Алан мен Айлин көш бастады: сәбилерге қандай есімдер көп беріліп жүр

Алан мен Айлин көш бастады: сәбилерге қандай есімдер көп беріліп жүр
Фото: El.kz архиві

Жаңа туған сәбиге есім таңдау – әр ата-ана үшін ерекше шешім. Бірі ұлттық дәстүрге сүйенсе, енді бірі заманауи немесе сирек кездесетін есімдерді қалайды. Соңғы бір жылда қазақстандықтар сәбилеріне ең көп қойған және тек бір ғана балаға берілген ерекше есімдер белгілі болды.

Ұл балалар арасында Алан көш бастап тұр

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кейінгі 12 айда ұл балаларға ең жиі қойылған есім – Алан. Қазақ халқында алан деп жолбарыстың күшігін атайды. Сондықтан бұл есім көбіне баласы қайратты, батыл, жолбарыс жүректі азамат болып өссін деген ниетпен қойылады. Сондай-ақ бұл атаудың араб және көне славян тілдерінде де бірнеше мағынасы бар.

Екінші орында Әлихан есімі тұр. Ол араб тіліндегі «Әли» («биік», «асқақ») және «хан» сөздерінен құралған, «асқақ билеуші», «ұлы хан» деген мағынаны білдіреді.

Үшінші және оныншы орындарды Мұхаммед пен Мұхаммад есімдері иеленді. Бұл екі нұсқа да «мақтаулы», «мадаққа лайық» деген мағына береді.

Ал Алдияр есімі «ардақты», «елге қадірлі», Айсұлтан – «айдай нұрлы сұлтан», Хамза – «қайсар», «берік», Омар – «ұзақ ғұмыр», Альтаир – араб тілінен енген жарық жұлдыздың атауы, ал Әмір «басшы», «әмірші» деген мағынаны білдіреді.

Қыз балалар арасында Айлин ең танымал есім атанды

Қыз балалар арасында ең көп қойылған есім – Айлин. Түрік тілінен енген бұл есім «айдың сәулесі», «ай нұры» деген мағына береді.

Екінші орында тұрған Асылым – «қымбаттым», «асылым» деген мағынаны білдірсе, Медина араб тілінен аударғанда «қала» деген мағынаға ие және исламдағы қасиетті қалалардың бірінің атауы ретінде кеңінен танымал.

Тізімдегі Томирис есімі сақ патшайымының құрметіне қойылады және батылдық пен қайсарлықтың символы саналады. Айша – «өмір сүретін», «өмірге құштар», Аяла – «аялы», «қамқорлыққа бөленген», Сафия – «пәк», «таза», Мариям – «қадірлі», «пәк», Айым – «айдай көркем», ал Адия – «сыйлық», «тарту» деген мағыналарды білдіреді.

Бір ғана балаға қойылған ерекше есімдер

Соңғы бір жылда тек бір ғана қыз балаға Арианұр, Жұлдыз-Ай, Танзилия, Ходжар, Николин, Еустиния, Имануэлла, Сиора, Айсалқам, Сунита есімдері қойылған.

Ал ұл балалар арасында Полат, Элион, Теоман-Ахмет, Серхан, Мұхаммеджар, Нұралим, Ақ-Назар, Әл-Мұқаддим, Юнис, Қосжан есімдері бір ғана нәрестеге берілген.

Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала бар

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 575 979 адамға жеткен.

Сондай-ақ 2026 жылдың басындағы дерек бойынша, елімізде 0-17 жас аралығындағы 6,9 миллион бала бар. Бұл республика халқының жалпы санының 33,6%-ын құрайды.

Оқи отырыңыз