Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?

 El.kz коллажы
Фото: El.kz коллажы

Жаз – демалысқа шығып, жаңа әсер алатын ең қолайлы мезгіл. Бірі теңіз жағасын таңдаса, енді бірі таудың таза ауасында тынығуды қалайды. Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында ел ішінде саяхаттауға қызығушылық артып келеді. Сонымен қатар Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр, Вьетнам және Таиланд сияқты шетелдік бағыттар да сұранысын жоғалтқан жоқ.

2026 жылғы жазғы маусымда Қазақстанда ішкі туризмге қызығушылық айтарлықтай артқан. Ел ішінде демалғысы келетіндер үшін қазір таңдау көп: тау, көл, теңіз, ұлттық парк, емдік курорт, глэмпинг немесе отбасылық демалыс базалары бар.

Қазақстанда қайда демалуға болады?

Елімізде табиғаты ерекше, туристер жиі баратын орындар аз емес. Әсіресе Алматы маңындағы тау кластері мен Жетісу көлдері жазғы маусымда ең көп сұранысқа ие бағыттардың бірі саналады. Мұнда туристер Іле Алатауының салқын ауасы, Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдерінің ерекше табиғаты үшін барады.

Алматыға ұшақпен немесе пойызбен жетуге болады. Ал Шарын, Көлсай және Қайыңдыға көбіне бір немесе екі күндік ұйымдастырылған турлар арқылы барған ыңғайлы. Мұндай турлардың бағасы адам басына шамамен 35 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін барады. Алматыдағы қонақүй немесе хостелде бір түн түнеу орта есеппен 10 мың теңгеден басталады. Ал таудағы эко-қонақүй немесе глэмпингтерде баға 50-90 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Фото: El.kz

Бурабай да жазғы демалыс үшін ең танымал бағыттардың бірі. Қарағайлы орманы, таза көлі мен дамыған демалыс инфрақұрылымы бұл өңірді отбасылық сапарға да, табиғат аясында тынығуға да қолайлы етеді. Астанадан Бурабайға пойыз, электр пойызы, автобус немесе жеке көлікпен баруға болады. Жол шамамен 2,5-3 сағатқа созылады.

Бурабайдағы қарапайым демалыс базалары мен қонақ үйлерде баға 10-18 мың теңгеден басталады. Орта деңгейдегі жақсы қонақүйде екі адамға арналған бір түн шамамен 45-65 мың теңге болуы мүмкін. Ал емдік процедуралары мен толық пансионы бар санаторийлерде баға адам басына 30-70 мың теңге аралығында.

Жазда жағажай демалысын қалайтындар үшін Алакөл – қолайлы таңдау. Бұл көл шипалы суымен, қара малтатасымен және тыныш жағажай демалысымен танымал. Мұнда Алматы, Талдықорған және басқа қалалардан автобуспен, пойызбен немесе маусымдық рейстер арқылы жетуге болады.

Алакөлде жеке сектордағы қарапайым бөлмелер 7-12 мың теңгеден басталады. Ал үш мезгіл тамағы бар орта деңгейдегі демалыс базаларында баға адам басына 18-35 мың теңге шамасында. Премиум деңгейдегі қонақүйлерде бір нөмірдің құны 60 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін.

Фото: El.kz

Маңғыстау да соңғы жылдары танымал бағытқа айналды. Бірі Ақтау маңындағы Каспий жағалауында демалса, енді бірі Бозжыра, Торыш, Шерқала сияқты ерекше табиғи орындарды көру үшін барады. Бұл өңір әсіресе ерекше фото, джип-тур және табиғи ландшафт іздейтін туристерге қызық.

Ақтауға ұшақпен жетуге болады. Қала маңындағы жағажайларға бару оңай, ал Бозжыра немесе Үстірт бағытындағы сапарға жол талғамайтын көлік пен тәжірибелі гид қажет. Ақтауда қонақүй немесе пәтер жалдау шамамен 15-40 мың теңгеден басталады. Ал Каспий жағалауындағы бес жұлдызды қонақүйлерде баға 120 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін.

Табиғатты, тыныштықты және таулы аймақтарды ұнататындар үшін Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма мен Қатонқарағай таптырмас мекен. Бұқтырма су қоймасы жағажай демалысына қолайлы болса, Қатонқарағай ұлттық паркі альпілік шалғындарымен, марал шаруашылықтарымен, таза ауасымен және емдік панталы ванналарымен белгілі.

Бұл бағытқа жету үшін алдымен Өскеменге ұшақпен немесе пойызбен барған ыңғайлы. Одан кейін Бұқтырмаға көлікпен шамамен 2 сағатта, ал Қатонқарағайға 6-7 сағатта жетуге болады. Бұқтырмада үй жалдау 15-50 мың теңге аралығында болса, Қатонқарағайдағы емдік демалыс орындарында баға 35-80 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Шетелде қайда барған тиімді?

Шетелдік бағыттар ішінде қазақстандықтар арасында Түркия әлі де ең сұранысқа ие елдердің бірі. Бұған жылы теңізі, тікелей рейстердің көптігі, қолайлы қонақүйлері мен «бәрі қосылған» демалыс жүйесі әсер етіп отыр. Анталия, Кемер, Белек және Аланиямен қатар соңғы уақытта Ыстамбұлға қызығушылық та артып келеді.

Фото: El.kz

Ыстамбұлға туристер тарихи орындарды аралау үшін ғана емес, қаланың ерекше атмосферасын сезіну үшін де барады. Мұнда Айя-София, Сұлтанахмет мешіті, Топқапы сарайы, Галата мұнарасы сияқты тарихи орындарды көріп, Босфор бұғазы бойымен серуендеуге болады. Соңғы жылдары түрік сериалдарының танымалдығына байланысты түсірілім өткен орындарға арналған экскурсиялар да сұранысқа ие бола бастады.

Қала гастрономиялық туризммен де танымал. Туристер дәстүрлі түрік таңғы асын, кәуап, тандыр етін, балык-экмек, түрік кофесі мен баклаваны көру үшін Эминөнү, Каракөй және Кадыкөй сияқты аудандарға жиі барады. Сонымен қатар Ыстамбұл шопингті ұнататындар үшін де тартымды. Капалычаршы мен Мысыр базарынан кәдесый мен дәмдеуіштер алуға болса, Лалели, Мертер аудандары мен outlet орталықтарынан түрік өндірісінің киімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.

Қырғызстан – жазғы демалыс үшін ең қолжетімді бағыттардың бірі. Мұнда Ыстықкөлдегі жағажай демалысын Григорьевка және Семеновка шатқалдарындағы серуенмен ұштастыруға болады. Қазақстандықтар Қырғызстанға ішкі жеке куәлікпен кіре алады, бұл да сапарды жеңілдетеді. Алматыдан Ыстықкөлге автокөлікпен, автобуспен немесе маусымдық әуе рейстері арқылы жетуге болады. Екі адамға арналған турлар орта есеппен 300-400 мың теңге шамасында болуы мүмкін.

Өзбекстан тарихқа қызығатын туристер үшін жақсы таңдау. Самарқан, Бұхара және Хиуа қалалары Ұлы Жібек жолының рухын сақтаған. Ал Ташкент көне сәулет пен заманауи қала көрінісін қатар ұсынады. Қазақстандықтарға Өзбекстанға бару үшін виза қажет емес, бірақ шетелдік паспорт керек. Қонақүй бағасы бір түнге шамамен 15-35 мың теңгеден басталады.

Грузия да жазғы сапарға қолайлы елдердің бірі. Мұнда Тбилисидегі экскурсиялық демалысты Батумидегі теңіз жағалауымен ұштастыруға болады. Казбеги, Сванетия, Боржоми сияқты таулы және сауықтыру бағыттары да туристерге қызық. Грузияны көбіне табиғат, ұлттық тағам, жайлы атмосфера және қонақжайлық үшін таңдайды.

Әзербайжанға барғысы келетіндер үшін Баку негізгі бағыт саналады. Мұнда Каспий жағалауы, Ичери-шехер ескі қаласы, Flame Towers, Гейдар Әлиев орталығы және Гобустан сияқты орындарды көруге болады. Бұл бағыт ұзақ демалыстан гөрі қысқа қалалық сапарға ыңғайлы.

Мысыр көбіне Шарм-эль-Шейх пен Хургададағы жағажай демалысы үшін таңдалады. Қызыл теңіздің маржан рифтері, all inclusive қонақүйлері және экскурсиялық бағдарламалары туристерді қызықтырады. Екі адамға арналған пакеттік турлар орта есеппен 700-900 мың теңге шамасында болуы мүмкін. Егер Каир немесе Луксорға бару жоспарланса, виза мәселесін алдын ала нақтылап алған дұрыс.

Таиланд пен Вьетнам да теңіз демалысын қалайтындар үшін танымал бағыттар қатарында. Таиландта Пхукет, Паттайя және Бангкок сұранысқа ие болса, Вьетнамда Нячанг, Фукуок, Халонг шығанағы және Ханой бағыттары танымал. Бұл елдерге сапар құны Қазақстан ішіндегі немесе жақын шетелдегі демалыспен салыстырғанда қымбатырақ болуы мүмкін. Орта есеппен екі адамға арналған турлар 1 миллион теңге шамасынан басталады.

Фото: El.kz

Демалысты жоспарлағанда нені ескерген жөн?

Жазғы маусымда ең алдымен бағытты ертерек таңдаған дұрыс. Себебі сұраныс жоғары болған кезде жақсы қонақүйлер мен демалыс базаларындағы орындар тез өтіп кетеді. Әсіресе Бурабай, Алакөл, Көлсай, Ыстықкөл және Түркия сияқты танымал бағыттарға баруды жоспарласаңыз, билеттер мен қонақүйді алдын ала брондаған тиімді.

Сапар алдында жол жүру бағытын, ауа райын, құжаттарды, медициналық сақтандыруды және қосымша шығындарды есептеген жөн. Шетелге шыққанда визалық талаптарды, паспорт мерзімін, елге кіру ережелерін және сақтандыру шарттарын міндетті түрде тексеру керек.

Бағаға да мұқият қараған дұрыс. Бір бағыттың өзінде демалыс құны бірнеше есе өзгеруі мүмкін. Мысалы, қарапайым қонақүй немесе жеке сектор арзанырақ болса, глэмпинг, премиум қонақүй немесе all inclusive форматындағы демалыс әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан тек жол мен қонақүйді ғана емес, тамақ, экскурсия, такси, сақтандыру және қосымша қызметтерді де алдын ала есептеген жөн.

Оқи отырыңыз