Жаңалықтар

Х.Есенқарақызы: Алаш құндылықтарын ұрпаққа жеткізуді парыз санадым

Өлең – қайғысы мен мұңы алмасып отыратын өмірден туады
Х.Есенқарақызы: Алаш құндылықтарын ұрпаққа жеткізуді парыз санадым
Фото: Фотосуреттерді түсірген автор 27.04.2017 14:38 7650

Ханбибі Есенқарақызы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын:

Ханбибі апа, ақындық өнер аталарыңыздан дарыған қасиет пе?

– Бұл ақындық өнер – бір Алладан. Ақын болып ешкім туылмайды, қалыптаспайды. Ол Алла Тағаланың ілуде біреуге жарататын құдіреті деп білемін. Әрине, әке күші, ана сүті бұл жерде тыс қалмайды. Менің әкем тарихшы, шежіреші болған адам. Әлі есімде, айдың бір әдемі түнінде «Абай болмаған соң, өлең жазуды қою керек» деп, әкем сандық толы жазбаларын өртеп жіберді. Ол кезде мен 5-6 жастағы бала едім. Ойлап қарасам, әкем де өлең жазған екен. Бірақ ол өзіне-өзі сын көзбен қарай алған адам. Қазір  төбешігін тауға балайтын, жас ботасын нарға балайтын «жазғыштар» көп қой. Ал анам айтыс ақыны болған. Қажымұқан атамыз ел-елде жүріп, өнер көрсетіп, соғыс кезінде ақша жинап, ұшақты сатып алып берді ғой. Анамның жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келіп, сол бригадада  ән салған екен. Сондықтан ол кісілердің де қатысы болуы мүмкін. Арғы ата-бабаларда ақындық өнер болғанымен, оны ары қарай жалғастыру, алып кету – адамның өзіне байланысты. Өмірдің өзі ақын қылып шығарады екен.  Өлең – қайғысы мен мұңы, қуанышы мен шаттығы алма-кезек алмасып отыратын өмірден туады. Мен ақындықты осылай бағалаймын.

– Өлеңді қанша жасыңыздан жаза бастадыңыз?

Мектеп қабырғасында жүргеннен жаздым. Алғашқы өлеңдерім қабырға газетіне, кейіннен аудандық, сосын облыстық, республикалық басылымдарда жарияланды. Солай сатылап-сатылап кете бердік қой. Менің ең бірінші сыншым – әкем болды. Ел-жұрт өлеңдерімді мақтап жатса, ол кісі жаратпайтын. «Осылай да өлең жаза ма?» деп сынап тастайтын. Сондықтан әлі күнге дейін жазу үстеліне отырғанда әкем төбемнен төніп қарап отырғандай, әр сөзге, әр әріпке жауапкершілікпен қараймын.

– Қазіргі поэзияға көңіліңіз тола ма? Кімдерді оқисыз?

– Қазір өлеңшілер де, ақындар да қоса шауып келе жатыр. Көңілім толмайды деп айта алмаймын. Себебі, осындай қиын кезеңде, сенің өлеңің ешкімге керегі жоқ кезеңде, адамдардың барлығы бір жапырақ нан табу қамымен жүрген кезеңде өлең жазу – ол үлкен батырлық деп ойлаймын. Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Есенғали Раушанов т.б. ақын інілерімнің қаламдары қарымды. Қыздар да бар бір топ, бір лек. Олар да ешкімнен қалыспай поэзия әлемінде қалам тербеп келе жатыр. Әр тұлпар әлінше шабады дегендей, әдебиет майданында әрқайсысы өз әлінше қалам тартып жүр. Оның барлығының сараптаушысы, бағасын беруші – уақыт. Сондықтан да өзімді бұл әдебиет майданындағы қатардағы әскердің бірімін деп есептеймін. Біреу олай шабады, біреу былай шабады. Оларға баға беретін мен сыншы емеспін. Сыншы болсам әуелі өзімді жақсылап сынап алуым керек.   

– Ал кімдерді қайталап оқисыз?

– Қайталап оқитыным – Абай. Әр оқыған сайын жаңа бір қырынан танылады. Сосын Әзілхан Нұршайықовты, Қасым Қайсеновті, Мұқағалиды, Төлегенді, Фариза апамды оқимын. Негізі қайталап оқитындарым баршылық.

 

– Қазір поэзияда «өлгім келеді» деген секілді өлеңдер көбейіп кеткен сияқты. Бұл жастардың жігерсіздігін көрсете ме, әлде сөздің киесінен қорықпайтындардың көбейгенінің белгісі ме? Қалай ойлайсыз?

– Қазір жастарға бағыт-бағдар беретін идеология жоқ. Кеңес өкіметі кезінде қазіргі жасамыс болған, сол кездегі жас ақындар ауылды аңсап, қаланы безбүйрек, қатігез, тасбауыр деп теңеп өлең жазды. Сол кезде сыншылар «Сендерді қалаға ешкім аяқтарыңнан байлап қойған жоқ, ендеше сонша зарламай, зарықпай ауылдарыңа  қайтуларыңа болады» дегендей пікір айтты. Бұл пікірдің де жаны бар. Ал енді өлеңнің өзі мұңнан тұрады. Сол себепті де біздің жастарымыз мұңға жақын деп ойлаймын. Әйтпесе қазіргі жастардың  өмірге деген талабы ерекше. Оларды кінәлауға болмайды. Лап етпе жастық сезімі оларды солай жазуға мәжбүрлейді. Көңіл-күй сезімдері ғой. Сергей Есенин, Лермонтов, біздің Саттарымыз өмірден ерте өтіп кетті. Бірақ олардың ешқайсысы өлім туралы қалам тербемеген. Сондықтан бір сәттік, бір нәрсеге көңілі толмаған кезеңде солай жырлап қалуы мүмкін. Ертеңгі күн тіпті басқа болады. Басқа өлең жазады. Бұл өзі көңіл-күй деген тұрақсыз нәрсе. Жаңағыдай өлең жазатындар тек поэзияда ғана жанындағы арпалыстарды бейнелеуге тырысады. Оларға түсіністікпен қарау керек. 20-30 жылдан кейін сол өлеңдеріне өздері баға беретін болады.

– Өзіңіз не жазып жүрсіз?

– Ара-тұра өлең жазып қоямын. Бірақ негізінен прозаға бет бұрған сияқтымын. Менің өзімнің оңтайыма келетін дүние эссе жанры екен. Философиялық эсселер жазып жүрмін. Ол жерде  кейіпкеріңнің бейнесін жасап, өзіңнің де ойыңды қосып өруге болады. Қасым Қайсенов туралы эссемді халық жылы қабылдады. Әзілхан Нұршайықов, Сафуан Шаймерденов, Фариза Оңғарсынова туралы жаздым. Ал Баукең туралы ертеректе жазғанмын. Оқырмандардың берген бағасына қарағанда жазғандарым сәтті шыққан сияқты. Қазір соңғы бір ғасырда қазақ әйелінің бастан кешкен азабы туралы жазып жатырмын. Жалпы қазақ көп нәрсені бастан кешірді. Оның ішінде қазақ әйелінің көрмегені жоқ.

– Кейде Алматыда, ақын-жазушылардың ортасында тұрмағаныңызға өкінетін сәттеріңіз болатын шығар?

– Ерте кезде, ет пен терінің арасындағы желік бар кезде, әрине, менің де Алматыда тұрғым келген. Алматы – әдебиет пен мәдениеттің рухани ордасы. Менің көп замандастарым сол шаһарға барып орын тапты. Онда тарихы тереңге жайылған басылымдар  көп. Қазір ондай қажеттілік шамалы. Мына біздің Шымкенттің өзінде де сол Алматының басылымдарынан көп болмаса аз емес. Алматыда жүріп, ұлылардың ұлағатын ести алмадым деген өкінішім болмаса, бақастықтан, күндестіктен тұратын қазіргі әдеби ортаға менің құштарлығым жоқ. Мен қайта осы ауылда жүргеніме қуанамын. Замандастарымыз уақтанып кетті. Бұрынғы Сәбеңдер, Ғабеңдер одан кейінгі Зейнолла Қабдоллов, Зейнолла Серікқали, нарқоспаққа бағаланатын Мұқағали жоқ қазір. Үлгі, өнеге алатындай, бір идеалың болатындай нәрселер жоқ жерге асығудың қажеті жоқ. Орыстың ұлы жазушысы Шолохов колхозда жатып-ақ «Тынық Донын» жазып, әлемге танылды. Сондықтан жазамын деген адамға қалада тұрасың ба, далада тұрасың ба, кедергі болмауы тиіс. Орта іздесең үйіңдегі классикалық шығармалардан ізде.

– Өмірде әділетсіздікті көп көрдіңіз бе?

– Адам болған соң, осы жасқа келген соң, әділетсіздіктер болады. Ақын Нармахан Бегалиев мерейтойымда «Ханбибі тек алақанда еркелеп өскен жоқ, қиянатты көп көрді» деп еді. Өмірде адамдардың қараулығын, аласалығын, ала-құлалығын көп көрдім ғой. Бірақ мен кісіден көрген қиянатымды, әділетсіздікті жүрегімнің түкпірінде сақтамаймын. Тек жақсы нәрсені ғана сақтауға тырысамын. Аяқтан шалушыларға мән бермей, алға қарай жүре беру керек. Етегіңе жабысқан шөп-шалам өзі түседі. Ең негізгісі салқын ақыл, нұрлы ой, жігерлі қайрат және жүрегіңде иманың болуы керек. Сол барлығынан аршып, тазалап шығады деп ойлаймын.

– Алаш ардақтыларының еңбегін насихаттауда ерге лайық елеулі істер атқарғаныңызды білеміз. 50 жыл қызмет істеп, зейнеткерлікке шықтыңыз. Десе де, мына істі атқара алмадым-ау деп өкінген сәттер бола ма?

– Осыдан біраз жыл бұрын ғалымдардан 1920-1922 жылдары «Шолпан» деген әдеби-саяси журналдың сегіз-ақ нөмірі шығып, кейін жабылып қалғанын естідім. Сосын Өзбекстанның мұрағатына барып тауып алып келіп, оны араб төте жазуынан кириллицаға аударып, сол форматпен кітап етіп шығардық. Бұл журнал «Жұлдыз» журналының ізбасары саналады. Сол сапарымда  «Ақ жол» газетінің 5-6 нөмірін Өзбекстаннан тауып, сосын соны індете іздей бастадым. Басылымның 1920-26 жылдары аралығында 613 нөмірі шыққан екен. Өзбекстан, Мәскеу, Орынбор, Санк-Петербург пен Алматының бүкіл архивін, кітап палатасын, мемлекеттік мұражай мен архивті, орталық кітапхана мен  тіл академиясының архивтерінен іздеу салып қолыма түсірдім. Бәрін жиып-теріп, «Ақжолды» баспадан 25 том етіп кітап шығарып, сосын барып, зейнеткерліке шықтым. Алаш құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді өзіме парыз санадым.  Бір адам атқаратын жұмысты артығымен жасадым деп ойлаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға