Жаңалықтар

Алаш рухымен нәрленген

Алаш рухымен нәрленген
26.11.2021 17:21 2641

Қайым Мұхамедхановтың көзін көрген, аралас-құралас болған, ерекше құрметтеген замандастары жазған естеліктер сериясын жалғастыра отырып, филология ғылымының докторы Рахманқұл Бердібай мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім Мағжан Орынбаевтың естелігін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Алаш рухымен нәрленген

Әрбір зерттеушінің тағылым алған мектебі, арман еткен ой-мұраты болады. Кейбіреулер орыс әдебиетінің әсер тағлымын үлгі тұтады. Енді біреулер шығыс әдебиетімен байланыс мәселесіне ден қояды. Демек әдебиет тарихшылары алған тәрбиесіне, көрген өнегесіне, көздеген мақсатына орай қалыптасады... Осы тұрғыдан алып қарағанда көрнекті әдебиет тарихшысы Қайым Мұхамедхановты Алаш әдебиеті рухында тәрбиеленген қайраткер деп танимыз.

Алаш рухымен нәрленген

Біздің ұлттық әдебиетіміздің рухани көздері әлі зерттеліп болған жоқ. Совет әдебиеті біржақты таптық идеологияның әдебиеті болды, онда ұлттық өрлеу мұратын көтеруге жол жабық еді. Осыған байланысты Қ.Мұхамедхановтың тағдыры ерекше қиын болып қалыптасты.

Алаш әдебиеті тұлғаларының еңбегін зерттегені үшін жиырма бес жылға сотталып, ұзақ жыл бойындағылыми жұмыстан алыстатылды. Тек кейінгі жылдарда ғана өзінің сүйікті тақырыбын зерттеуге мүмкіндік тапты. Қайым аға бертінде Абайдың жүз елу жылдығына байланысты ақын шығармаларының текстологиясын тексеріп, тәртіпке келтіруге мүмкіндік алды. Осы тарапта ол ғылым үшін көп пайдалы қызмет атқарды. Абайдың өмірін білеміз деген адам көп, бірақ білгірі аз. Қ.Мұхамедханов Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында Алматыға шақырылды. Сонда бір топ әдебиетшілермен бірлесе отырып, Абай шығармаларының текстологиясын қарады. Абай мұрасыңың тақырыптық құрамын, жанрын,түрлі салаларын жақсы білетін Қайымның белсенді араласуы арқасында Абай энциклопедиясы дүниеге келді.

Абай шығармаларының текстологиясын толық тексеріп бітірдік деп айта алмаймыз. Қайым аға маман ретінде бұл тақырыпта көп жұмысі стеді, оның ізденістері Абайдың өмірбаянын толықтыруға көп жәрдем етті.

Қайым ағаның зор еңбегі – Абай мектебінің қайраткерлері, ақын-жазушылары туралы бес кітап шығаруы. Мен Алаш әдебиетін таза ұлттық қазақ әдебиеті деп ұғамын. Қазақ идеологиясын, рухын, туын көтерген – Алаш әдебиеті. Кеңес заманында ұлттық рухты ардақ тұтқандар қуғындалды ғой. Бір М.Әуезовтің өзінің көрмеген қорлығы жоқ, ол 1929-1932 жылдары екі жылдай түрмеде жатты. Ақырында 1932 жылы кеңестік идеологияны қолдаймын деп хат жазды. Түрмеден шыққаннан кейін де Әуезов КГБ-ның бақылауынан құтылған жоқ. 1958 жылдары Мұхтарды қамауға әрекеттер жасалды. Әйтеуір, Мәскеуге сытылып шығып кетіп, сонда орыс, еврей достарының арасында аман қалды. Алматыда жүрсе, Әуезовті тағы да қамайтын еді... Әуезов 1949 жылы «Абай» романы үшін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық алған. Соған қарамастан догматик белсенділер Әуезов – Алаш рухты әдебиеттің дем берушісі деп соңына түсті. 1959 жылы «Абай жолы» романының төрт кітабы үшін Лениндік сыйлық берілгеннен кейін ғана Әуезовтің құлағы тыншыды.

Қайым Мұхамедхановты Әуезовтің ең сенімді шәкірті деп қудалағаны белгілі. Ол диссертацияны орыс әдебиеті туралы жазса да, оны жиырма бес жылға соттап жіберді. Жиырма бес жылға соттау, құрту деген сөз, нағыз геноцид. Қазақ интеллигенциясын жою саясаты анық шовинистік саясат болды. Қазақтың ұлы адамдарының көбі 1987 жылы репрессияға ұшырап кетті.

Алаш рухымен нәрленген

Қайым Мұхамедханов әдебиет тарихы туралы көптеген құнды мақалалар жариялады. Ол еңбектердің екі ерекшелігін айтуға болады. Біріншіден, ол - Абайтанушы, Алаш зиялылары мұрасын зерттеуші. Екіншіден, ол дүрмекке ат қосып, социалистік реализм теориясына ерген жоқ. Ол не жазса да, ақиқаттан ауытқымады. Бұхар, Шортанбай, Дулат туралы мақалаларында көп тың мағлұматты Қайым аға айтты. ХVIII ғасырда Абылай хан бастаған ұлт-азаттық күрестің идеологы Бұхар жыраудың өмірбаянын қайтадан жазды. Жырау Бұхар қаласы маңында туылып, Түркістан атырабында есейгенін дәлелдеді. Бұхар жырау айтқан ғой: «Абылай, мен сені алғаш көргенде тоғыз жасар ұл едің, Түркістанда жүр едің» деп. Қайымның әрбір мақаласында Алаш рухы сезіледі. Дулат туралы толғаса да, Шортанбай туралы жазса да әрбір дәлелі нақты, архив материалдарына, қазақтың шежіресіне сүйенген. Осы мақалалар болашақта жарық көруі керек. Қайым Мұхамедхановтан қалған мұра толық шығарылуы тиіс.

Кеңес үкіметі ондаған жылдар бойы Алашты жамандаумен болды ғой. Біз Алаш әдебиетін әлі де біліп болғанымыз жоқ, сондықтан біздің тәрбиеміз жартыкеш, біржақты. Біздің жастарымыз өз дінін сақтай алмай жүр, кейбіреулері басқа дінге өтіп кетіп жатыр. Олар ата-ананың дәстүрлі тәрбиесін көрмегендер, Алаштың қасиетін танымағандар. Қазір қаптап жүрген миссионерлер біздің халқымыздың дініне қарсы, қазақтың ұлттығына қарсы. Өкінішке қарай, оларға есікті ашып қойдық. Алаш рухты әдебиет бізге өте қажет, оны бастауыш мектептен бастап оқыту керек. Сонда қазаққа не керек екенін жастарымыз білетін болады. Неге біздің жастарымыз азып-тозып басқа діндерге ауысып жатыр? Өйткені, олар ұлттық Алаштық рухтан жұрдай болып барады.

Сұлтанмахмұт – Алаш рухындағы ұлы классиктердің бірі. Алдыңғы жылы бір әдебиетшіміз үлкен бір мақаласында Сұлтанмахмұт Алаш ұранын жазған деп кәдімгідей көңілі толмай сөйлеген еді. Ғылым докторы осылай деп тұрған кезде, орта мектеп бітіргендер, бастауыш мектеп шәкірттері нені ұғып қарық қылсын. Алаш әдебиетін жеке курс етіп, жастардың арасында тарату керек. Нағыз ұлттық идеология үшін күрес бізде жоққа тән. “Ұлттық идеология ғана бізді мұратқа жеткізеді. Өзіміздің топырағымызда мыңдаған жылдар бойы тамырын жайған дәстүр ғана жастарымызды рухтандыруға, түзу жолға салуға үйретеді. Америкада 2010 жылға дейін Қазақстанды Евангелие жолына түсіреміз деп ашық бағдарлама жасаған орталық бар. Оған миллиардтаған дол- лар бөліпті, оны жасырып отырған жоқ. Соған біздің қарсы қоятынымыз – тіліміз, дініміз, Абай бастаған әдебиетіміз, бай фольклорымыз. Осы қазынаны көп тиражбен жарыққа шығару керек және оларды мектеп оқушылары білуі керек.

Мен 1998 жылға дейін Алматыда қазақ тілі қоғамын басқардым. Жиырма бес қазақша мектеп ашқыздық. Содан бері жаңадан төрт-ақ мектеп қосылыпты. Бұл өте аз. Алматыда елу қазақ мектебі болуы керек! Жас ұлқыздарымызды ұлттық адамгершілік дәстүрге баулу қажет. Алаш идеологиясына табан тіреу ғана бізді космополитизм тексіздігіне жұтылуға жібермейді.

Қайым Мұхамедхановтың еңбектерін жарыққа шығару мемлекеттік бағдарламаға кіруі қажет. Оның мұражайы ашылуы ләзім. Оған бір институттың атын берсе, ескерткіш орнатса, құбақұп. Қазақ ұлттығын сақтап қалу үшін, күн сайын, сағат сайын күрес жүргізу қажеттігі туып отыр. Қазақтың жастары қазақ тілінде оқуы, халқының тарихын білетін болуы, мемлекеттік тіл өз биігіне шығуы, қазақ мемлекеті өз саясатын жүргізуі қажет. Ағылшынша немесе басқаша үйренсек те, өз мәдениетімізге табан тіреп жетілейік. Гректерде Антей батыр туралы миф бар. Сол Антей жерге табанын тіреп тұрса ғана ешкімнен жеңілмейді екен. Міне, біз де ана тілімізге, дәстүрімізге табан тіреп тұрсақ, біздің халқымыз мәңгілік. Міне, сол кезде Америка империализмі, сионизм Қазақстанға әлем діндерін таратып, аздырамыз дегенді түсінде көретін болады. Арам ойлы дұшпандарға қарсы қоятын идеология бар бізде, ол – Алаш идеологиясы. Бұл – елімізді дамытудың, сақтаудың, өсудің жолы.

Рахманқұл Бердібай,

ҚР ҰҒА-ның академигі

филология ғылымының докторы

Алматы, наурыз 2006 ж.

Ұлы адам еді-ау!

Қайым ағаның кім екенін өмірбаянын, жүріп өткен жолын қазақ әдебиетінің дамуына деген, әсіресе Абайтану іліміне сіңірген еңбегін бүкіл Қазақстандағы хат танимын деген қазақ, зиялымын деген қауымның білмейтіні некен саяқ. Сондықтан мен көп жылдар тату, өмірдеқатар жүріп өткізген сол кісінің атшы-тұтшы өмірден кешкендерін өз аузынан естіген туысы ретінде, жақсы көретін бауыры ретінде кейбір жалпы көп халық қырсырын басқалары біле бермейтін әңгіменің біразын айтып берейін, қарақтарым.

Менең алғаш Қайым ағаны 1940 жылы қаңтар айында көрдім. Оның себебі сол жылы әскерден Әбілқасым деген немере ағам келіп, артынан қайтыс болып кетті. Сол кісі екеуіміз (мен оқушымын, 9-кластың бя, 8-кластың ба, ұмыттым, 14-15 жастамын) қысқы каникулдың кезінде Аягөз қаласына бардық, өйткені Аягөзде менің апайым Кәмилә тұратын, қазір қайтыс болып кетті. Ол кісінің жолдасы Қалиев Бердірахман деген азамат. Аягөзде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болатын. Сонда қыдырып бардық. Әлгі кісінің бір інісі Нұрахман деген маған: қонақтар отыр төрде, Қайым ағаң отыр деді. Есіктен қарадық. Бір әңгіме айтып, күліп отыр екен. Жайдары, жайсаң. Есіктен қарағанда жездем бері кел деп шақырып алды да, Қайымға: «Мынау бауырың, бұл да – уақ, мінеки», - деп таныстырды. Ол енді бала кез, сонымен кетті. Содан кейін мен Қайым ағаны 1946 жылы көрдім. Ол кезде мен соғыстан қайтқан жас жігітпін. Оқып жүргенде, тіпті 9 жастан өлең жазуды үйренгем. Кейін класта жолдас-жораларға арнап өлең шығарып, кейін соғыстан қайтқасын «Байқарам» деген поэманы жазып, сөйтіп жүргенмін, ол кезде тастағам жоқ өлеңді.

Сол мына өлеңдерді Семейде Қайым ағаға әкеп көрсеттім, әдейлеп. Әкем біледі екен, әкем – Қажыгелді Орынбаев деген кісі Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі болатың. 1918 жылы өзінің үйінде мектеп ашқан, тұңғыш мектеп. Сонымен келдім, осы таяуда мемориалды тақта орнаттық қой, сол үйде тұратын. Сонда Нұрбану деген апайым, қазір ол кісі жоқ, күйеуі Марабаев Омар деген кісі, облисполкомда істейді. Сол кісі звондап Қайым, інің кеп отыр, менің бауырым деді. Екеуі құрдас, бір жылғы болатын. Жарайды келсін депті. Бардым. Өлеңдерімді асықпай оқып, қарап отырды да:

– Е,тастап кетпесең ақын екенсің, даусыз ақындығың көзге ұрынып тұр ғой. Тастап кетпесең болды, көп жастар тастап кетеді жазуды, - деді. Сол 1946 жылы Жарма ауданының комсомол комитетіне 1-хатшы болып сайландым да, ақындықты мен де тастадым.

1959 жылы ма, 1960 жылы ма, Қайым ағаның жалғыз апасы болатын, сол кісінің бір ұлы үйленді деді ме, қызы тұрмысқа шықты ма, әйтеуір, той болды. Мына қазақ ауылы жақта, жер үйде, соған шақырды. Той арасында мен А.Байтұрсыновтың «Сен солай ма едің»:

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған

Сахара, сазға қонып салқындаған, - деген өлеңін «Назқоңыр» әніне салып айттым. Қакең маған қарап тұрып: «Сен солай ма едің?» - деді. Алашордашы атанған Ахаңның өлеңін қорықпай айттың дегені ғой. Халық әні екенін сөзінен естігенмін: «Қайым аға, сөзі жақсы ғой», - дедім. Ол кісі: “Иә, иә” - деді. Сөйтіп жақындап, араласып кеттік. Бұл бір оқиға.

Екіншісі Мұхтар Омарханұлы Әуезов жайында. Қайым ағаайтқан. Былай деп: “Мұхтар біздің үйге келіп жүретін. Абайға материал жинап жүрген кезі еді Мұхтардың. Сонымен Мұхтарға барып амандасып, әңгімелесіп отырғанда: «Бір нәрсе жаздың ба?» - деп сұрады. Сонда мен бір ауыз өлеңім бар жазып әкелген, Мұқа, дедім. Жазушылардың біреуі, айтпай-ақ қояйын, өздерің сезіп отырсыңдар Мұхаңмен ұстасып, айдауға себепші болып еді, соған жаздым, бір-ақ ауыз:

Өсек аяң жол жүрерде ішің пысып

Біреуге соқтықпасаң көтің қышып

Арыстанды алам деп айға шауып

Әуре болып жүрсің бе, тарғыл мысық? - деп оқығанымда: “Бері әкелі”, - деп қолымнан жұлып алды. Өңі сұп-сұр болып кетіпті. “Менен басқа кімге оқыттың?” - деп сұрады. “Құдай сақтасын, сізден басқа ешкімге көрсеткен жоқпын”, - дедім. Мұхаң менің қолымнан алып сейфке тықты. “Тірі жанға айтпа да, осындай жаздым да деме сейфте жатсын, жауыңды көбейтейін деп жүрсің бе, онсыз да аз ба еді?” - деді. Мұны көпшіліктің бірі білмейді. Екінші көпшіліктің біле бермейтіні: Тобықты ішінде Ике, Мұсабай деген ағайынды екі кісі болыстыққа таласып жүрген, біреуі ауырып, болыстықты Ике тартып алғанда Мұсабайдың ауылының жігіттері Икенің ауылын шабамыз деп жазды күні ауылға шауып, шаңырақты сойылмен ұрып өтеді. Бір жігіттің сиырдың жас жапасына аты тайып жығылғанда болыс ауылының долы әйелдері бас салып жібермей, жігіттің жанды жеріне қолды салып тартып жіберіпті. Соны естіген Әріп ақын бір ауыз өлең шығарыпты:

Әуелден жазуы ғой Алласының

Кемшілігі жоқ еді мал басының.

Бір іліп, бір үзіліп пісуіней

Басында жалғыз ағаш алмасының, - деп.

Соны Мұхтар білмейді екен. “Әй, Қайым, бұл не туралы жазылған, қалай жазған?” - деп сұрады дейді.“Мен айтып бердім”, - дейді. Бұл әңгімені де ешкім біле бермейді”.

Абайдың ақын шәкірттері деп жүрміз, Абайдың ақындық мектебі деп жүрміз. Бірде Қайым аға: “Кітап басуға шама келмегендіктен мысым құрып жүр ғой”, - деді. “Жақсы күн туатын шығар”, - дедім де жұбатып кетіп қалдым. Содан көп жыл өткеннен кейін, қызметті тастап пенсияға шыққан соң бірде жолығып: “Мынау біреулер Абайдың кім екенін, еңбектерін білмейді. Абайды насихаттау үшін жаздым мына еңбекті, “Абайдың ақын шәкірттері”, - деді. Сонымен бұл кітаптар шыға бастады.

Маған Қайым аға: “Сен редактор бол”, - деді. Мен айттым: “Қайым аға, менің уақытым бола ма, редактор болып шұқшиып отыруға?” - дедім. Қайым аға күлді: “Әй, Мағжан, Ермұраттың дауы жоқ, Кербұғының уақыты кетпейді”, - деді. Ермұраттың дауы дейтінім екеуіміздің сөзге таласқан бір мәселеміз болатын. Махамбеттің:

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай

Ерлердің ісі бітер ме?!

дейтін бір мықты термесі бар. Соны біреулер “ереуіл ат” емес, “елеулі ат” деп жазып, Ғабит Мүсірепов те соны қолдады. Қайым аға да солай деп қолданды, содан екеуіміз таластық. Мен айттым: “Мүмкін емес, сіздің елеулі атыңыз шабуылға келмейді, ал ереуіл ат деп ереуілге дайындалған, мініс көтеретін, шабыс көтеретін атты айтады”, - дедім. Ол кісі күлді: “Жарайды, екеуіміз екі пікірмен кетейік”, - деді.

Қайым аға ғұлама адам еді, ар ұяты таза, өтірікті білмейтін, ұлылығы айқын, сирек кездесетін адамның бірі еді-ау!

Мағжан Орынбаев,

Қазақстан Республикасына

еңбегі сіңген мұғалім

Семей, маусым 2005 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға