиялылары ауыз әдебиетіне соқпай өтпеді. Сонымен қатар Сейітбатталдың 1925 жылы Ташкент қаласында «Шернияз» поэмасы мен «Зуфнун» романы шықты дейді.

– Ұлт зиялыларының өміріне қарап отырсақ Әлихан Бөкейханнан бастап барлығы фольклор жинау, оны тасқа бастыру мәселесіне белсене араласқан. Мысалы Әлихан Бөкейхан «Қобыланды батыр» дастанындағы әйелдер бейнесін зерттеген. Ахмет Байтұрсынұлы 23 жоқтауды жинаған. «Ер Сайын» жырын ел аузынан жазып алған. Барлығы да қолдан келгеннің бәрін жасаған. Ал Сейітбатталға келетін болсақ Исатай-Махамбет көтерілісінің жалынды жыршысы болған Шернияз ақынның әдеби образын жасаған тұлға. Драматургия жанрында жаңа туынды жазып, ол жарияланатын кезде Әлихан Бөкейхан бұл шығармаға өз бағасын берген. Әлиханның сынынан өткен шығарма нағыз әдеби жәдігер ретінде танылған. Сонымен қатар сол заманның балаларына лайықтап ұзақ әңгіме, роман жанрында да қалам сілтеген. Түріктің «Көксанжақ» деген романын аударған деген дерек бар. Бірақ біз түпнұсқасын таба алмадық. Әлі де іздестіру үстіндеміз. Біздің қолымызға түскені 5-6 мақаласы мен бірен-саран өлеңдері ғана. Бұл кісіні 1937 жылы Степняк қаласында Мағжан Жұмабаевпен дастарқандас болып, қазақ тілін көтеру мәселесі туралы ойларын бөліскені үшін біреу сыртынан арыз жазып, ақырында нақақ ұсталып атылып кеткен. Сол кезде 13 жастағы Нәдия апамыз үйде тінту болып, көптеген нәрсені алып кеткенін айтады. Ол қолжазбалардың, мұралардың кейінгі тағдыры белгісіз. МГБ-ның қолына түскеннен кейін жойылуы да әбден мүмкін. Біздің қолымызға түспей отырғанының бір себебі осы.

– Жаңа өзіңіз айтып өткендей Алаш зиялылары мүмкіндігінше қиырдағы елдерден білім іздеді. Сонымен қатар қазақ даласындағы оқу ордаларын да ұмыт қалдырмау керек. Сіздер шығарған және бір алашшыл азамат Біләл Сүлейұлы 1911 жылы «Мамания» мектебін бітіріп, ары қарай жадитшілдік бағыттағы «Ғалия» медресесінде оқуын жалғастырады. Осы оқу орындарының, жадитшілдік ағымның алар орны туралы айта кетсеңіз.

– Жәдиттік қозғалыс XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында болған үлкен саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени қозғалыс. Отаршыл Ресей боданындағы иісі мұсылман түрік халықтарының қозғалысы деп айтсақ болады. Жәдит деген сөз «жаңа оқу жүйесі» деген мағынаны білдіреді. Демек, осыған дейін қалыптасқан діни сабақтардың қатарына жаңа заманғы пәндерді енгізу деген сөз. Жәдиттік қозғалыс қазақ даласында екі үлкен арнада дамыған. Алғашқысы Шихабетдин Марджани, оның шәкірті Қамараддин хазірет арқылы келді. Батыстан кіріп шығысқа дейін жетіп, Абай, Шәкәрім, Машһүр арқылы жәдиттік қозғалыс ары қарай өріс алған. Екіншісі, XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларына қатты әсер еткен Қырым татары Гаспринский арқылы енген. Жәдиттік қозғалыс күллі қазақ даласына тараған ең ірі реформа десек те болады. Жәдиттік қозғалысты түрік ғалымдары модернизация деп түсіндіреді. Әуелі ескі көзқарастарға қарсылық ретінде қарастыруға болады, мысалы, қадымшылар. Қадымшылар бұрынғы догмадан айырылмай, халықты діни фанатизмның аясында жүргізе бергісі келеді. Ал жәдитшілер жаңа сабақтар жүйесіне алгебра, геометрия, география, түрік әдебиеті мен түрік тілі тарихын да кіргізіп оқытуды ұсынған. Осылайша қазақ даласында үлкен мектептер пайда болды, медреселер жұмыс істеді. Жаңа көзқарастағы адамдар сабақ беріп, жәдиттік қозғалысты нәсихаттады. Жетісудағы ең үлкен мектептің бірі һәм бірегейі Маман әулетінің «Мамания мектебі». Ол тек қана мектеп емес өркениеттің барлық көріністері таныта білген. Медресе, мешіт, кітапхана, монша, ерлер гимназиясы, қыздар гимназмясы бар бірнеше көшеден тұратын кентке айналған. Менің бір таңғалатыным, Батыстан шыққан Ғабдулғазиз Мұсағали сынды Алаш зиялылары келіп сабақ берген. «Мамания мектебінің» бұлай өркендеуіне себеп қаржы ғана емес заманның сұранысын тап басқан озық ойлы азаматтардың идеясы. 1914 жылдары «Қазақ» газетінде роман бәйгесі жарияланады. Сол байқауды ұйымдастыруға қаржы бөлген осы Маман және оның ұлдары Есенғұл, Сейітбаттал, Тұрысбек деген азаматтар. Осы роман бәйгесінің нәтижесінде қазақ әдебиеті биікке көтерілді. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көпеевтың «Қалың мал», Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» деген сияқты алғашқы романдар сол кезде жарияланды. 

– Сөзіңізге тиек еткен жәдитшілдік қозғалысының көсемі, татар ғалымы, дін реформаторы Исмайл бек Гаспыралы «Айқап» журналы дүниеге келгенде: «...Сералин деген кісі Троицкіде «Айқап» атты басылым шығара бастады. Бұл кісіге көмек беру керек. Оқитын да, оқымайтын да жазылып, ақшасын берсін. Қазақ бауырлар, өз тіліңіз үшін, білім мен ағарту жолында бір қара қозы яки қотыр тайды сыйға тартпайсыз ба? Ай-қап басқармасын құттықтаймыз!» деген екен. Қара ормандай халық Алаш Орданы барынша қолдап, қолдан келгенше көмектескені белгілі. Сіздің «Толағай» атты кітабыңыз Алаш үшін еңбек еткен талай ердің атын әспеттеп тұрғандай.

– Толағай дегеніміз ел үшін туатын ерлер, халқын сүйетін тұлғалар. XX ғасырдың басындағы Толағайлар – Алаш зиялылары. Тек қана оқыған азаматтар емес жалпы осы қозғалысқа қатысушылар. Әр өңірдегі шын ниетті, адал жақтас, мүдделес адамдарды қосып айтуға болады. «Толағайда» туған жері Шығыс Қазақстандағы Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Көкбекті сияқты нағыз қазақы аудандардағы Алаш қозғалысына қатысты деректерді, тұлғаларды жинақтап жазған болатынбыз. Осы аталған өңірлердің барлығына Әлихан Бөкейханның табаны тиген. Жер бетінде қандай өсімдік, жер астында қандай пайдалы қазба байлық барын, қай малды қайсы жерге жаюға болады, қай жер егін салуға лайық деген деген сияқты бүге-шігесіне дейін талдап-таразылап берген. Сондықтан осы өңірде Алаш қозғалысына қатысқан тұлғалардың да болуы заңдылық. Үлкен-үлкен тұлғаларды айтпағанның өзінде 1927 жылдан бастап кәмпескеге ұшырап, аттары белгісіз, ұрпақтарының бәрін тентіретіп тоздырып жіберген байлар институты, ұлттық буржуазия өкілдерін де қарастыруға тура келді. Олардың бәрі советтік идеологияның кесірінен құбыжық, барымташы, бай-кулак, қарақшы деп сипатталып келген. Бұның бәрін социалистік реализмның шеңберінен ақтау керек. Алаштану тарихында болыстар, байлар, меценаттар қазіргі таңда әлі де дәріптелуі керек. Осындай олқылықтың орнын толтыруға байланысты дүниеміз еді. Қыдырмолда қажы, Мұхамедхан Сейітқұлұлы, Әбдікерім Ережепұлы, Мұқан Жәкежанұлы, Жаңабай Әдікұлы сияқты есімдері елеусіздеу, тісі батып ешкім зерттемеген тұлғалардың еңбегі «Толағайда» көрсетілген.

– Сіз қазір Абай атындағы № 87 мектеп-гимназияда мұғалімсіз. Алаш кезеңіндегі мұғалімдердің қай-қайсысын алып қарасақ та бойынан мейірім төгілген, ақыл-ойдың шуағын шашқан ұстаздық қасиетін байқаймыз. Сейітбаттал Мұстафаұлы айтады: «Жалғыз денесі тәрбиеленіп, рухы тәрбие қылынбаса онда баланың тәрбиесі сыңаржақ болмақ» деп. Қазіргі Тәуелсіздік кезеңінде тұрған біз ұрпақтың рухын тәрбиелей алып жатырмыз ба?

– Өте жақсы әрі ауқымды, ауырлау сұрақ екен. Қазір бала тәрбиесінде өте күрделі кезеңге келіп отырмыз. XX ғасырдың басындағы ахуалмен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейді. Әрине, ол заманның өзіндік қиыншылығы бар, бірақ біздікі одан өткен сорақы ма деп ойлаймын. Қараңғы түнектен жарық шашатын білім қай кезде қандай формация келсе де өз маңызын жоғалтпайтын құндылық. Біз тәуелсіздік алып тұрып өз ұрпағымызға осындай тәрбие сіңіре алмаудамыз. Алаш тұлғалары кімнің дос, кімнің жау екенін анық сезіне алатын. Кедергі келтіріп, кеселін тигізіп отырған мәселелерді жақсы білетін. Біз өз қазағымыз қара орыстардан жапа шегіп отырғанымыздың қиындығы осында. Тәрбие мәселесінде көп дүние ақсап жатыр. Үйткені тәуелсіздіктен кейін біз демократияның есігі ашылды деп барлық шекарамызды қараусыз тастағаннан кейін 30 жылдың ішінде ұлттық дүниетаным, ұлттық құндылықта көп есеміз кетті. Тәрбиемізге Батыстың, Ресейдің экспансиясы қосылып кетті. Ұлттық құндылықтар үйде дәріптелмейтіндіктен, ата-анасының уақыты жоқтығы, балаға көңіл бөле алмайтындығынан, мемлекеттік деңгейде идеологиялық жұмыстар жүргізілмегендіктен, мектеп өз функциясын дұрыс атқара алмай отырғандығынан осы мәселелер туындап отыр. Жалпы қоғамда салтанат құруға тиісті ең өзекті түйін – баланың тәрбиесін ойлау. Мемлекеттік деңгейде заңдар, радикалды шешімдер қабылдау керек.

Ұлттық дүниетанымға негізделу қажет. Тіл мәселесі тәрбиеге тікелей байланысты. Орыс тілінде немесе басқа тілде сөйлейтін балалардың мінезі бұзықтау болатыны жасырын емес. Қазақ тілімен бала кезден сусындап, қазақы дүниетаныммен, сөзімен әлдиленіп өскен бала ешқашан бұрыс жолға бармайды. Бұл жерде тіл – үлкен фактор. Тіліміздің дұрыстамай тұрмысымызды да дұрыстай алмайтынымызды осыдан 100 жыл бұрын Алаш зиялылары көбірек айтқан болатын.

– Сіргежиар бір сауал, біз қазіргі таңда Алаш арыстары көксеген мемлекет құра алдық па?

– Алаш зиялыларынан қалған ең үлкен қуаныш, арман, мақсат ол біздің тәуелсіздікті алуымыз. Тәуелсіздікті алдық. Оны Алаш армандаған деңгейге жеткізе алдық па? Осы тұста күмілжіп қаламыз. Алаш армандаған мемлекет таза ұлттық мемлекет. Екінші түйін – экономикалық тәуелсіздік мәселесі. Қазақ жердің асты-үстіндегі байлықты меншікті иесі ретінде пайдаланып жатыр ма? Жоқ. Біз қой жүнінен тоқылатын киімді өзіміз өндіріп кимейінше ешқашан экономикалық тәуелсіздікке жетпейміз. Бұны Абай мен Алаш зиялылары да, ұстазымыз Тұрсын Жұртбай да айтып келеді. Мұнайды шикізат күйінде өткізіп жан сақтап келеміз. Ертең мұнай сарқылса не істейміз? Менің ойымша екі-ақ нәрсені дамытып брендтке шығаруға болады екен. Біріншісі – жылқы. Екінші – алма. Қазақ жері – алманың отаны. Ауыл шаруашылығын жылқы арқылы, егін шаруашылығын алма арқылы дамытуға болады. Осы екеуімен-ақ қазақты әлемге танытып, Алаш армандаған мемлекет құра аламыз.

Келелі әңгімеңіз үшін рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға