Осыдан жиырма жыл бұрын салмағы небәрі жарты келі болып туған сәбидің аман қалуы медицинадағы үлкен жетістік саналатын. Мұндай балалардың өкпесі толық жетілмеген, миы мен жүрегі сыртқы ортаға бейімделмеген, ал дене қызуын өздігінен ұстап тұруы мүмкін емес. Сондықтан олардың әр минуты дәрігерлердің бақылауында өтеді.
Бүгінде Қазақстан дәл осы бағытта Орталық Азиядағы көшбасшы елдердің біріне айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНИСЕФ, БҰҰ және Дүниежүзілік банк сарапшыларының бірлескен есебіне сәйкес, 2025 жылы еліміздегі неонаталдық өлім-жітім көрсеткіші әр мың тірі туған нәрестеге шаққанда 3,04 болды. Бұл – өңірдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі әрі дамыған мемлекеттердің деңгейіне жақын нәтиже.
Небәрі 212 грамм салмақпен туған
Қазақстанда 2008 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық стандарттары енгізілді. Содан бері дәрігерлер жүктіліктің 22-аптасынан бастап дүниеге келген және салмағы 500 граммнан асатын нәрестелерді толыққанды тірі туған сәби ретінде қабылдап, оларды емдеуге міндетті болды.
Яғни елімізде қазіргі таңда ресми түрде 500 грамм болып туған балаларды аман алып қалу тәжірибесі қалыптасқан.
Ал әлемдік рекорд бұдан да таңғаларлық. Сингапурда дүниеге келген Квек Ю Сюань есімді қыз сәби небәрі 212 грамм салмақпен туған. Ол бірнеше ай бойы жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде ем алып, кейін үйіне аман шыққан. Бұл көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына енген.
500 граммдық сәби қалай өмір сүреді?
Мұндай сәбилердің бойы шамамен 25-30 сантиметр, ал салмағы кәдімгі жарты литрлік су бөтелкесінен де жеңіл болады.
Өмірінің алғашқы күндерінде олар:
- өздігінен дем ала алмайды;
- дене қызуын сақтай алмайды;
- жұта алмайды;
- иммундық жүйесі толық қалыптаспаған болады.
Сондықтан сәби арнайы инкубаторға орналастырылады. Онда жатырдағы жағдайға ұқсас температура мен ылғалдылық сақталады. Өкпесі жетілмегендіктен жасанды тыныс алу аппараты қолданылады, ал қоректік заттар мен дәрілер өте жіңішке катетер арқылы беріледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапия бөліміндегі бір медбике бір ауысымда 20-ға дейін аса дәлдікті қажет ететін медициналық манипуляция жасайды. Әрбір тыныс алу, жүрек соғысы мен қандағы оттегі деңгейі тәулік бойы бақылауда болады.
Төрт есе артқан өмір сүру мүмкіндігі
Дәрігерлердің айтуынша, заманауи перинаталдық технологиялардың енгізілуі нәтижесінде экстремалды төмен салмақпен туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші соңғы жылдары төрт есе артқан. Бүгінде Қазақстанның перинаталдық орталықтары мұндай балаларды емдеуге қажетті жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған.
Алматы қаласының неонатологтарының мәліметіне сәйкес:
- 500-999 грамм салмақпен туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші шамамен 52-55%;
- 1000-1499 грамм аралығында туғандардың өмір сүру мүмкіндігі 90%-дан асады;
- 1500-2500 грамм болып туғандардың өмір сүру көрсеткіші 96-97%-ға жетеді.
Былтыр 17 мың шала туған сәби дүниеге келді
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы елімізде шамамен 17 мың шала туған сәби өмірге келген. Олардың әрқайсысына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
Мұндай балалардың бәрі бірдей 500 грамм болып тумайды. Көпшілігінің салмағы 1-2 келі аралығында болады. Дегенмен ең ауыр жағдайдағы, яғни 500-999 грамм салмақта туған нәрестелерді аман алып қалу – неонатологиядағы ең күрделі бағыттардың бірі.
Бір ғана санның артында мыңдаған тағдыр тұр
500 грамм. Көпшілік үшін бұл – бір бөлке нанның немесе бөтелкедегі судың салмағы ғана. Ал дәрігерлер үшін – адам өмірін сақтап қалудың ең үлкен сынағы.
Қазақстан соңғы жылдары дәл осы сынақтан сүрінбей өтіп келеді. Неонаталдық өлім-жітімнің төмендеуі, халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштер және салмағы небәрі жарты келі болып туған сәбилердің аман қалуы – еліміздегі перинаталдық медицинаның сапасы жаңа деңгейге көтерілгенінің нақты дәлелі.