Жаңалықтар

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 31.05.2023 09:30 1166

Бүгін, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн еліміздің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді.  Аталмыш датаның Қазақстан үшін маңызы ерекше. Себебі бұл қасіреттен «халық жауы» деп айыпталған белгілі мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлерінің жұбайлары көп азап шекті. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай,El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі "Отанын сатқан опасыздардың" әйелдері деп айыпталып, қамауға алынған Ақмола лагері музейінде болды.

«Алжирдегі» экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру жөніндегі біліктілігі жоғары деңгейлі маман Гауһар Ырзалиева арнайы экскурсия өткізді.

1937 жылғы 15 тамызда КСРО-ның ІІХК-ның № 00486 бұйрығына сәйкес, «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргіндеу басталды. Қысқа мерзімде бас-аяғы бірнеше ай ішінде барлық «Отанын сатқандардың» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталды.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Гауһар Темірханқызы алдымен тұтқындарды тасымалдаған «Сталиндік вагонды» көрсетті. Бұл вагонның екінші атауы – «Қызылша». Оған «халық жауы» деп айыпталған белгілі қоғам қайраткерлерінің жұбайлары отырған.

Кейбіреулер Алжир лагеріне тек қазақ әйелдері барған деп ойлап қателесіп жатады. Бұл жерге «Отанын сатқан отбасы» мүшесі ретінде 62 ұлт өкілі жөнелтілген. Лагерьде 8 мыңнан астам әйел «қоңыраудан-қоңырауға» дейінгі мерзімдерін өтеп шыққан. Оның тең жартысы орыс ұлтының өкілі болған. Ал этаппен өткендер саны 20 мыңнан асып жығылады, - деді ол.

Алжирге әйелдердің бірінші легі 1938 жылы 6-қаңтардан бастап келеді. Бастапқыда оларды түрмеге күйеулерімен кездестіреміз деп алдап алып барған. Жолға шығарда ең әдемі көйлектерін киіп, көптен күткен кездесуге дайындалған әйелдер бірден түрмеге тап болған. Лагерьге келген 70-ке жуық әйелдің тең жартысы 3 жасқа дейінгі балаларымен болады.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Тұтқындалған әйелдердің балалары 3 жасқа толғаннан кейін оларды балалар үйіне жіберіп отырған. Бір отбасының ағайынды балаларын бір-бірінен айыру мақсатында оларды әдейі әртүрлі балалар үйіне жөнелтті, - деді Гауһар Ырзалиева.

Тұтқынға алынған әйелдердің шамамен 90 пайызының жоғары білімі болған. Алжирде ұстаз, дәрігер, профессор сияқты білікті бір-бір маман иелері отырды.

Әуел баста әйелдерді вагонмен тасыған кезде жаздыгүні су бермеген. Содан көпшілігі аптап ыстыққа шыдамай, шөлдеп қайтыс болған. Ал қыстыгүні әйелдер суықтан үсіп жан тапсырады. Олардың денесін жолда вагонды тоқтатып, сол жерге көміп кетіп отырды, - деді музей маманы.

Әйелдерге тамақ ретінде қағазға оралған, нан мен жеуге жарамсыз тұздалған майшабақ берген. Сол тамақ ораған қағазды әйелдер кішкене бөліктерге бөліп, өздерінің артында қалған туған-туыстарына тірі екенін білдірту үшін хат жазады.

Әйелдер хатты сияның орнына саусағын тістеп, қанмен жазған. Кейін олар қағазды орап, вагондағы әжетхананың рөлін атқарған тесік арқылы жерге тастап отырды. Сөйтіп, туыстары әйелдердің тағдыры туралы ақпарат алды, - деді Гауһар Темірханқызы.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Алжир мұражайының кіреберісінде «Қасірет қақпасы» монументі орналасқан. Биіктігі – 18 метр, ені – 8-9 метрдей болады. Бұл жерді тірілер мен қайтыс болғандар кездесетін орын деп атап кеткен.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Монумент ақ және қара түстен салынды. Қара түс – ерлердің дулығасын, ақ түс – әйелдердің ақ жаулығын білдіреді. «Қасірет қақпасынан» өткенде бас иіп, қуғын-сүргін жылдары мерт болған адамдарға жасалған тағзым ету керек, - деді музей қызметкері.

Алжир лагерінің төрт бұрышында күзетші мұнаралары болған. Мұндағы күзетшілер тұтқындалған әйелдерді басқа жаққа қашып кетпес үшін 24 сағат бойы күзеткен.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Алжирдің тарихында әйелдердің қашу фактісі тіркелмеген деп айтып жатады. Өйткені айдалада орналасқан лагерде қашатын жер болмаған. Оған қоса әйелдер егер қашатын болса, олардың отбасына жабылған жаланы мойындаған болып есептелеміз деген оймен намысқа тырысып, ешқайда қашпаған, - деді Гауһар Ырзалиева.

«Алжирдегі» экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру жөніндегі біліктілігі жоғары деңгейлі маманның айтуынша, күзетшілер әйелдерді «егер кімде-кім лагерден қашатын болса, мына итке жем болады» деп қорқытып отырған екен. Сол үшін де иттері әдейі аш ұстаған.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Лагердегі «Түңілу мен әлсіздік» композициясы ерлердің шарасыздығын, болашақтан үміт үзіп, бостандыққа шығуға сенімсіздігі мен әлсіздігін бейнеледі.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Ал «Күрес пен үміт» композициясы әйелдердің тұтқыннан құтылуға деген үміті мен сенімін көрсетеді.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Алжирде лагерь тозағын басынан кешіргендерге арналған «Көз жасы» стеласы бар. Бұл жерде бұрынғы КСРО территориясында орын тепкен ГУЛАГ-тың картасы бейнеленген. Стеланың оң жағына репрессия құрбаны Мағжан Жұмабаевтың өлеңі, ал сол жағында Алжир лагерінде мерзімін өтеген тұтқын әйел Софья Солунованың сөзі жазылды.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Гауһар Темірханқызы экскурсия барысында бізге Зерде қабырғасын көрсетті. Мұнда Алжир лагерінде мерзімін өтеген 8 мыңға жуық әйелдердің есімдері жазылған.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Сонымен қатар ол музейге Алжирде азапталған әйелдердің туған-туыстары, балаларының келіп, тағзым етіп тұратынын айтты.

Музейде 25 сәуір күні 1938 жылғы Алжирде туған алғашқы нәресте Георгий Каретников келіп кетті. Ол 77 жыл өткеннен соң қызы Дарьямен бірге анасы Ольга Семеновнаны еске алды. Георгий Николаевич лагерьде туылғаны жайлы айтып, балалық шағы туралы естеліктерімен бөлісті, - деді ол.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Әрмен қарай «Отанын сатқандардың әйелдері» деп танылған тұтқын әйелдер тұрғызған үйінің көшірмесін көрдік. Алғашында Алжирдің аумағында 5 барақ болған, ал қалғанын әйелдер өздері тұрғызған.

Мына ауыл Жалаңаш деген көлдің жиегінде орналасқан. Сол көлдің маңайынан әйелдер күнде – 50-60 бума қамыс жинайды. Оны балшықпен араластырып кірпіштер жасаған. Осылайша әйелдер барақтар тұрғызады, - деді музей қызметкері.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Барақтың ішінде анасын баласынан айыру сәті бейнеленген.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Музей ғимараты кесілген конус пішінде жасалған. Бұл жерді құпияға толы қобдиша, қайғы сақтау орны деп атап жатады.

Ғимараттың ешқандай терезесі жоқ, бірақ жоғары жақтан жарық түсіп тұрады. Ол қобдишаның ішіндегі құпияның әйтеуір бір күні ашылатынын меңзейді, - деді Гауһар. 

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Музейдің ішіне тоннель арқылы кіреді. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырын бейнелейді.

Музейдің экспозициялары екі қабатта орналасқан. Біз алдымен бірінші қабаттағы экспозициялармен таныстық.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Бірінші экспозицияда арнайы құжаттар қойылған. Оның бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау және оларға келтірілген моральдық және материалдық шығынның орнын толтыру туралы заң. Сондай-ақ бұл құжаттың астында Қазақстан Республикасы Президентінің 31 мамырды саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде бекіту туралы Жарлығы орналасқан, - деді ол.

Келесі экспозиция – демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың жасаған кестестесі.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Бұл кесте Ақтабан шұбырындыдан басталып, Желтоқсан көтерілісіне дейінгі кезеңді қамтиды. Мәселен, 1931-1933 жылғы ашаршылық кезінде 2 миллион 300 мыңнан қаза тапты. 1930-1953 жылғы репрессия құрбандарының саны 125 мыңнан асқан. Оның 100 мыңы әртүрлі лагерде, айдауда жүргенде қайтыс болды. Ал 25 мыңы ату жазасына кесілген. Жалпы XVIII-XX ғасыр аралығында 6 миллион 600 мыңнан астам адам дүниеден өткен, - дейді «Алжирдегі» экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру жөніндегі біліктілігі жоғары деңгейлі маман.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Музейдің екінші қабатына көтерілетін баспалдақтың жанындағы қабырғада Алжир лагерінде 5-8 жыл мерзімін өтеген әйелдердің суреттері бейнеленген. Мұнда тұрған фотоколлаж олардың фотоларынан жасалды.

Экскурсия кезінде Гауһар Ырзалиева екінші қабаттан «Кісіндер инсталляциясын» көрсетті. Мұндағы бейнеленген ерлер мен әйелдердің қолдары олардың бостандықты аңсағынын меңзейді.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Ал мында тұрған тергеу изоляциясының есігі – түпнұсқа. Ол біздің мұражайға 2007 жылы Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен әкелінген, - деді ол.

Гауһар Темірханқызы Барақты көрсету барысында тұтқынға түскен әйелдердің Жалаңаш көлінің маңынан 50-60 бума қамыс жинайтынын айта кеткен болатын. Бізге сол қамыстардың мұражайда тұрған үлгісін көрсетіп, әйелдердің оны отын ретінде де пайдаланғанын мәлімдеді.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Әйелдер қыстың кезінде Барақтарда тоқтаусыз қамыстармен пеш жаққан күннің өзінде жылулық 6-8 градустан аспайды. Барақтардың іші суық болғаны сонша әйелдер бір-біріне иықтасып, жақын жататын болған, - деді АЛЖИР қызметкері.

Әңгіме кезінде Гауһар Ырзалиева қымбат тасқа айналған құрт туралы оқиғаны еске түсірді.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Алжирдің жанында кішкене ғана Жаңажол деген қазақ ауылы болған. Сол жердің тұрғындары әйелдерге көмек көрсетуге тырысқан. Содан бір кезде балалар лагерге ауыр сөмкелерді арқалап келіп, тасқа ұқсас заттарды лақтыра бастайды. Мұны көрген күзетшілер күліп, әйелдерге «сендер сияқты халық жауларын балалар да жек көреді» деп айтады екен. Сөйтіп, бір күні тұтқын Гертуда Платайс тасқа сүрініп құлап, одан сүттің иісі шығатынын сезеді. Мұны түсінбеген Гертруда белгісіз тасты Барақтағы әйелдерге көрсетеді. Сол кезде тұтқындағы қазақ әйелдері «бұл тас емес, қазақтың ұлттық тағамы - құрт» деп түсіндіреді. Осылайша әйелдер қазақ ауылының өздеріне көмек көрсетіп жатқанын ұғады, - дейді ол.

Гауһардың сөзінше, Алжир маңындағы ауылдардың тұрғындары тамақ пен азық-түліктерді қамыстардың, қалың шөптердің арасына жасырып кетіп отырған.

Алжир лагерінде әйелдерді тергейтін арнайы тергеуші кабинеті болған. Тұтқынға түскен әйелдерге тергеу жұмысын жүргізу үшін оларды түнде кабинетке шақырып отырған. Күні бойы қызмет етіп шаршаған жандарға түнде демалуға мұрша бермейді.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Әйелдердің күйеуін де, өздерін де кінәлі деп табатын құжаттарға қол қойдыру мақсатында азаптаудың түрлі тәсілін пайдаланған. Оларды қинап, зорлық-зомбылық көрсеткен. Соның нәтижесінде лагерде 1507-ге жуық бала дүниеге келген, - деді Гауһар Ырзалиева.

Тергеу кабинетіне кірген әйелдердің аяғы жерге тимейтіндей биік орындықта отырады. Тергеу жұмысы 6-7 сағатқа дейін жалғасқан. Тергеушілер өздері шаршаған жағдайда бір-бірін алмастырып отырды. Әйелдерге отырып-тұруға, қимылдауға тыйым салынады. Осындай күйде ұзақ уақыт қозғалмай отырған әйелдер естерінен танған.

Ұзақ уақыт бойы қимылмыз отырған әйелдердің аяқ тамырлары жарылып, қан айналымы бұзылған. Осыншама азапты көрген олар кез келген құжатқа қол қоюға дайын болады. Одан әрі мұндай қиындықты бастан кешіруге шамалары жетпеген, - деді «Алжирдегі» экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру жөніндегі біліктілігі жоғары деңгейлі маман.

Лагердегі тұтқындардың ешқайсысын есімімен атамаған. Олардың әрқайсының киімінің алды-артына нөмір жапсырып, тек сол сандармен ғана атап шақырған.

Гауһар Темірханқызы басында атап өткендей, алғашында әйелдерді Алжирге күйеулерімен кездестіреміз деп алдап алып келгендіктен, олардың үстінде дұрыс киім болмады. Кейбіреулері әдемі, жеңіл көйлектерін кисе, басқалары үйде жүрген киімімен шығып кеткен.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Әйелдерге үстіндегі киімдерімен мал бағу, бау-бақшада қызмет ету қиын болған. Сондықтан олар тігін цехын ашу туралы өтініш жасайды. Содан цехты ашқаннан кейін тұтқынға түскен азапталушылар керосинді лампаның көмегімен 12-16 сағаттап жұмыс істеген. Өздеріне де, әскери қызметкерлерге де арнап түрлі киімдер тіккен. Керосинді лампаның көмегімен ұзақ уақыт жұмыс істеген әйелдер кейіннен көз жанарынан айырыла бастайды, - деді экскурсия жүргізуші маман.

Сонымен қатар мұражайда тұтқын әйелдерің қамырдан жасаған шағын мүсіндерінің көшірмесі қойылған.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Әйелдері лагердің ішінде ботқа және қара нан берген. Бірақ ол мүлде жеуге жарамсыз болған соң, оған түрлі қоспалар қосып, қатырып, мүсіндерді ойып шығарады. Ал мына мүсінге қажет түстерді жемістерді, шөптерді, гүлдерді қайнату арқылы алады, - дейді музей маманы.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Музейдегі экспозициялардың ішінде әйелдерінің туған-туыстарына жазған хаттары да бар. Олар хатында балаларын жоғалтып алмас үшін балалар үйінен алып кетуді өтінген.

Тұтқындалған әйелдердің балалар үйіне түскен балаларына тамақты темір ыдыспен берген.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Темір ыдыспен берген тамақ өте жай суыйды. Сондықтан балалар берілген қысқа ғана уақыт ішінде тамақ ішіп үлгермей, көбіне аш қалып отырған. Тіпті тамаққа қосып берген бір уыс нанды қалталарына салып алса, күзетшілер тексеріс жүргізгенде оны да алып қалады екен. Содан балаларға түрлі намысқа тиетін сөздерді айтады, - дейді Гауһар ханым.

Балалар үйінде суықтан, аштықтан қайтыс болғандар саны көп болды. Тазалық дұрыс сақталмағандықтан бір-біріне түрлі ауруларды жұқтырған.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Сондай-ақ Алжир мұражайында балалар үйіндегі балалардың ата-аналарына жазған хаттарының нұсқасы қойылған.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Отанын сатқандардың отбасы мүшелерінің қатарында Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова мен енесі Арифа Есенғұлова бар. Әзиза Түбекқызы анасымен бірге 10 жылға сотталып, Алжир лагерінде болады. 

Тұрардың әйелі Алжирге аяғы ауыр болып келеді. Сөйтіп, ол қызын түрмеде босанады. Алайда сәбиге дүниеге келгеннен кейін бастапқы 3 ай бойы ат қоюға тыйым салынады. Содан Әзизаның жанындағы әйелдер оны Рида деп атағаннан соң, қыздың есімі – Рида деп қойылады, - дейді Алжирдің маманы.

Әзиза Түбекқызының анасы  Алжирде  өмірден өтеді. Өзі лагерде 18 жыл айдауды бастан кешеді.

Лагерде азап көрген қазақ зиялылары әйелдерінің бірі – Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлина. Ол Алжирге 5 жылға айдалып, 1943 жылы 5 мамырға дейін лагерде жазасын өтейді.

Бейімбеттің қызы Гүлсім Осакаровтағы балалар үйі­не жөнелтілген. Кейіннен  көп уақыт өтпей қызды өлдіге санап басқа қайтыс болған балалармен бірге бір бөшке лақтырып жіберген екен. Оны бір тәрбиеші байқап қалып, ешкімге айтпай үйіне алып кетеді, - деді Гауһар Темірханқызы.

Гүлсім Бейімбетқызы бойжетіп өскеннен кейін мерзімін өтеп шыққан анасы Гүлжамал Майлинамен жүздеседі. Гүлжамал орыс тілін жетік меңгермегендіктен, оған бастапқыда қызы Гүлсіммен тіл та­бы­су қиын болған деседі. Қазіргі таңда Гүлсімнің ұрпақтары Алматы қаласында тұрады.

Алаш ардақтылары әйелдерінің ауыр тағдыры

Гауһар Темірханқызы экскурсия соңында Алжирдің ең соңғы куәгері – Анна Енданова жайлы айтып берді.

Аннаның күйеуі КСРО ішкі істер халық комиссариатында тергеушісі Лев Енданов 1937 жылы ведомствода болған «тазалау» науқанында тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі. 1938 жылы Анна Григорьевна Алжирге түседі. Лагерде 8 жыл мерзімін аспаз қызметін атқарып өтеп шығады. Ол өзінің дайындаған тағамдарын өзі ғана жемей, бір паек нанын басқалармен де бөлісіп отырған, - деді ол.  

Анна Енданованың тағдыры ауыр болған. Оның ұлы мен қызы балалар үйінде қайтыс болады. Ол абақтыдан босап шыққан соң екінші рет тұрмыс құрады. Анна 2014 жылы 97 жасында қайтыс болған. Қазіргі таңда оның балалары Астана қаласында тұрады.

Кешегі тарих ешқашан жойылмайды. Өмірін Алжир тозағында өткізіп, жазықсыз жапа шеккен әйелдердің есімі әрдайым ел есінде болмақ. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға